Бір маусымда 4355 тонна астық бастырды

Өтебай Беркінбаев өзінің саналы ғұмырын ауыл шаруашылығына арнап, қырық жыл бойы механизатор болып жұмыс істеп келеді. Оның 20 жылында Жақсы ауданының «Қаражон» серіктестігінде еселі еңбек етіп жүр.

Ол мектеп қабырғасында жүргенде-ақ, техникаға жақын болып, аға буын механизаторлардың қасынан шықпайды. Мектепті бітірген соң механизаторлар курсын тәмамдап, ауыл шаруашылығының ауыр жұмысына бірден араласып кетті. Еңбек десе, ішер асын жерге қоятын жігітті бригада басшысы мен оның мүшелері жақсы көріп кетті. Ол біраз жыл тәжірибе жинақтағаннан кейін өз жұмысының қыры мен сырын жете меңгере бастады.

Өтебай өзіне тапсырылған жұмысты тыңғылықты атқарады. Жер-Ананы жанындай сүйеді. Қандайда бір жұмысты адал атқаруға тырысады. 2013 жылдың қорытындысы бойынша Жақсы ауданы әкімінің Алғыс хатын алды. Осы адал еңбегі және облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан сүбелі үлесі үшін ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Құрмет грамотасымен марапатталды. 2016 жылы «Үздік механизатор» аталымының дипломына ие болды. 2019-2020 жылдары ТНК компаниясында жұмыс істей жүріп, «Үздік комбайншы» аталымының дипломымен екі мәрте марапатталды.

Биылғы жылы да жақсы нәтижелерге қол жеткізіп, ТНК Агрофирмасы механизаторлары арасында Жақсы ауданының чемпионы атанды. Өйткені, Джон-Дир комбайнымен бір өзі 4 355 тонна астық бастырды. Өтебай Беркінбаевтың құдай қосқан қосағы да осы шаруашылықта еңбек етеді. Екеуі төрт ұл тәрбиелеп өсіріп, арнайы білім әперді. Үлгілі отбасын ұжым мен бүкіл село тұрғындары сыйлайды. Өз мамандығын жанындай сүйетін тәжірибелі механизатор жастарды да еңбекке үйретуден бір жалыққан емес. Оларға ақыл-кеңесін айтып, іс жүзінде көмектесіп жүр. Сол үшін де әріптестері оған дән риза.

Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар