Тәуелсіздік салтанатының қуанышты шеруі

«Көкшетау» мәдениет сарайында (9 қараша 2021 жыл) болып өткен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған салтанатты шарада Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев құттықтау сөз сөйлеп, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен егемен еліміздің қол жеткізген табыстары жайлы және Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізді дамытудың төртінші онжылдығының алға қойып отырған міндеттеріне тоқталып, елдің бірлігін нығайтып, әлеуметтік-экономикалық дамудың қарқынын арттырудағы ақмолалықтардың қол жеткізген табыстарына тоқталып өтті.

Жиында облыс әкімі Мемлекет басшысының Жарлығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық, мәдени дамуына қосқан үлесі үшін марапатталған бір топ ақмолалықтарға мемлекеттік наградаларды тапсырды. Сонымен қатар, Ұлы Отан соғысының ардагері Асылбек Жазиұлы Дәулетов пен Токио паралимпиадасының алтын медаль иегері, әлем чемпионы, жерлесіміз Давид Дегтеровке «Ақмола облысының құрметті азаматы» атағы берілді.

Салтанатты жиынға қоғам және мемлекет қайраткерлері, облыстың, қалалары мен аудандарының басшылары, өңіріміздің зиялы қауым өкілдері мен еңбек адамдары қатысты. Еліміздің ұлық мерекелерінің бірі –Тәуелсіздік күніне арналған іс-шара басында жиналған қауым назарына тәуелсіздік жылдары қол жеткізген табыстар, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың салиқалы саясаты паш етілген бейнеролик көрсетілді. Салтанатты шараның шымылдығы асқақ әнмен ашылып, сұлу әуен мерекенің ажарын ашып, шашу болып шашылды. Бұдан кейін сахнаға облыс әкімі Ермек Маржықпаев көтеріліп, еңбекте ерекше көзге түскен бір топ ақмолалықтарға наградалар тапсырып, құттықтау сөз сөйлеп, жылы лебізін білдірді.

– Ұлық мереке – ел тәуелсіздігінің 30 жылдығымен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Бұл байтақ еліміз үшін теңдесі жоқ тарихи күн. Бабаларымыз армандаған тәуелсіздікке қол жеткізген атаулы мереке. Тәуелсіздік алған отыз жыл ішінде Қазақстан келешегі кемел, болашағы бекем, қуатты мемлекетке айналып отыр. Еңсемізді көтерген егемендікті алу жолында Елбасының ерен еңбегі мәңгі ұмытылмайды.

Бүгін еліміздің Премьер-Министрі Асқар Ұзақбайұлы Мамин Ақмола облысына жұмыс сапары барысында облысымыздың Тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген жетістіктері мен еліміздің өркендеу жолына қосқан үлесін атап өтті. Сондай-ақ, мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі үшін Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен бір топ ақмолалықтарды мемлекеттік наградалармен марапаттады.
Біздің еліміз жұлдызды отыз жыл ішінде қарқынды дамып келеді. Осы үрдісті келешек ұрпақ та абыроймен жалғайтынына сеніміміз мол, – деді өңір басшысы. Салтанатты шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

 548 Total Views,  2 Views Today

By admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар