Өнегелі өмір өрімдері

1932 жылдың 10 қаңтары. Айнала ақ қар. Үскірік аяз. Буырқана соққан боран бет қаратпайды. Көкшетау мен Айыртаудың ит тұмсығы өтпейтін қалың орманының бауырында аш қасқырдың ұлыған дауысы естілетін тәрізді. Әлдеқайдан іңгәлай жылаған сәбидің де дыбысы құлаққа келгендей болады. Орманды алқаптың қойнауындағы Жолдыбай ауылында шыр етіп дүние есігін ашқан нәрестенің үні еді бұл. Ауыл ақсақалы Тоқсанның шаңырағында Әбдірахманның бәйбішесі Дәмет Қазыкенқызы тағы бір ұлды жарық дүниеге әкелді.

Сол тұста қуаңшылық белең алып, малынан айырылғандар көп болды. «Аштықтан адамның тәнімен қоса, жаны да азып, есі кетті. Адамгершілік жоғалды. Адам баласы хайуаннан да жаман болып кетті…», – деп Алаш арыстарының көсемі Ахмет Байтұрсынұлы өз мақалаларында аштықтың зардаптары жайында талай жазған еді. Сан мыңдаған адамды қармағына ілген аштықтан Жолдыбай ауылының халқы сәл болса да ес жиып жатқан кезі… Боран соққан күні туғандықтан, Әбдірахман сәбиіне Боранбай деген есім беріп, қолдағы барымен кішігірім шілдехана жасайды. Әйтпесе, елде аштық болмағанда Малғара мен Әділ балуандардың ұрпақтары ұлан-асыр той жасап, көкпар тартып, ат шаптырар еді… Балуан күрестіріп, алтыбақан құрар еді…

Әбдірахман Тоқсанұлының табиғаты мен жан дүниесінде саятшылықтың қасиеті ерекше дарыған. Қазақ баласының маңдайына біткен қиындықтарды ауыздықтап, онымен күресуге сәл болса да өз үлесін қосу үшін саятшылықпен айналысып, аштықтың қармағына іліккен жерлестеріне көмек қолын соза білді. Одан кейін Ұлы Отан соғысы жылдары мал баққан көршілес аудандарда қасқырлар қаптағанда Әбдірахман атай жыртқыштардың зәре-құтын кетірген екен. Ататынын мылтықпен атып, атпағанын қақпанға түсіріп отырған. Сондай қытымыр аязды күндердің бірінде Әбдірахман атай колхоз кеңсесінің жанындағы бағанаға тайыншадай бір итті байлап қойыпты. Ұшқын шашқан көздері иттің жанарына мүлдем ұқсамайды. Ырылы да бөлек. Тым өжет. Қасқырдан жапа шекпеген тұрғын жоқ. Көрген адам байлауда тұрған қасқырды бірден танып жатты. Әрі оны тірідей әкеп, байлаған Әбдірахман атайға таңданыпты. Қасқырды біраз қызықтаған балалар да Әбекеңнің бұл қылығына сүйсініп, жанынан шықпай, қасқыр мен түлкі туралы түрлі әңгімелерін тыңдаумен болған екен.

Боранбай үш жасқа аяқ басқан шағында анасы Дәмет жарық дүниенің есігін мәңгіге жабады. Тұл жетім қылған тағдырға дауа бар ма?.. Кішкентай Боранбайдың бұғанасы қатып, буыны бекімесе де, апасы Мәфтуха, ағалары Нұрпейіс, Зейнолланың қамқорлығын көріп, қарындасы Қалимамен бірге өсіп-жетіледі. Мәфтуха үй шаруасына келгенде пысық әрі алғыр болса, ер адамға қатысты қара жұмыстарды інілері әкесімен бірге тындырып отырған. Осылайша көпті көрген әке балаларын шаруаға келгенде тыңғылықты болуына ден қойып тәрбиелеген.

Қазақ халқының басынан тар жол, тайғақ кешулі күрделі кезеңдер өтіп жатты. Ашаршылық, саяси қуғын-сүргін, колхоздандыру, кәмпеске сынды озбырлықтан жапа шеккен халықтың сана-сезімі жұтаңдағанын жақсы түсінген Әбдірахман балаларының білім алуына жан-жақты жағдай жасады. Жолдыбай ауылындағы 4 сыныптық мектепке бесеуін де берді. Кейін Боранбайды көршілес Қызылсая ауылындағы мектепке ауыстырып, әпке-ағаларына Көкшетау қаласындағы білім ошақтарының бірінде оқуларын жалғастыруларына мүмкіншілік жасады. Ана аманатын арқалап, балаларының мүддесін өзінен жоғары қойған Әбдірахман әкей әйелінің қастерлі бейнесін, ақ жаулықты киесін сақтай алды. Десе де, тағдырдың жазғаны ма, күндердің бірінде жүрегі мейірімге толы, сыпайылықты жанына серік еткен Дәмелі Сәрсенбайқызына кезігіп, қара шаңырақтың түтінін түтетеді. Туған анасындай жанашырлық танытқан Дәмелі Әбдірахманның ұлдарын бауырына қысып, қызын жетелеп, жанына жақын тарта білген.

Уақыт өте өз замандастары арасында Боранбай ынталылығымен, жігерлілігімен ерекшеленген жеткіншекке айналады. 17 жасқа келген бозбала Қызылсаядағы орта мектепті бітірісімен, 1949 жылы елдегі ауыл шаруашылығын электрлендіруде үздік білім беретін жоғары оқу орындарының біріне оқуға түседі. Ол кездері Алматының қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтының электротехника факультетіне екінің бірі түсе бермейтін. Іргелі оқу ордасының қабырғасында жүріп, Мәскеу, Ленинград қалаларынан Қазақстанға қоныс аударған ғалымдар мен профессорлардан білім нәрімен сусындайды. Үздік оқығаны үшін арнайы стипендияға да ілігеді. Ағасы Зейнолла да Боранбай секілді студент еді. Олардың аз-кем стипендиялары неге жетсін?..

Сол кездегі Көкшетау облысының Айыртау ауданындағы Тереңкөл ауылдық мектебінде ұстаздық еткен апасы Мәфтуха мен ағасы Нұрпейіс інілерінен қаржылай көмек көрсетіп, қолдауларын еш аяған емес. Алпысты алқымдаған Әбдірахман атай да балаларына қашанда қамқор болып, ақылы мен пайымын айтып отырған.
Институттағы оқуын 1954 жылы ойдағыдай аяқтаған Боранбай Көкшетауға оралды. Жаңа өмірге қадам басқан шағы Қазақстанда тың және тыңайған жерлерді игеру науқанына дәл келді. Елде қолға алынған ауқымды істе электр желілерімен қамтамасыз ету де аса маңызды жұмыстардың бірі еді. Салмақты да жауапкершілігі мол жұмыстан қорықпай, керісінше, жең түре кірісіп кеткен Боранбай білімділігі мен тапқырлығы, дарындылығы мен өжеттілігінің арқасында күрделі жұмысты абыроймен атқара білді.

Ел игілігі жолындағы еңбегі бағаланып, 1959 жылы Көкшетау облыстық электр желілері басқармасының күрделі құрылыс бөлімін басқарып, жоғары вольтты тоқ кернеулерінің тартылуына сүбелі үлесін қосты. Мәселен, көппен бірге дизельді электр станцияларының қатарын азайту мақсатында тоқ көзін беретін қондырғыларды көбейтіп, 1963 жылы Петропавл-Көкшетау электр жолын іске қоса алды.

Тәжірибесі нығая түскен Боранбай бүкілодақтық дәрежедегі жобаны іске асыруға да қатысады. Яғни, 1970 жылы Ленинград қаласына аттанып, 1 миллион 150 кВт жоғары кернеулі тоқ бойының құрылысының жобасын жасап, оны пайдалануға береді. Абыроймен атқарылған іс қашанда өз жемісін берері сөзсіз. Ардақты азаматтың ерлікке пара-пар ісі қызметіне әсер етіп, оның жоғарлауына да сеп болады. Көкшетау қаласына оралысымен Боранбай облыстық электр желілері басқармасы бастығының орынбасары лауызымына тағайындалып, бұл қызметте 1973 жылдан бастап өмірінің ақыр соңына дейін зор еңбегін сіңіреді.

Міне, халықтың игілігі жолында шамнан жарық жаға білген жанның бірі – Боранбай Әбдірахманов. Қабілетті шебердің басшылығымен колхоздар мен совхоздарға, елді мекендерге электр желілері тартылды. Алғашында көшелер мен орталық алаңдарға тартылған электр желілері қоғамдық-мәдени ошақтарға, өндіріс нысандарына, тұрғын үйлерге тоқ жүргізіп, халық өмірінің айырылмас бөлшегіне айналды. Боранбайдың осылайша еліміздің экономикалық, әлеуметтік, ауыл шаруашылығы, құрылыс, өндіріс, ғылым және білім салаларының қарқынды дамуына, еліміздің өзге мемлекеттермен терезесі тең болуына сүбелі үлес қосқанын ешкім жоққа шығара алмас.
Атағы Арқа өңіріне жайылған Боранбай Әбдірахмановтың есімі баршаға танымал. Сондықтан болар, кеңес дәуірінде өңірдің энергетика саласын өрге сүйрей білген шеберден тәлім алу – кез келген жас маманның арманы еді. Сол мүмкіндікке қолы жеткен әріптестерінің қатарында Жақсылық Дәуітбаев, Ғабдолла Сақыпов, Амантай Күдерин, Василий Матасов, Надежда Мустаева, Вячеслав Егоров, Владимир Гречанниковтар бар. Кейін олар да елдің энергетика саласында ерен еңбек еткен жандарға айналды.

Ажал айтып келмейді. Оған қарсы келер шама жоқ. 1985 жылдың 25-ші сәуірінде Боранбай Әбдірахманұлы 53 жасында дүниеден өтеді. Қажыр-қайраты толысып тұрған шағы еді… Әттең, дейсің де қоясың!
Боранбай ағамыз еңбекқорлығының арқасында өз ісінің майталманы ғана емес, сонымен қатар, аяулы жар, ардақты әке, адал дос, қамқоршы аға, жанашыр бауыр да бола білді. Шаңырағының керегесін кеңейтіп, босағасын берік ете алды. Сүйікті жары Сақина Әмірбекқызы Аппасовамен бірге 29 жыл бақытты ғұмыр кешті. Бес қыз, бір ұлды тәрбиелеп өсірді. «Қыз – өмірдің қызғалдағы», – деп Боранбай ағамыз алтындай ардақты қыздарын құлпырған әдемі гүлдерге теңеп өткен. Бұл қылығымен ардақты әке барша жамағатқа қыздарын сыйлап, аялап өсіруге, жағадағы құндыздың ертең жат жұрттық боларын түсінуге шақырғандай…

Қазіргі таңда өмірде өз орындарын тауып, абыройлы еңбек етіп жүрген ұл-қыздары әке болмысын әрдайым еске алып отырады. Әсіресе, Боранбай ағамыздың ең үлкен қызы Бекзат Жақашева жайлы жазбай өтпеске болмас. Ол орыс жазушысы Анастасия Цветаеваның «Қарттық және жастық» повесіндегі кейіпкерлердің бірі. Атақты жазушы өз жазбасында бір кездері Көкшетау қаласында мекен еткенін, қазақ отбасы Әбдірахмановтармен көрші тұрып, 9 жастағы ақылды әрі сүйкімді қыз Бекзат жайындағы естеліктерін, көп ұлтты отбасылардың достығын суреттеген. Бүгінде Бекзат апа өмірлік серігі Төлеген Шемретұлы Жақашевпен бірге емшілік қасиеттері арқылы халыққа ем жүргізіп, ыстық ықыластарына бөленіп келеді.

Боранбай ағамыздың көзі тірі болғанда Сақина жеңгей екеуі балаларынан тараған 16 немеренің, 14 шөберенің қызығын көріп отырушы еді. Сақина Әмірбекқызы өңірдің ең ірі Комсомолдың 40 жылдың атындағы тігін фабрикасында 35 жыл тігінші-моторист болып еңбек етеді. Осы аралықта Көкшетау қалалық Кеңесінің депутаты, Қазақстан коммунистік партиясы XIV съезінің делегаты, Кеңес Одағының коммунистік партиясы XXVI съезінің делегаты, облыстық партия комитетінің мүшесі, Қазақстан коммунистік партиясы Орталық комитетінің мүшесі болған.

Боранбай ағамыз сүйікті жарының орны отбасы, ошақ қасында деп шектеулерді қоюдан аулақ болған. Керісінше, бейне бір қанатты құстай еркін самғауына жағдай жасады. Сүйікті жарының мәртебесін жоғары қойып, қолдау көрсетіп, білім алуын, қызметте өсуін, жетістікке жетуін тіледі. Қайырымды ісін бағалаған Сақина жеңгей уақытын жүйелі жоспарлап, барлық ісіне үлгере білген. Жақсы жар, аяулы ана болу міндетінен еш тайған емес.
Бүгінде ардақты жеңгеміздің төсінде ерен еңбегі үшін берілген ордендер мен медальдар жарқырайды. Жіктеп айтар болсақ, «Қызыл Ту», «Құрмет Белгісі» ордендері, «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері», І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» медальдарымен қоса, тәуелсіздік алған жылдары да тағылған «Күміс алқа», «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 65 жыл», «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 70 жыл» медальдары, 2013 жылы 25 желтоқсанда берілген «Көкшетау қаласының құрметті азаматы» атағы да бар.

Бүгінде 85 жасқа келген Сақина жеңгей осындай жемісті еңбектердің барлығына Боранбай ағамыздың арқасында жеткенін әрдайым айтып отырады. Жарына деген ризашылығы шексіз кейуананың сый-құрметі әлі күнге дейін ерекше.

Тарихымызды таразылап, өңірге еңбегі сіңген ерлердің есімдерін бүгінгі ұрпаққа жеткізу жауапкершілігі мол міндет. Елді электр қуатымен қамтамасыз ету жолында ерен еңбектің үлгісін көрсеткен қайраткерлерімізді тек қана атаулы күннің аясында ғана емес, үнемі жадымызда ұстай білу парыз. Бұл – әрбіріміздің азаматтық борышымыз. Себебі, Боранбай Әбдірахмановтай абзал азаматтың еселі еңбегі мен өнегелі өмірі бүгінгі және ертеңгі ұрпаққа үлгі.

Егер алыс жолға шыға қалсаңыз, Арқа жеріне бір көз тастаңызшы. Құстың қос қанатындай жайылған жоғары кернеулі бағандар еріксіз, айдын көлде қалықтап жүзген аққулардай көрінеді. Сол бағандар арқылы Боранбай ағамыздың өзі бізді алдан жиі демеп тұрғандай.

Айгүл Бекетқызы,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерде: Боранбай Әбдірахманов; СОКП XXVI съезінің делегаты Сақина Аппасова республика және облыс басшыларымен бірге Мәскеудің Қызыл алаңында.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар