Қоғамдық кеңестер – билік пен халықтың арасындағы жанды байланыс

Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін органдар, жергілікті мемлекеттік басқару органдары, квазимемлекеттік сектор субъектілері өздерінің құзыретіндегі мәселелер бойынша құратын консультативтік-кеңесші, байқаушы органдардың бірі қоғамдық кеңестер болып табылады. Осыған орай, қоғамдық кеңестердің өңірімізде атқарып жатқан жұмыстарынан оқырманды хабардар ету мақсатында Ақмола облыстық қоғамдық кеңесінің мүшесі Сара Баймағанбетованы әңгімеге тарттық.

– Сара Қаржасқызы, жалпы, қоғамдық кеңес қандай мәселені қарастыруы керек? Алдымен, осы қоғамдық кеңестердің құқықтық мәртебесіне тоқталсаңыз?

–Қоғамдық кеңес әлеуметтік маңызы бар мәселелер бойынша азаматтардың пікірін білдіруге шақырылған. Сондықтан, облысымыздың кез келген азаматы жазбаша, ауызша түрде тікелей кеңес төрағасының атына, кеңес мүшесіне өтініш білдіріп, ұсыныспен келе алады. Мәселен, азаматтарды қатты алаңдататын өмірлік маңызы бар сұрақтар болады. Өмір дегенің адамның барлық іс-әрекеттерінен тұрады. Оған қоса, әлеуметтік маңызы бар мәселелер бойынша да бізге өкілеттіктер берілген. Жалпы, 2015 жылдың 2 қарашасында «Қоғамдық кеңестер туралы» алғашқы Заң қабылданды.

Онда кеңес мүшелерінің, бүкіл кеңестің өкілеттіктерінің анықтамалары қарастырылған. Ал, биыл 2021 жылдың 3 қаңтарында кейбір заңнамалық актілерге қоғамдық кеңестердің қызметтік мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы Заң шықты. Бұл заңға қоғамдық кеңестердің бірқатар мәселелерін қатар енгізу арқылы өзгерістер мен қосымша өкілеттіктер қарастырылды. Яғни, бұл біздің құқығымызды немесе қоғамдық кеңес ретінде қандай өкілеттіктерге ие екенімізді растайды. Біріншіден, мемлекеттік органдардың бізге беретін нормативтік-құқықтық актілерін қарастыруымыз керек. Яғни, 2015 жылдан бастап кез келген әкімдік қаулысының жобасына немесе мәслихат шешіміне бағамызды беріп отырамыз. Негізінен, бізге ауыл шаруашылығы, табиғи ресурстар, білім, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік, туризм, дене шынықтыру және спорт саласы, әкімдік қаулылары және мәслихат шешімдері жобалары бақылауға берілген. Олар бізге өздерінің қарастырып жатқан жұмыстарын толықтырып отыру үшін арнайы хат жазып әкеліп тіркетеді.

Міне, осылайша 2015 жылдан бері қоғамдық кеңестің мақұлдауынсыз бірде-бір қаулы, шешім, жоба бекітілмеген. Мемлекеттік органдарда нормативтік-құқықтық актінің жобасы әзірленіп жатыр делік, оларды міндетті түрде қоғамдық кеңестер арқылы келіседі, біздің пікіріміз сұралады. Біз ұсыныстарды береміз, растаймыз. Содан кейін бұл құжаттардың барлығын Әділет департаментіне жинақтап апарады. Мәселен, абаттандыруға байланысты тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бізге көп іс-қағаздарымен жүгінеді. Онда абаттандыру ережелеріне өзгертулер енгізу және тағы басқалары қарастырылған. Бұл біздің бірінші негізгі қызметіміз немесе өкілеттілігіміз десем болады.

– Қоғамдық кеңестегі қоғамдық бақылаудың басқа да формаларына тоқталсаңыз. Еңбекті бағалау мақсатында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Әлбетте, біз негізінен мемлекеттік мекеме басшыларының жұмыстарын тыңдауымыз керек. Олар жарты жыл, 9 ай, бір жылдағы іс-шаралардың қорытындысы туралы есеп беріп отырады. Аудандар өздерiнде бастан-аяқ тыңдау өткізіп, одан соң құқықтық актілерді қарауға ұсынады. Сонымен қатар, коронавирустық пандемияға байланысты вакцинация салу туралы денсаулық сақтау басқармасының басшысы да өз хабарламасын жасады. Бүгінгі жағдайымыз қалай, жалпы екпе алу үшін қанша қаражат қажет, қауіпті індеттің күшейген кезінде қанша адам екпе алғаны баяндалды. Қазіргі таңда біздің емханалар мен дәріханалардың дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуі ойдағыдай. Барлық жасалып жатқан жұмыс барысы айқын көрсетілген. Бізде бір кезде дәрі-дәрмек бағасының шарықтап кеткені, сол себепті, түсініспеушілік болғаны естеріңізде болар. Қалыпқа түскенше, оған да араластық.

Қоғамдық кеңесте бізге берілген үшінші өкілеттік ол – қоғамдық бақылауды жүзеге асыру. Яғни, әлеуметтік-экономикалық өзекті мәселелер бойынша тыңдаулар өткізіледі. Міне, қоғамдық бақылаудың төрт формасы осы. Біз қоғамдық мониторинг, қоғамдық сараптама, қоғамдық тыңдаулар өткізе аламыз. Оның бәрі Заңда қарастырылған. Ал, осы Заңдарға сәйкес қоғамдық бақылауды өзіміз қозғай аламыз. Десе де, кейбір сұрақтарды өзіміз қозғай алмайтын кездер де болады. Мысалы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, «Көкшетау су арнасы», «Көкшетау жылу» кәсіпорындары бойынша сұрақтар жиі туындайды. Әсіресе, жылумен қамтудың қазіргі жағдайы, тарифтер бойынша тыңдау өткізілді. Бұл бағыттағы мәселені өзіміз көтердік. Өйткені, біз алдын ала бір жылға жоспар жасаймыз.

Біз дәл осындай сұрақтарды көтеріп, оған қоғамдық бақылау жағынан адамдарымыз өздері бастамашы болады. Жоспарлы түрде біздің спорт клубтарына, оның ішінде футболға, хоккейге бюджеттен қанша қаржы бөлінеді, ол қалай жұмсалуда деген мәселе қозғалып, 3 қарашада тыңдалды. Бұл салаға арнайы қомақты қаражат бөлінетіні жасырын емес. Әсіресе, футбол клубы жетекшілерді, ойыншыларды сырттан алғанымен, сапасы көңіл көншітпейтіні тағы бар. Яғни, олар жақсы ойын өрнегін көрсете алмай келеді. Жалпы, қаражат құйылған жерде, нәтиже де болуы керек қой.

– Сіз осы қызметтің басы-қасында жүргендіктен, қоғамдық кеңестің мәслихатпен тығыз байланысына тоқталсаңыз.

– Жалпы, қоғамдық кеңестің құрамы мәслихаттың шешімімен бекітіледі. 2015 жылы қабылданған Заңға сәйкес, 2016 жылдан 2019 жылға дейін бір құрам жұмыс істеді, қазір 2019 жылдан 2021 жылға дейін екінші құрам бекітіліп, жұмыс істеуде. 2022 жылдың қысында конкурс өткіземіз. Сөйтіп, 2022-2024 жылдарға жаңа құрам сайланып, ол мәслихат шешімімен ресімделеді. Талап бойынша, қоғамдық кеңестің үштен екісі азаматтық қоғам мүшелері болуы керек. Мысалы, бізге бір топ адам өткен қыс кезінде хатпен жүгінді. Біз дереу комиссия құрдық. Газ шаруашылығына, төтенше жағдайлар департаментіне, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасына және барлық осыған жауапты мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлік субъектілеріне хат жаздық. Бізге мәселемен жүгінген көп қабатты үйдің тұрғынының өтінішінде маңызды мәселелер орын алды. Онда үйдің төменгі қабатында орналасқан дәмханада тамақты газ баллонмен дайындайтынына наразылық білдірілген. Міне, осындай мәселелерді біздің қоғамдық кеңес мүшелері қарап, қорытынды шығарамыз. Өйткені, көп қабатты үйлерде екінші қабаттан бастап газ баллондарын пайдалануға болмайды. Хаттағы жағдайлар, бұл әрине, заң бұзушылық. Міне, осылайша біз тиісті орындарға хабарласып, жұмыстар жүргіздік.

Бізде жаңа заңдар бойынша қосымша өкілеттіктер бар. Біздің жергілікті қоғамдық кеңестер өз отырыстарында құқық қорғау органдары басшыларының есебін де тыңдап отырады. Осындай мақсатпен құқық қорғау органдарының басшылары – полиция департаменті, прокуратура, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі және экономикалық тергеу қызметі басшыларын тыңдап, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының сақталуы туралы жұмыстарына көңіл бөлдік. Қаласақ, қай мемлекеттік органдардан да жазбаша түрде ақпарат сұрай аламыз. Олар жазбаша түрде сол ақпаратты береді.

Мемлекеттік сатып алулар туралы жаңа заңдарға сүйеніп, кеңестің кез келген мүшесі осы комиссияның жұмысына қатыса аламыз. Кез келген мемлекеттік орган мемлекеттік сатып алуды жариялайды делік. Сондай отырыстарға қатыса алатын, сол конкурсты қадағалайтын мүмкіндігіміз мол. Жуырда мемлекеттік кірістер департаментінің атқарған жұмысын тыңдадық. Онда бюджетті салық төлемдерімен толықтыру жұмысы егжей-тегжейлі сөз болды. Демек, бізде мемлекеттік құпиядан басқа кез келген сұрақ туындауы мүмкін екенін көріп отырсыз. Әлеуметтік-экономикалық мәселелерге, субсидияларға қатысты да сұрақтар қозғалады.

– Сонда қоғамдық кеңес өз жұмысын қандай әдіс-тәсілдермен жүзеге асырады? Мәселен, оның құрамында мәслихаттағыдай белгілі бір комиссиялар жұмыс істей ме?

– Дәл солай. Өткен жылдан бері біздің қоғамдық кеңес төрт комиссияға бөлінген. Ол Заңда да қарастырылған. Біздер қоғамдық кеңес болғандықтан, барлық комиссия мүшелері тегін жұмыс істейді. Егер мәслихат солай деп шешсе, келісім бойынша хатшыларына еңбекақы төлеуді қарастырады. Яғни, әр қоғамдық кеңесте өзінің хатшысы болуы керек. Осының бәрі жоғары жақпен ақылдасу арқылы шешімін тауып отырады. Бүгінде экономика және бюджеттік комиссия, әлеуметтік мәселелер жөніндегі комиссия, заңдылық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссия, аграрлық мәселелер, инновациялық даму және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мәселелері жөніндегі комиссиямыз бар. Осылай төрт бағытта жұмыс істеп келеміз. Тағы бір айтарым, ауыл шаруашылығы саласындағы түйткілді мәселелер де тыңдалды. Шаруаларды субсидиялау туралы кеңейтілген жиын өткізіп, олардың мәселелерін шешу мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігіне хат жолдадық. Бір өкініштісі, бұл сұрағымызға жауап болмай, әлі де Ауыл шаруашылығы министрлігіне бірнеше мәрте қоңырау соғудамыз. Министрліктер мен мемлекеттік органдарға хатты Ақмола облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы Сағынтай Елубаевтың қолымен пошта арқылы жібереміз. Портал арқылы шығу үшін оның электрондық сандық қолтаңбасы (ЭСҚ) болуы керек. Сондықтан, бұл мәселе ұзаққа созылып кетеді. Мемлекеттік органдар біздің жауаптарымызды жиі кешіктіреді. Осы тұрғыда, «Көкшетау жылу», «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы», «Су арнасы» мекемелерінің жауапсыз жұмыс істейтіні де жасырын емес. Бұл біздің отырыстарымызға қаралатын мәселелерді уақытында дайындауға қиындықтар тудыруда. Дегенмен, сонда да «Көкшетау жылу» мекемесінің маңызды мәселелері бойынша екі сағат тартысты отырыс болып, онда өзекті жайлар сөз болды. Жалпы, біз осылай халықтың пікірімен санаса отырып, көптеген басшылардың есебін тыңдап, билік пен қоғам арасындағы байланыстың бір жанды көпірі ретінде жан-жақты жұмыс істеп жатырмыз.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбатты жүргізген Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар