Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Дина Ахметжанова еңбек нарығында тиімді экожүйені қалыптастыру жөнінде айтып берді.
Мемлекет басшысы ел халқына арнаған Жолдауында «Еңбек нарығындағы тиімді экожүйені құруға» назар аударып, тапсырма берді. Осы орайда, Еңбек және тұрғындарды әлеуметтік қорғау министрлігі бұл бағытта «Кәсіби біліктілік жөнінде» Заң шығару, жұмыспен қамтудың жаңа формасын реттеу механизімін жасау, Қазақстан Республикасы Көші-қон саясатының жаңа концепциясын жасау, еліміздің Оңтүстігінен Солтүстігіне қоныс аударушы азаматтарға жәрдемақы бөлу механизмін өзгерту, қоныс аударушыларға үй салу және ауыл шаруашылығы жұмысын жүргізу үшін жер телімдерін бөлу, әлеуметтік кодексте патерналистік көңіл-күй мен әлеуметтік масылдықты азайту шараларын қолға алды. Аталмыш басқарма басшысы өз сөзінде биылғы жылы мекенжайлық әлеуметтік көмекті құрамында 12441 адамы бар 2746 отбасы алғанын айтты.
–Республикада 2017 жылдан бері электрондық еңбек биржасы жұмыс істейді. Бұл – «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылған бірінші жобасы. Облыстағы жұмыс берушілердің 75 пайызы тұрғындарды жұмыспен қамту орталығына бармай-ақ, өзінің жеке кабинеті арқылы ваканцияларын орналас-
тырады. «Еңбек.kz» интернет-ресурсының базасындағы портал тұрғындарды жұмыспен қамтуға және жұмысқа орналасуына ықпал етуге ақпараттық қызмет көрсетеді. Осы портал арқылы 12 мың адам жұмысқа орналасты. 2017-2021 жылдарғы тиімді жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» бағдарламасын жүзеге асыру аясында жұмыс істемейтін 8 мың адам қамтылды.
Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша 1190 адам техникалық және кәсіптік білім алды. 560 адам қысқа мерзімді оқудан өтті. Жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша 1495 адам кәсіпкерліктің негізін оқыды, 413 адам шағын несие, 793 адам грант алды. Бағдарламаның үшінші бағыты бойынша 504 адам әлеуметтік жұмыс орнымен, 470 адам жастар тәжірибесімен, 2448 адам қоғамдық жұмыспен, 46 жас адам алғашқы жұмыс орнымен қамтылды. Биылғы жылы 1429 адам қатысқан 104 ваканциялық жәрмеңке өткізіліп, 305 адам жұмысқа орналастырылды,–деді басқарма басшысы. Еңбек нарығында қатысушылардың бәсекелестігін арттыру мақсатында бүгінгі күні Көкшетау мен Степногорск қаласында, Ақкөл, Астрахан, Егіндікөл, Біржан сал, Қорғалжын аудандарында 12 жұмыс іздеу клубы жұмыс істейді. Мұнда келген 1925 адамның 1482-сы жұмысқа орналастырылыпты. Жалпы, биылғы жылы мемлекеттік, үкіметтік бағдарлама, ПРТ мен жекеменшік бастама аясында 26 259 адам жұмысқа орналастырылыпты.
–2022 жылы кәсіпкерлік бойынша 9 жобасы бар Ұлттық жоба жүзеге асырыла бастайды. Бұл жоба ұлт денсаулығы мен білімін, кәсіпкерлікті дамытуды, мықты өңірді, еліміздің даму драйверін қамтиды. Сондай-ақ, бұл жобада қазақстандықтардың тұрмыс жағдайын арттыруға бағытталған тұрақты экономикалық өсім, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, ұлттық рухани жаңғыру, цифр-ландыру, инновация мен ғылым есебінен технологиялық серпін қолға алынады. 2021-2025 жылдары Ұлттық жобаны жүзеге асыру аясында субсидияланатын жұмыс орнын ұйымдастырғаннан кейін тұрақты жұмыс орнына орналастырылған адамдар үлесін көбейтуге және субсидияланған жұмыс орнын ұйымдастыруға қатысатын кәсіпорындар құрамына жекеменшік сектор үлесін көбейтуге қолжеткізу керек,–деген Дина Ахметжанова жұмыс берушілерге қойылатын талапты нығайту жөнінде айтты. Брифинг соңында журналистер қойған сауалдарға тұшымды жауап берді.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.