«Білім-инновация» лицей-интернатының оқушылары Руслан Ибодуллаев пен Аян Қарабаев ақпараттық технологиялар жүйесі бойынша білімдерін ортаға салып, Еуразиялық олимпиадада жүлдегер атанды.
Өткен жылдың соңына таман Алматы қаласындағы Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің базасында информатикадан өткен XIII Еуразиялық олимпиадаға Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы елдерінің жас өрендері қатысты. Олимпиада білім беру саласындағы үкіметаралық келісім және Санкт-Петербург ақпараттық технологиялар, механика және оптика ұлттық зерттеу университетімен жасалған ынтымақтастық туралы келісім-шарттың негізінде ұйымдастырылды.
Олимпиада жалпы білім беретін мектептердің, лицейлердің, гимназиялардың, дарынды балаларға арналған мамандандырылған білім беру ұйымдарының 7-11 сынып оқушылары арасында ағылшын және орыс тілдерінде өткізілді. Оған Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Қазақстаннан 53 команда қатысты.
Олимпиаданың негізгі мақсаты – оқушылардың ақпараттық құзыреттілігін қалыптастыру, ақпараттық мәдениетін дамыту және есептеу ғылымдары, компьютерлік модельдеу және ақпараттық технологиялар саласында дарынды жастарды анықтау болып табылады.
Олимпиаданың қорытындысы бойынша Көкшетау қаласындағы «Білім-инновация» лицей-интернатының 10 сынып оқушылары Руслан Ибодуллаев пен Аян Қарабаев ІІІ дәрежелі дипломдармен марапатталды. Ақпараттық технологиялардың дамыған заманында жастардың осылайша ізденіп, ғылымға ден қоюы ертеңге деген сенімімізді арттырады.
Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.