Ассамблеяның Мәжіліс депутаттары Көкшетауда болды

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Қазақстан халқы ассамблеясынан сайланған бір топ депутаттары Ақмола облысына ат басын тіреп, халықтың жағдайымен танысты.

Халық қалаулылары Шамиль Осин мен Айгүл Жұмабаева Сандықтау, Бурабай аудандары мен Көкшетау қаласында болып, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының мүшелерімен, жастардың қоғамдық бірлестіктерінің жетекшілерімен, педагогтармен, мектеп және колледждердің білім алушыларымен, ауыл шаруашылығы қызметкерлерімен кездесті.

Депутаттардың дәстүрлі жұмыс сапарларының басты мақсаты – аймақтарға шығып, сайлаушыларымен кездесу, халықтың көкейінде жүрген өзекті мәселелерін біліп, жетістіктерін көру, тұрғындардың қызықты ұсыныстарын тыңдап, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру, яғни, ел азаматтарымен бетпе-бет кездесіп, олардың мұң-мұқтажын тыңдау. Жер-жердегі кездесулерде олар Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІХ сессиясында болашақта мемлекеттің саясаты мен ұлттық бірегейлігіне негізделген 5 бастаманы көтергенін, атап көрсетілген бастамаларды негізге ала отырып, әрі қарайғы жұмыстарының стратегиялық бағыттарын анықтау үшін Қазақстан халқы Ассамблеясына тапсырма бергенін атап өтті.

–Біздің бұл жұмыс сапарларымыз ақпараттық-түсіндірмелік сипатта өрбиді. Елді мекендерде тұрғындармен кездесіп, Қазақстан халқы Ассамблеясының жалпы стратегиялық жұмыстарын нақтылап, таныстырып жүрміз, – деді Шамиль Осин.

–Біз тұрғындармен дәстүрлі кездесулерде баяндамалар оқығаннан гөрі, олармен жақын әңгімелесіп, көкейіндегі сауалдарына жауап беріп, жақын қарым-қатынас орнатуды дұрыс көреміз. Сондықтан, сіздердің мәселелеріңізді, ұсыныстарыңызды белгілеп алып, болашақта осы бағыттағы жұмыстарды ұйымдастыруда тиімді пайдаланамыз, –деді Айгүл Жұмабаева.

Кездесуде ақмолалықтар Қазақстанда қаншама өзге ұлт өкілдері тұрып жатқандықтан, олардың мемлекеттік тілге деген құрметін арттырып, қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту, отбасы құндылықтарын насихаттау, мемлекеттік қызмет көрсету процестерін оңтайландыру, ауыл шаруашылығы саласындағы субсидиялау, интернет байланысының сапасы, әсіресе, ауылдық аймақтардағы байланыс жүйесі, жұмыспен қамту, соның ішінде жастардың жұмысқа орналасуы секілді келелі мәселелер көтерілді.

Соның ішінде Көкшетау қаласы мәслихатының депутаты Әсет Байжоловтың Қазақстанға оқуға келетін шет ел студенттеріне арналған мемлекеттік тілді үйретудің бір жылдық курсын ұйымдастыру қажет деген ұсынысы орынды болды.
Кездесу соңында Мәжіліс депутаттары бірқатар ақмолалықтарға Қазақстан халқы Ассамблеясының атынан алғыс хаттар табыс етті.

Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар