Президенттің «Сүйінші» сыйлығы мен құттықтау хаты табыс етілді

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында 16 желтоқсан күні елімізде 2 мыңнан астам бала дүниеге келген. Мереке күні дүние есігін ашқан әрбір сәбиге Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан құттықтау ашық хаты, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай шығарылған естелік монета және баланың туу туралы куәлігі және сәбиге арналған «Сүйінші» сыйлық қораптары табыс етілді.

Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының берген мәліметіне сүйенетін болсақ, 16 желтоқсан күні Көкшетау қаласында 16 сәби дүниеге келген екен. Міне, жаңалық! Қазақ ежелден ырымшыл халық емес пе. Сәбилі болған отбасы иелерінің шаттығына ортақтасқан қауым қос бірдей қуаныштың тұспа-тұс келгенін жақсы ырымға балауда.

Облыс орталығы, Көкшетау қаласының тұрғыны Әйгерім Искакованың өзі тәуелсіздіктің құрдасы екен. Тәуелсіздіктің құрдасы тәуелсіздік күні сәбилі болғанын қараңыз. Керемет сәйкестік, мұның өзі зор қуаныш қой! Әйгерім де дәл осы күні екінші перзенті, көз қуанышы, қызғалдақ гүлі Азизаның дүниеге келуін бақытқа балап отыр. Осы бір мерейлі күні Ерболат пен Әйгерімнің шаңырағына қуаныштарына ортақтасып арнайы құттықтай келген «Азаматтарға арналған үкімет» Ақмола облыстық филиалының директоры Бауыржан Ерімбетов пен «Қазпошта» акционерлік қоғамының Ақмола облыстық филиалының директоры Қайрат Бекенов отбасы иелеріне Ел Президентінің құттықтау ашық хатымен арнайы сыйлығын табыс етіп, жылы лебіздерін білдірді.

Сәбидің шат күлкісіне бөленген шаңырақ иелері де өз кезегінде ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлына алғыстарын білдіріп, қуаныштарына ортақтасып жатқан барша қауымға ақ тілектерін айтты.

– Мен тәуелсіздіктің құрдасымын. Біз бақытты ұрпақпыз. Аллаға шүкір, бейбіт күннің аясында бейқам тіршілік кешудеміз. Балаларымның да бақытты, ғұмырлы болғанын қалаймын, –деп бастады әңгімесін Әйгерім.
– Негізгі мамандығым – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Көкшетау қаласындағы Ж.Мусин атындағы қазақ педагогикалық колледжінің түлегімін. Бала тәрбиесіне дейінгі демалысқа шықпас бұрын, Айыртау ауданында еңбек еттім.

Әрине, мен үшін отбасы құндылықтарының маңызы зор. Себебі, өз басым тіл маманы болғандықтан ұшқан ұя, өнген орта, туған жер, ұлы Отанның бағасын жіті ұғынамын. Сондықтан да, жүрегіммен жалғасқан періштемнің дәл тәуелсіздік күні дүниеге келуі мен үшін ерекше әрі баға жетпес бақыт деп есептеймін.

Қызымыз Азизаның алдағы уақытта болашағы жарқын, келешегі кемел болатынына сенімім зор. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан құттықтау ашық хатын алу біз үшін зор мәртебе. Осының барлығы Мемлекет басшысының өскелең ұрпақтың болашағына бей-жай қарамайтындығын, жас өрендердің жолы даңғыл екендігінің бір айғағы. Осы орайда, аналар мен балаларға барынша қолдау, көмек көрсетіп отырған ел Президентіне алғысым шексіз, – дейді Әйгерім.

Тәуелсіздіктің арайлы ақ таңында шыр етіп дүние есігін ашып, шаңырақты шаттыққа бөлеген Азиза қызымыз бақытты, ғұмырлы болсын! Бақытты ұл-қызы бар елдің де болашағы жарқын ғой, қашанда!

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.
Суретте: Мереке күні дүниеге келген Азиза сәбидің ата-анасы Ерболат пен Әйгерімнің «Сүйінші» сыйлық алғандағы қуанышты сәті.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар