Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Дені сау ұрпақ – ұлт болашағы - АРҚА АЖАРЫ

Дені сау ұрпақ – ұлт болашағы

Біздің кардиохирургия бөлімшесі өткен жылды табысты аяқтап, жаңа 2022 жылға да сәтті қадам басып отыр деп айтуға әбден болады. Бір жылдың ішінде жүрекке 240-тан астам ота жасап үлгердік.

Жалпы, еліміз тәуелсіздік алғалы кардиохирургия саласын дамытуда үлкен істер атқарылды. Әсіресе, бұл салада соңғы 15 жыл ішінде қол жеткен жетістіктеріміз ұшан-теңіз.

2007-2009 жылдар ішінде мемлекеттің кардиология және кардиохирургия саласын дамыту бағдарламасы қабылдайды. Осы бағдарлама аясында бүкіл облыстық орталықтарда орналасқан ауруханаларда кардиохирургия бөлімшесі ашылды. Мамандар шетелге оқуға жіберіле бастады. Балтық елдерінде, Израильде
1 жылдық оқуларға бардық. Сол оқуды аяқтағаннан кейін 2008 жылдан бастап осы Ақмола облысында жұмыс істей бастадым. Алғашқы отаны сол жылы 7 сәуірде жасадым. Ол әлі есімде. Содан бері жүрекке 3 мыңнан аса ота жасауға қатысыппын.

Бастапқы кезде бізге Литвадан келген кардиохирургтардың көмегі зор болды. Сол сияқты, еліміздің кардиохирургия саласындағы жетекші маманы Юрий Пядан да дәріс алдық. Өңірдегі кардиология саласы жыл санап дамып келеді. Қазіргі таңда, бөлімшемізде жүрекке жасалатын операциялардың спекторы 95 пайызды құрап отыр. Көбіне аортакоронарлық ұштастыру оталары, яғни, жүрек ақауы кезіндегі клапанды алмастыру операциясы жүргізілуде.

Жүректің қолқасындағы анивризмасы кезінде де алмастыру операциялары жасалуда. Бұл біздің өңіріміз үшін үлкен жетістік деп ойлаймын. Себебі, өткенге көз тастар болсақ, елімізде кардиохирургия саласы 1958 жылдан бастау алады екен. Алматы қаласындағы Сызғанов атындағы институтта кардиохирургия бөлімшесі болған. Олар сол 1958 жылдан бастап 2008 жылға дейін аралықта, яғни, 50 жылдың ішінде 400 операция істеген. Бұл бүгінгімен салыстрғанда өте аз деп болжауға болады. Ол кезде елдің жағдайы аса мәз емес еді. Мемлекет тарапынан бұл саланы дамытуға аса қолдау болмаған. Операциялар өте аз жасалды.

Ота жасайтын құралдар жетіспеген. Ата-бабамыз аңсап жеткен егемендік жылдары Қазақстан Республикасында кардиологиялық және кардиохирургиялық көмекті дамытудың 2007-2009 жылдарға арналған бағдарламасы қолға алынып, барлық өңірлерде кардиология бөлімшелері ашылып, кардиохирургиялық құралдармен толықтырыла бастады. Мамандар оқуға жіберілді. Солардың арқасында Қазақстанның түкпір-түкпірінде жүрекке күрделі оталар жасалуда. Біз осы жылдың өзінде жоғарыда айтқанымдай, науқастарға 240-тан астам ота жасап үлгердік.

Бүгінде кардиохирургия саласы кардиология, интервенциялық кардиология, аритмология, кардиохирургия және кардиореанимация сияқты бірнеше бағыттан тұрады. Бірақ, барлығымыздың емдейтініміз бір науқас. Біреуі тексереді, екіншісі диагноз қояды, үшіншісі операция жасайды. Стенд қою керек болса, басқа бөлімше оны іске асырады. Егер де жүрек ритмі дұрыс болмай, стимулятор қою керек болса, аритмологтар оны қоя алады. Яғни, бұл – ұжымдық жұмыс. Жалғыз бір маманның емес, осы салаға біріктірілген бірнеше маманның жұмысы. Бұл Тәуелсіздіктің үлкен жемісі деп ойлаймын. Өйткені, бұрын біздің елдің адамдары жүрекке ота жасату үшін шет елдерге шығатын. Қазіргі таңда елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы бар. Қырғызстан, Өзбекстанның дәрігерлері қазір осында келіп, ота жасауға қатысып жатыр.

Жалпы, оталардың құны 2 жарым миллион теңеден басталып, 200 миллион теңгеге дейін барады. Бірақ, көбі мемлекеттің қамқорлығымен тегін жасалуда. Бізде жүрек ауруларымен өте кеш келетін науқастар өте көп. Қазіргі кезде бұл ауру жасарып келеді деп айтуға болады. Бұрын 50-60 жастағы кісілер ауыратын болса, қазір 40-30 жастағылар ауырады. Оған жаңа мен жоғарыда атап өткен теріс әдеттер әсер етеді.

Әрине, ауруы асқынса да жасалған ота сәтті аяқталған кездер де кездеседі. Мәселен, 2012 жылы 40 жастағы науқастың жүрек тамырлары 99 пайыз бітелген жағдай кездесті. Жүргізуші болып жұмыс істейтін науқасымыз жүрегінің ауырып жүргеніне 6 ай уақыт болыпты. Ешкімге қаралмаған. Ота үстінде оның жүрегі тоқтап қалып, операцияны тездетіп жасау керек болды. Десе де, ота сәтті аяқталып, ол кісі аман-есен үйіне оралды. Сол кезде біз үшін одан асқан бақыт болмады.
Осы жылдар ішінде біраз жетістікке жеттік деп ойлаймын.

Өзіммен бірге еңбек ететін әріптестерімнің арасынан жыл сайын біліктіліктеріне біліктілік қосып келе жатқан Ермек Торсықбаев, Әлібек Тойбаев және тағы басқа ақ халатты абзал жандарды ерекше атап өтер едім. Жүрекке жасалатын операциялардың көп түрін енгізе алдық. Жүрек адам ағзасындағы ең қымбат, ең күрделі мүше екенін әркім біледі. Өйткені, ол барлық мүшемен байланысқан. Егер жүрек тоқтаса, барлық мүшенің қызметі де тоқтайды деген сөз. Науқастарды соған жеткізбей, адам өміріне араша түсіп жүргеніміз үшін өзімізді бақытты санаймыз.

Нұрлан МІНАЙДАРОВ,
Ақмола көпбейінді облыстық ауруханасының кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар