Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Дамудың табысты кезеңі болды - АРҚА АЖАРЫ

Дамудың табысты кезеңі болды

Облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен өткен кезекті әкімдік мәжілісінде өңірдің 2021 жылғы 11 айындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары қаралып, қыс маусымында автокөлік жолдарын күтіп ұстау бойынша қолданылып жатқан шаралар пысықталды.

Мәжіліске облыс әкімінің орынбасарлары, аудан әкімдері, басқармалар мен департаменттердің басшылары қатысты. Күн тәртібіне сәйкес облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Дүзелбаевтың баяндамасы тыңдалып, талқыланды. Облыс ауыл шаруашылығы саласынан басқа көрсеткіштер бойынша ағымдағы жылы жақсы нәтижелерге жеткені белгілі болды. Ал, ауыл шаруашылығында биылғы қуаңшылықтың әсерінен нақты көлем индексі 88,8 пайызды құрап, 717,5 миллиард теңгенің өнімі өндірілген.

Өнеркәсіпте өндіріс көлемі 999,4 миллиард теңгеге жетіп, нақты көлем индексі –109,3 пайызды құраса, құрылыс саласында 163,3 миллиард теңгенің жұмысы атқарылып, 2020 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 110,8 пайыз болған. Облыс экономикасын дамытуға биыл 452,3 миллиард теңгенің инвестициясы тартылыпты. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі Көкшетау қаласы мен Целиноград, Бұланды, Шортанды аудандарында былтырғы жылмен салыстырғанда біраз төмендегені байқалады. Мәжілісте облыс әкімі әсіресе, Атбасар ауданында мал басының өткен жылдағыдан 3 мыңнан аса кемігенін сынға алып, тиісті шара қолдануды тапсырды.

Әлеуметтік саладағы көрсеткіштері жаман емес. Білім беру бағытында көзделген жобалар толық жүзеге асырылған, алайда, денсаулық сақтау саласында бірқатар ауру түрлері өсе түскен. Сондықтан, облыс әкімі тиісті басқарма басшысына басты назарды коронавирусқа аударумен қатар, басқа да аурулардың барын ұмытпауды, олардың алдын алу шараларын да назарда ұстау керектігін, соның ішінде туберкулез індетінің көбеюі себептерін тез арада анықтай түсуді тапсырды. Сондай-ақ, қайта жөндеуден өтіп жатқан медициналық нысандардың жай-жапсарын сұрастырып білді.

Мәжілісте қысқы уақытта автомобиль жолдарын күтіп ұстау мәселелері бойынша облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Владимир Кулаков пен «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының Ақмола облыстық филиалының директоры Қанат Шайминнің баяндамалары тыңдалды.
–5600 шақырымнан астам жергілікті маңызы бар жолдарды күтіп ұстау үшін басқарма 11 мердігерлік жол ұйымымен келісім-шарт жасады. Бүгінде облыста 113 қар тазалайтын техника бар, олардың қысқы уақытта тоқтаусыз жұмыс істеуі үшін тиісті жанар-жағар май қоры жасалған, – дей келе Владимир Кулаков қар құрсауына жиі ұшырайтын жолдардың тізбесі жасалғанын, осы тізімге сәйкес жолдарға бақылау жасалып отыратындығын, қолайсыз ауа райы жағдайларында кезекшілік ұйымдастырылып, шұғыл шаралар қолға алынатынын айтып берді.

Бұл ретте, облыс әкімі жолдардың қысқы жай-күйіне жауап беретін басшыларға жолдарды таза ұстап, қар басса, уақытында аршып отыруды, сөйтіп, елді мекендер тұрғындарының облыс ішінде жүріп-тұруына барлық жағдайды жасауды тапсырды. Аудан, қала басшыларына да осындай талап қойылып, жолдардың тазалығы үшін қатаң сұралатыны ескертілді. Сонымен бірге, облыс әкімі аймақтың биылғы әлеуметтік-экономикалық даму барысын қорытындылай келе, әлі де болса жыл аяғына дейін республикалық бюджеттен бөлінген қаржыны толық игере түсуді, кейбір салалар бойынша көрсеткіштерді ілгерілетуді барлық әкімдер мен департамент, басқарма басшыларына басты міндет етіп жүктеді.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар