Аңдаусызда құлататын іргеңді,
Ажал шіркін, жылатпаған кімдерді.
Өлім түгіл өкпеге де қимайтын,
Жан едіңіз кие тұтқан күллі елі.
Басқа салса, шара бар ма, жазмыш,
Бәке, сізге «қош» дейтұғын күн келді.
Тауысқасын пәни-дүние бақ-дәмін,
Абайсызда ана жаққа аттандың,
Қош айтысып қалайын деп өзіңмен,
Аспан бүгін жіберіпті ақ қарын.
Ажал ауыр қашан дағы пендеге,
Қамықпасын, қайғырмасын ел неге?
Кете бардың шежіресін, тарихын,
Ерейменнің жазып алып кеудеңе.
Сырымды айтам қалай енді басқаға,
Мұңымды айтам қалай енді басқаға?
Кім бар десе, Ерейменде бетке ұстар,
Балпаң басып шығушы едің, жақсы аға.
Азаматқа айбар берер нар тұлға,
Қайғыруда қалың орман – халқың да.
Сізді ұмыту мүмкін емес, себебі,
Іздейтұғын Ереймен бар артыңда!
Мұң торласа мына тұрған ел өңін,
Ауыр қаза екеніне сенемін.
Қош, Ағатай, қияметке оң сапар,
Бізді мәңгі рухыңмен жебегін!
Сайлау БАЙБОСЫН.