Жыл жемісі және нәтижелі еңбектің жеңісі

Тағы бір жыл тарих қойнауына кетіп барады. Ол Ақмола, Көкше өңірлері үшін несімен ерекшеленді? Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында қандай ауыз толтырып айтарлық нәтижелер бар? Осы мәселелер төңірегінде біздің тілшіміз Ақмола облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Дүзелбаевқа жолығып, әңгімелескен еді.

–Қанат Малғаждарұлы, биыл облысымыздың аумағында орналасқан өнеркәсіп орындары қалай жұмыс істеді?

–Өнеркәсіптегі өндіріс көлемі 9,3 пайызға немесе 999,4 миллиард теңгеге дейін өсті. Сондай-ақ, тау-кен байыту өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 3,9 пайызға артты. Бұл құрамында алтыны бар кенді өндіру көлемінің 25,3 пайызға көбеюімен байланысты болып отыр. Өңдеуші өнеркәсіпте азық-түлік тағамдары өндірісінің көлемін 16,3 пайыз, сусындар – 1,5 есе, резина мен пластмасса өнімдерін – 6,9 есе, химиялық өнеркәсіпті – 1,6 есе, машина құрастыруды –
38 пайыз көбейту есебінен 9,6 пайыз өсім қамтамасыз етілді. Азық-түлік тағамдары өндірісінде ет пен оның өнімдерін өндіру 48,6 пайызға, сары май 29,4 пайызға, өңделген сүт 3,2 пайызға өсті. Сусындар өндірісі саласында минералдық суды шығару 22,6 пайызға көбейтілді. Химиялық өнеркәсіп саласындағы «Astana Nan Chemicals» серіктестігі пестицид өндіру көлемін 2,2 есе ұлғайтты. Резина мен пластмасса өнімін өндіруде полиэтиленнен жасалатын қап пен сөмке 23,2 пайызға, резинадан жасалатын шланг 27 есе көбейді. Машина жасауда тракторлар құрастыру көлемі 2,2 есе, астық жинайтын комбайн –1,6 есе, подшипниктер – 2,9 пайызға артты.

–Осы ретте, ауыл шаруашылығы саласындағы көрсеткіштерімізді қалай бағалауға болады?

–Ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 717,5 миллиард теңгені құрады. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, ақмолалық аграршылар биылғы жылы 4 миллион тонна астық жинады. Орташа гектар берекесі 8,8 центнерден айналды. 135,2 мың тонна майлы дақылдар жинап алынды. Орташа шығымдылық гектарынан 5,1 центнерді құрады. 224,4 мың тонна азықтық дақылдар жинап алынды. Гектар берекесі 11,7 центнерден айналды. 219,5 мың тонна картоп жиналды. Орташа шығымдылық гектарынан 106,2 центнерді құрады. Сондай-ақ, 35,4 мың тонна көкөніс жинап алынды. Гектар берекесі 100,8 центнерден айналды. Барлық санаттағы шаруашылықтар тірі салмақта 168,8 мың тонна ет, 377,3 мың тонна сүт өндірді. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен әжептәуір артық. Ірі қара саны 461,5 мың басқа, оның ішінде сиыр 231,1 басқа, қой-ешкі 564,1 мыңға, жылқы 216,1 мың басқа, құс 9,3 миллионға дейін өсті.

–Осылай дегенде, Ақмола облысы астананың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде қандай ілкімділік танытуда?

–Облыстың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері Нұр-Сұлтан қаласының рыногында 111,6 мың тонна сүт өнімдерін, 27,4 мың тонна ет және ет өнімдерін сатты. Бұл көрсеткіш жыл санап артып келеді. Жалпы, экономиканың нақты секторында 107,9 миллиард теңгенің 93 инвестициялық жобасы жүзеге асырылды. Оның ішінде Индустрияландыру картасы бойынша 88,0 миллиард теңгенің 7 жобасы бар. Нұр-Сұлтан қаласының айналасындағы азық-түлік белдеуі бойынша биылғы жылы 30,7 миллиард теңгенің 45 инвестициялық жобасы жүзеге асырылды.

–Өңірде облыс пен еліміздің өнеркәсіп секторын жандандыруға лайықты үлес қоса алатын қандай жаңа өндіріс орындарын атар едіңіз?

–«Қазақстандық Агроинновациялық корпорациясы» компаниясы серпінді дамып, ассортиментін ұлғайтуда. Кәсіпорын өнімділігі жоғары «TORUM» комбайнын шығаруды игере бастады. Биылғы жылы ұлғайтудың 2 кезеңі аяқталады. Келешекте компания 3 және 4 кезеңді қолға алады. Сөйтіп, жылына 3,5 мың техника шығара бастайды. Жыл басынан бері өндіріс көлемі 1834 тракторды және 194 комбайнды құрады. «KazRost Engineering» компаниясы жылына 150 «YTO» кіші трактор өндірісі бойынша жаңа жобаны жүзеге асырды. Инвестиция көлемі 1 миллиард теңгеден астам. Жыл басынан бері кәсіпорын 127 тракторды, 626 астық жинайтын «Вектор» мен «Acros» комбайндарын құрастырды. Сондай-ақ, жаңа сервистік орталық салынуда.

–Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың өндіріс көлемін ұлғайтуда қандай жетістіктер бар?

–Степногорск қаласында орналасқан «Ақсу Technology» серіктестігі биылғы жылы жылына 5 миллион тонна алтыны бар кен өндіретін алтын айыру фабрикасын салды. «ЕНКИ» серіктестігі жылына 30 миллион дана керамикалық кірпіш шығаратын зауытты іске қосты. Қосалқы энергетика саласында Ерейментау ауданындағы «Golden Energy Corp» серіктестігі қуаты 25 МВт және Көкшетау қаласындағы «ВИЧИ» серіктестігі қуаты 7 МВт жел электростанциясын салды. Аршалы ауданында «Ақ Дала Агро» жылына 6 мың тонна өнім өндіретін құс фабрикасының құрылысын аяқтады. Келешекте оның қуаты 20,5 мың тоннаға дейін жетпекші. Ауыл шаруашылығы саласында 12 ет фермасы, 11 тауарлы-сүт фермасы, 3 мал бордақылау алаңы, бір құс фабрикасы, 13 астық және көкөніс қоймасы, ауыл шаруашылығы өнімін өңдейтін 3 жоба, 2 суармалы алқап ашылды.

–Осы арада облыс экономикасына тартылған инвестициялар туралы да сөз қозғаудың кезегі келген сияқты?

–2021 жылы облыс экономикасына 452,3 миллиард теңге инвестиция тартылды. Қаржыландыру көзі бойынша инвестиция құрылымының 56,3 пайызы кәсіпорын мен жекеменшік құрылыстың өз қаржысына жатады. Республикалық және жергілікті бюджеттің қаржысы 17,6 пайызды құрады. Инвестиция құрылымында банктердің несие үлесі 12 пайыз, өзге қарыз қаржысы 14 пайыз болды. Жыл басынан бері 209,5 шақырым сумен қамтамасыз ету жүйесі, 19,2 шақырым электрлік және 7,3 шақырым жылу жүйесі салынды. Жергілікті маңызы бар автокөлік жолдарының 22 шақырымына күрделі жөндеу, 212 шақырымына орташа жөндеу, 110 шақырымына ағымдағы жөндеу жүргізілді. Құрылыс жұмысының көлемі 163,3 миллиард теңгені құрады. 558,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Биылғы жылы «Бизнестің жол картасы -2025» бағдарламасы аясында кәсіпкерлердің іскерлік белсенділігін қолдау үшін 7,2 миллиард теңге бөлінді. 29 миллиард теңгеге бағаланған кредит сомасының 1098 жаңа жобасы бойынша субсидиялау басталды. 4,2 миллиард теңге субсидия төленді, 7,4 миллиард теңгенің 372 кредиті кепілдендірілді. Жетіспейтін инфрақұрылымды жеткізу бойынша 1,4 миллиард теңгенің 10 жобасы мақұлданды.

–Бұл күнде халықтың әл-ауқатын жақсартып, ел экономикасын нығайтуда шағын және орта бизнестің алатын орны ерекше. Біздің облысымызда бұл салада қандай ауыз толтырып айтарлықтай нәтижелер бар?

–Жұмыс істейтін шағын және орта бизнестің саны 6,4 пайызға немесе 48,8 мыңға дейін көбейтілді. 5,8 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Орташа еңбекақы 195,4 мың теңгені құрады. Мемлекеттік бюджетке 255,5 миллиард теңге салық және міндетті төлем түсті. Оның 139,7 миллиард теңгесі республикалық бюджетке, 97,7 миллиард теңгесі жергілікті бюджетке аударылды. Жыл басынан бері облыста 18 240 жаңа жұмыс орны ашылды. Оның 11 382 тұрақты жұмыс. Жұмыспен қамту қызметі арқылы 15 253 адам жұмысқа орналастырылды. Жұмыс іздеу клубтарындағы семинарлық сабаққа 1925 адам қатысты. Оның 1482 адамы тұрақты және уақытша жұмысқа орналастырылды. 104 вакансия жәрмеңкесі өткізіліп, 2628 вакансия ұсынылды. Нәтижесінде жұмыспен қамту шарасымен 1429 адам қамтылды. 2017-2021 жылдарғы тиімді жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» бағдарламасы аясында биылғы жылы бірінші бағыт бойынша 1750 адам қысқа мерзімді техникалық және кәсіптік оқумен қамтылды. Жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша 2173 адамды қамту жоспарланған. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 1495 адам кәсіпкерліктің негізін оқыды. 413 адам шағын несие алды. Жаңа бизнес-идеяны жүзеге асыруға 429,9 миллион теңгенің 793 гранты берілді. Бағдарламаның үшінші бағыты бойынша 3422 адам қамтылып, оның ішінде 470 адам жастар тәжірибесіне, 504 адам әлеуметтік жұмыс орнына, 2448 адам төленетін қоғамдық жұмысқа жіберілді.

–Облыс бюджетінің басым бөлігі қазір әлеуметтік салаға, соның ішінде білім және денсаулық сақтау салаларына бағытталып отырғандығы белгілі. Мұның тиімділігі биыл іс жүзінде қалай көрініс берді?

–3-6 жас аралығындағы балалар мектепке дейінгі мекемелермен толық, 1-6 жас аралығындағы балалар 80,5 пайыз қамтылған. Үш ауысымдық оқуды жою аясында жыл соңына дейін Көкшетау қаласында 2 қосымша оқу корпусы, Целиноград ауданында 80 орындық бір мектеп және 110 орындық бір модульдік мектеп пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, 4500 орындық 6 мектептің құрылысы жүргізілуде. 240 орындық жекеменшік «Advanced Junior school» мектебі, 512 орындық 10 балабақша, 350 орындық 2 медициналық нысан 2613 орындық 21 спорт нысаны ашылды. 45 мектеп, 5 мектепке дейінгі мекеме, 5 колледж, 6 қосымша білім нысаны, 3 медициналық мекеме, 31 мәдениет нысаны және 4 спорт ғимараты жөнделді. Денсаулық сақтау саласында Қосшы қаласындағы ауысымына 100 адам келетін емхана және Целиноград ауданы Қараөткел ауылында орналасқан ауысымына 25 адам келетін дәрігерлік амбулаторияның құрылысын аяқтау жоспарланған. Целиноград ауданының Қоянды ауылында 50 адам келетін алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығының құрылысы жалғасуда.

–Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбатты жүргізген Рамазан ТІЛЕУОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар