– Еліміз дербес мемлекет болғаннан бері ойы еркін, рухы азат тұтас буын өсіп жетілді. Тәуелсіздік перзенттерінің алдыңғы толқыны ержетіп, ел ісіне араласуда. Олар отанымыздың өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосып келе жатыр. Мен егемендік кезеңінде туып-өскен жастарымызға арнайы грант бөлуді тапсырғанмын. Бұл – талапты ұл-қыздарымыздың бастамаларын қолдау үшін жасалған қадам. Қазақта «Жас келсе – іске» деген жақсы сөз бар. Халқымыз жастарға әрдайым зор сенім артып, ерекше үміт күтеді. Ұрпақтың тәрбиелі, білімді және білікті болуына айрықша ден қояды, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев дарынды жастарымыз еліміздің болашағына деген сенімді нығайта түсетінін, олардың туған ел үшін қызмет етуге құлшынысы қуантатынын айтты.
– Мен грант жеңімпаздары ұсынған жобалармен танысып шықтым. Бұл жобалардың көпшілігінде экологияға баса мән берілгенін байқадым. Бұл – өте дұрыс. Өйткені, қоршаған ортаны қорғау – қазір барша адамзат үшін аса маңызды мәселе. Кең байтақ жеріміздің бірегей табиғатын сақтау – бәріміздің қасиетті борышымыз. Жастардың тың идеялары нақты жүзеге асып, халықтың игілігіне айналады деп сенемін. Шын мәнінде, бұл еліміздің мерейтойына Тәуелсіздік ұрпақтарының тартуы болмақ, – деді Мемлекет басшысы.
Президент жастарды қолдау мемлекеттік саясаттың негізгі бағыты екеніне тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев өткен ғасырдың 90-шы жылдарындағы дағдарыс кезінде «Болашақ» атты ауқымды білім бағдарламасының жүзеге асырылғанын және оның Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасы екенін атап өтті.
– Соның арқасында әлемнің үздік жоғары оқу орындарында еліміз бойынша мыңдаған жас білім алды және әлі де оқып жатыр. Олардың көбі Қазақстанның қарқынды дамуына зор үлес қосып келеді. Президенттік жастар кадрлық резерві тиімді әлеуметтік лифтке айналды. Бұл бастама жастардың, өршіл кәсіби мамандардың мемлекеттік басқару жүйесінде өзін тағы бір мәрте дәлелдеуіне мүмкіндік береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар партиялардың сайлау тізіміндегі 30 пайыздық квота Мәжіліс пен мәслихаттарда жастар қатарының көбеюіне ықпал еткенін айтты. Президент жастарды әлеуметтік тұрғыдан қолдайтын жобалар мен бағдарламалардың жүзеге асырылып жатқанына тоқталды.
– Жастарды қолдау үшін тұрғын-үй бағдарламалары және арнайы жобалар жүзеге асырылуда. Мәдениет, ғылым мен білім саласында табысқа жеткен дарынды жастарға мемлекеттік сыйлық берілуде. Бүгінгі іс-шара сіздердің бастамаларыңызды және шығармашылық жоспарларыңызды жүзеге асыруға тың серпін беретініне кәміл сенемін, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі уақытта табысты адам білімді, еңбекқор болу, мақсатқа ұмтылу және белсенділік таныту сияқты қасиеттерімен ғана ерекшеленетінін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев грант жеңімпаздарына жобаларын іске асыруға жақсы мүмкіндік беріліп отырғанын айтты.
– Қазақта «Талаптыға жол бер» деген нақыл сөз бар. Мемлекет жастардың талабын ұштауға барынша жағдай жасап келе жатыр. Атқарылып жатқан ауқымды жұмыстың, реформалардың игілігін сіздер міндетті түрде көресіздер. Жақында Елбасы жастарға терең мағыналы үндеуін жолдады. Өскелең ұрпақ аға буынның үмітін ақтайтыны сөзсіз. Сол үшін әрбір жас бойына тек жақсы қасиеттерді сіңіруі керек, – деді Президент.
Жиын соңында Мемлекет басшысы жасампаз, отаншыл әрі ұлтжанды жастар ғана елімізді өркендете алатынын айтып, жастардың болашақта кәсіби маман, өз ісінің нағыз майталманы болатынына, сол арқылы аға буыннан асып түсетініне сенім білдірді.
Жастар өз кезегінде мемлекеттің қолдауы үшін Президентке алғыс айтты.
Дереккөз: www.akorda.kz