Ақмола облыстық Мағжан Жұмабаев атындағы әмбебап-ғылыми кітапханаға облыстық кітапхана мәртебесі берілгеніне 75 жыл толуына орай «Тәуелсіз елдің замануи кітапханасы» атты облыстық форум өтті.
Кітапхана ұжымын Ақмола облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы А.Сәбитова, жазушы, қоғам қайраткері, «Ақмола-«Тіршілік» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Ж.Ерғалиев, «Қоғамдық келісім» мекемесінің директоры Е.Нұғыманов, «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Б.Смағұл, мемлекеттік тілді оқыту орталығының директоры Қ.Төлекеев, М.Ғабдуллин музейінің директоры Т.Ыбыраев, тағы басқалары құттықтады.
Үлкен экраннан Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының директоры, Қазақстандық кітапханалар одағының төрайымы Бақытжамал Оспанованың, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Қорғанбек Аманжолдың, «Арда+7» баспасының директоры Асқар Алтайдың, «Қазығұрт» баспасының директоры Темірғали Көпбаевтың, аудандық кітапханалар ұжымдарының жылы лебіздері тыңдалды.
А.Сәбитова кітапхана жүйесінде ұзақ жылдар еңбек еткен зейнеткерлер Қазима Мүрсәлім мен Нина Дикановаларға «Кітапхана саласының ардагері» төсбелгісін, осы кітапхана қызметкерлері Гауһар Әбдірахманова мен Бостангүл Ермановаларға және Жақсы ауданының кітапханашысы Айгүл Қайдауыловаға «Кітапхана саласының үздігі» төсбелгілерін, директордың орынбасары Галина Савенковаға Мәдениет және спорт министрлігі атынан балалар мен жасөспірімдер әдебиетін дамытуға қосқан үлесі үшін Алғыс хат табыстады. Сондай-ақ, басқарма басшысы өз атынан Гүлнәр Баймағамбетова, Аяулым Серкенова, Әсем Жұмаділова, Жанаргүл Қажымұхан, Марал Әлжанова, Гүлнәр Шоғырмақова, Нысангүл Мағдиева сияқты бірқатар озат кітапхашыларды Алғыс хаттармен марапаттады.
«Ақмола-«Тіршілік» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, жазушы Ж.Ерғалиев «Ақмола облысының үздік оқырман отбасы-2021» байқауының жеңімпаздарын марапаттап, үшінші дәрежелі диплом мен сыйлықты Біржан сал ауданының тұрғыны Ғайша Айтжановаға, екінші дәрежелі диплом мен сыйлықты Бурабай ауданының тұрғыны Белгібай Хасеновке, бірінші дәрежелі диплом мен сыйлықты Аршалы ауданының тұрғыны Нұрбол Бекжановқа табыс етті.
Кітапхана директоры Қ.Мырзабек М.Жұмабаев атындағы ғылыми-әмбебап кітапхананың құрылу тарихы, атқарған жұмыстары, бүгінгі күн талабына сай технологияларды пайдалана отырып, сандық форматқа көшу процестері, алдағы жұмыс жоспарлары туралы баяндап, барлық құттықтаушылар мен қатысушыларға, бүгінгі форумды өткізуге демеуші болған облыстық адвокаттар алқасы тәртіптік комиссиясының төрайымы, адвокат Г.Есенова, «Атамекен» облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы Іскер әйелдер кеңесінің кәсіпкері Г.Құсайын, «Цветы от склада RBZ» директоры К.Киргабакова, «Сбербанк» акционерлік қоғамы филиалының директоры Ә.Махмудоваларға алғыс айтты.
Мерекелік шараға қатысушыларды Краснояр ауылындағы «Көкше» мәдениет үйінің «Көкше» квартеті патриоттық әндерімен тәнті етті.
Серік Сапарұлы,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.