Облыстық мәдениет басқармасының мәліметінше, Қазақстанның 2021 жылғы мәдени астанасы – Көкшетау қаласында тұңғыш рет «Үздік экскурсовод» республикалық байқауы өтті. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «30» жұлдызды күн аясында Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған байқауға Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарынан келген 12 білікті экскурсовод қатысты.
Бүгінгі жаһандану заманында еліміздің тарихы мен айбарын халыққа танытып, тәуелсіздігімізді тұғырлы ету жолындағы жоспарлар мен істерді ел ішіне жеткізу маңызды да жауапты міндеттің бірі болып отыр. Осы орайда халқымыздың ғасырлардан тамыр тартатын өткенін, яғни, тарихын халық арасына, кейінгі ұрпаққа таратуда музейлердің маңызы зор. Музей – ғылыми, мәдени-тарихи орталық. Музейлер – бірнеше дәуірдің тарихын, этнографиясын, тарихи тұлғаларын, өнерін жинақы түрде ұрпақтан ұрпаққа жалғап отыратын институт.
Сонымен қатар ол жинақталған мұраны ғылыми түрде зерттеп, зерделеп, халықтың тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін танытып отырады. Осы орайда, музей экскурсоводтарының білім тереңділігі, жан-жақты дамуы маңызы өте зор.
Тәуелсіздіктің мерейтойына арналған байқау «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» арнайы жобасын жүзеге асыру, Қазақстанның киелі жерлерін насихаттау, тарихи-мәдени кеңістікті игеру арқылы музей қызметкерінің мәдени және білім деңгейін арттыру, бойларында патриотизм сезімін дамыту, туған өлкенің тарихы мен мәдениетін құрметтеу мен ұқыпты қарауға тәрбиелеу, экскурсиялық қызметтің дамуына ықпал ету мақсатында ұйымдастырылды.
Құзыретті қазылар алқасының құрамына музеолог, ICOM Kazakhstan комитетінің вице-президенті Нұрсерік Жолбарыс, академиялық доцент, белгілі тарихшылар және қоғам қайраткерлері қатысты.
Байқаудың қорытындысы бойынша Гран-при дипломы және 500 мың теңге сертификатына Валентина Павлик (ҚР Тұңғыш Президентінің тарихи-мәдени орталығы (Теміртау қаласы Қарағанды облысы) иеленді, 1-ші жүлделі орын дипломы мен 300 мың теңге сертификатымен Аягөз Махметова – Мәлік Ғабдуллин музейі (Ақмола облысы), 2-ші орын дипломы мен 200 мың теңге сомасындағы сертификатпен – Айнагүл Заит Көкшетау қаласы тарихы музейі (Ақмола облысы), 3-ші орын дипломы және 100 мың теңге сертификатымен Александр Кургузкин – Рудный тарихи-өлкетану музейі (Қостанай облысы) марапатталды.
Сонымен қатар, «Креативті экскурсовод» аталымы бойынша Әлиасқар Нәбиев – Абылай хан Резиденциясы музей кешені (Солтүстік Қазақстан облысы) иеленсе, «Көрермендер көзайымы» аталымында Айгүл Серікова – М.Тынышпаев атындағы Алматы облыстық тарихи – өлкетану музейі (Алматы облысы) үздік атанды.