Жаңа жыл мейрамының қызығы мен қатері – пиротехника

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Нұрлан Атығаев өткен аптада орын алған төтенше оқиғалар және пиротехникалық тауарды пайдалану ережесі туралы айтып берді.

– Өткен аптада облыс аумағында 17 төтенше жағдай тіркелді. Оның 16-сы тұрмыстық өрт және біреуі автокөліктің жануынан болған. Осының салдарынан 3 адам қаза тапты,–деді полковник. – Биылғы жылдың 16-18 желтоқсанында тұрмыста өрт қауіпсіздігі ережесін бұзудың салдарынан Целиноград, Бурабай аудандарының аумағында екі адамның өлімі тіркелді. Олардың біреуі 1981, екіншісі 1986 жылы туған. Екеуі де масаң күйде болғанын атап өткен жөн. Жыл басынан бері облысымыздың аумағында болған өрт кезінде 26 адам қайтыс болды. Оның 20-сы спирттік ішімдік ішкен болып шықты. Бүгінгі күні облыс аумағындағы өрт жағдайы тұрғындар тарапынан ерекше назарды қажетсінеді. Жаңа жыл мерекесінде ерекше сақтық таныту қажет.

Мұндай өрттің көбі тұрғын үй секторында болатынын атап өткен жөн. Бұл мемлекеттік өрт бақылау саласының көзқарасы бойынша реттелмейтін жағдай болып отыр. Статистика бойынша Ақмола облысында өрттің 70 пайызы тұрғын үйлерде болады. Жаңа жыл мерекесі күндері бұл цифр 85 пайызға дейін өседі. Жалпы тойлау кезінде өрт саны күрт өседі. Мұны адамдардың көңіл-күйімен түсіндіруге болады. Азаматтар жұмыстан шаршағанын ұмытқылары келіп, ішімдік ішеді. Сөйтіп, олар мереке кезінде қырағылығын азайтады. Жаңа жылды қарсы алу өрт тәрізді қайғы-қасіретке ұрындырмас үшін пиротехникалық өнімді пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережесін сақтау қажет,–деді департамент бастығы.

Петард, фейерверктер, бенгаль отын сатып алу кезінде өнім сертификатына назар аудару қажет. Пиротехниканы пайдалану ережесімен міндетті түрде танысу керек. Оны сақтау және сату мерзіміне назар аударған жөн. Егер тауардың мерзімі өтсе, оны пайдалануға болмайды. Өнімнің қорабы да бүтін болуы тиіс. Пиротехниканы іске қосар кезде темекі шегуге болмайды. Автокөліктер маңында ракетницадан атуға болмайды. 100 метр радиуста өрт қауіпі бар нысандар болмауы тиіс.

–Көрермендер фейерверк жіберетін алаңнан жел соғатын жағында 35-50 метр қашықтықта тұруы керек. Әйтпесе, жел өнімнің жанбаған бөлігі мен оның түтінін адамдарға ұшырады. Өнімді қолдан іске қоспау керек. Жанғыш заттар бар жерде отты пайдалануға болмайды. Бенгаль оты бұл да ашық отқа жатады. Түтік температурасы 2 мың градусқа жетеді. Сондықтан, оны жанғыш материалдардан алыста пайдалану керек. Пиротехниканың кез-келген түрі адам денсаулығына зақым әкелетін қауіпті зат екенін есте ұстаған жөн. Пиротехникалық өнімді сату республикалық заңнамамен орнатылған тәртіпте бекітілген нормативтік құжаттар талабына жауап беретін сауда нысандарында рұқсат етіледі,–деген полковник Нұрлан Атығаев Жаңа жылды мерекелеушілерге өрт қауіпсіздігі ережесін тағы бір еске салды.

Бұдан кейін пиротехниканы заңсыз сату фактілерінің алдын алу мақсатында департамент қызметкерлері жергілікті полиция қызметі және БАҚ өкілдерімен бірге орталық базардағы пиротехникалық өнімді сақтау және сату орындарына рейд жүргізді. Орталық базар маңында Александр Иванов Ресей кәсіпорны өндірген пиротехникалық өнімдерді сатып жатты. Тексерушілер бұл өнімдердің сапасына, сертификат санына, сауда орнының сәйкестігіне, өрт сөндіретін баллонның барлығына, нормативтік құжаттар талабына ерекше назар аударды.

Пиротехникалық өнімді пайдалану ережесі жазылған буклеттер таратты. Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Манат Бегалин өз сөзінде осы бағытта 24 жедел топ құрылғанын, бұл жұмысқа 83 қызметкер тартылғанын, шырша құрғанда, пиротехниканы пайдаланғанда өрт қауіпсіздігі ережесін сақтау қажеттігін айтып берді.

Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар