Өнерлі ел – өркенді ел

Облыс әкімі Ермек Маржықпаев Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Тәуелсіздік – тұғырым» атты тақырыпта өткен «Ақмола жұлдыздары» облыстық көркемөнерпаздар халық шығармашылығы байқауының гала-концертіне қатысты. Байқау қорытындысының соңында өңір басшысы сөз сөйлеп, тәуелсіздік жылдары ұлттық мәдениетіміз бен өнеріміздің дамып, небір таланттардың жұлдыздары жанғандығын айтты. Құттықтау сөзінде мәдениет саласының қызметкерлерінің қазіргі қазақстандық қоғам өміріндегі маңызды рөлін атап өтіп, шығармашылық еңбектері үшін алғыс білдірді.

– Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде Ақмола облысында 123 кітапхана, 7 музей, 107 клуб пен мәдениет үйлері ашылды. Қазіргі таңда облыста 248 клуб, 370 кітапхана, 11 музей, 2 театр, Үкілі Ыбырай атындағы облыстық филармония, халық шығармашылығы орталығы жұмыс істейді. Өңіріміздің мәдениет саласы жылдан-жылға көркейіп, дамып келеді. Тек соңғы үш жылдың ішінде 85 мәдениет нысанына 3 миллиард теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілген. Алдағы жылы да ауқымды жобалар жүзеге аспақ. Облысымыздың орталығы – Көкшетау қаласы Қазақстанның мәдени астанасы атануы мақтан тұтар жетістік!, – деп салтанатты шарада сөз сөйлеген өңір басшысы Ермек Маржықпаев мәдениет саласындағы осы және басқа да жетістіктерді атап өтіп, аталмыш байқауда өнер көрсеткен дарынды ақмолалықтарға жылы лебізін білдіріп, алғыс айтты.

Ағымдағы жылғы бұл байқауға облыстың 17 ауданы мен Көкшетау, Степногорск және биыл ғана қала орталығы болған Қосшы қаласының, 215 ауылдық округтің өнерпаздары қатысты. «Ел іші өнер кеніші» демекші, аталмыш байқау барысында бұған дейін танылмай жүрген 178 көркемөнерпаздар ұжымының, 83 өнерпаздың есімі белгілі болды. Қазылар алқасының шешімімен 335 үздік ұжым мен қатысушылар, сондай-ақ, 163 халықтық және сәндік-қолданбалы өнер шеберлері лауреат атанды.

Жалпы Ақмола облысында екі мыңнан астам шығармашылық өнер ұжымдары бар. «Ақмола жұлдыздары» облыстық көркемөнерпаздар халық шығармашылығы байқауының басты мақсаты дарынды өнерпаздарды анықтау, олардың өнеріне өріс ашу, халық шығармашылығымен айналысатын ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту болып табылады. Атап өтерлігі, жыл сайынғы іріктеу кезеңдеріне қатысатын өнерпаздардың саны жыл артқан сайын ұлғаюда. Мәселен, 2018 жылы аталмыш байқаудың бірінші турына 19228 адам қатысса, 2019 жылы бұл сан екі есе артып, 49145 адамды құрады. Биылғы жылы да байқауға қатысамын дегендердің қарасы көп. Солардың арасындағы ең үздіктері қорытынды гала-концертте өнер көрсетті.

Сонымен, Көкшетау мен Қараөткелдің жазиралы даласын ән мен күйге бөлеген, сәні мен салтанаты жарасқан өнер байқауының шымылдығы бурабайлық «Viva dance» халықтық би ансамблінің «Қазақтың қайсар қыздары» атты хореографиялық композициясымен ашылды. Өнер мерекесінде Ерейментау, Целиноград, Зеренді аудандарының домбырашыларының бірлескен халық аспаптар оркестрінің орындауында Құрманғазының «Адай» күйін жиналған жұртшылық жақсы қабылдады. Сонымен қатар, Бурабай мен Зеренді аудандарындағы фольклорлық ансамбльдер шеруіне де, Ерейментаудағы «Ақбұлақ» қобызшылар ансамблінің өнерпаздары да жақсы өнер өрнегін көрсетті. Әсіресе, қобызшылар ансамблінің өнері көпті тәнті етті. Жасырары жоқ, түсінгенге заманның сыры мен мұңын, зары мен қуанышын қобызшылар күйінен төгіліп тұратыны бар емес пе?

Ерейментау елі ежелден өнерге бай өлке. Осы ауданның «Жастар» халықтық би ансамблінің орындауындағы «Ұлы дала» деп аталатын халық биін де ерекше атап өтуге болады. Дала төсінде қызғалдақ гүлдей жайқалған қыздар мен айбынды жігіттер сахнаның ажарын ашып, от болып алаулаған жастық пен жаз өмірдің жарасымды үйлесіміндей көз қуантты.

Сондай-ақ, көпті тамсандырған әншінің бірі Целиноград ауданының Қосшы қаласынан келген Есет Әлжан. Ол халық әні «Дайдидау» әнін әуелете шырқады. Күміс көмей әнші ән орындау шеберлігімен көрермен көзайымына алды. Концерттік бағдарламаның ажарын ашып, сахнаға нұр болып құйылып, күн болып көңілдерді жадыратқан қызғалдақ кейіптес биші қыздардың өнерін атап өтсек орынды. Әсіресе, Степногорск қаласының «Қазына» би ансамблі, Көкшетау қаласының «Асыл мұра», «Арай» халықтық би ансамбльдері тамаша өнер өрнегін көрсетті.

Тағы бір ерекше екпін түсіріп атап өтер өнер ұжымы Біржан сал ауданындағы «Звездный дождь» цирк студиясы. Арқаның ән мектебінің айшықты қолтаңбасындай болып кеткен, жоғары диапазонды дауыспен шығандата шырқалып, сырлы да сұлу иірімді, кейде сабырлы, қоңыржай, кейде сыбызғыдай сызылған сүйкімді әндер талай ғасырдан бері ұмытылмай күні осы уақытқа дейін айтылып келеді емес пе?!.

Соның айғағындай байқауда өнер көрсеткен зеренділік Ақылдас Семетай, көкшетаулық Төлеген Аманов, целиноградтық Диана Алтай, Айбала Бейсенова, ерейментаулық Есжан Иманжан құлақтың құрышын қандырып, әсем әндерді әуелетті. Бұл әншілерді кербез Көкшетау мен сырлы Сырымбет, бұла Бурабай мен ежелгі Ерейментау, Жалғызтау шыңдарына ән-тұмарын байлаған Біржан сал, Ақан сері, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырайдың ізбасарларына баласақ жарасардай. Жалпы гала-концертте өнер көрсеткен өнерпаздардың қай-қайсысы болсын «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» атанғандар. Сонымен, «Ақмола жұлдыздары» байқауының жеңімпаздары үш топ бойынша марапатталды.

Атап айтсақ, орталықтары кенттер, ауылдар болып табылатын аудандар арасында Бас жүлдені Сандықтау ауданы иеленсе, орталықтары қала болып табылатын аудандар арасында Ерейментау ауданы үздік деп танылып, бас жүлдеге ие болды, ал облыстық маңызы бар қалалар арасында Көкшетау қаласы Гран-При иегері атанды. Бас жүлде иеленген ұжымдарға «Лада Гранта» седан автокөлігінің кілті табыс етілді. Сонымен қатар, әр аталым бойынша жүлдегер атанған өнер ұжымдарына арнайы сертификаттармен ұйымдастыру алқасының дипломдары табыс етілді.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

«Ақмола жұлдыздары» байқауының жүлдегерлері

Облыстық маңызы бар қалалар арасында бас жүлдені Көкшетау қаласы алды («Лада гранта» автокөлігі).
Орталықтары қала болып табылатын аудандар арасында бас жүлде иегері Ерейментау ауданы («Лада гранта» автокөлігі)
Орталықтары кенттер, ауылдар болып табылатын аудандар арасында бас жүлдені Сандықтау ауданы иеленді.
Бірінші орынға Степногорск қаласы, Бурабай және Зеренді аудандарының өнер ұжымдары ие болды.
Екінші орынды Қосшы қаласы, Жарқайың, Ақкөл, Егіндікөл, Целиноград аудандары иеленді.
Үшінші орын – Атбасар, Есіл, Жақсы, Қорғалжын аудандарында.
Астрахан, Аршалы, Біржан сал, Бұланды, Шортанды аудандары ынталандыру сыйлықтарын алды.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар