Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Мәдени астананың өнер салтанаты - АРҚА АЖАРЫ

Мәдени астананың өнер салтанаты

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл толған мерейлі 2021 жыл Ақмола облысының мәдениет саласы үшін аса табысты әрі жемісті жыл болды. Төл өнерімізді ұлықтау, өркендету жолында қанатқақты жобалар мен жүйелі жұмыстар жүзеге асырылды. Әртүрлі деңгейдегі мәні мен маңызы зор мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды. Өңіріміздің өнерпаздары еліміздің сан түрлі додаларында топ жарып, өздерінің табиғи талант-қарымын таныта білді. Аудандар мен ауылдарда мәдениет нысандары ашылып, Көкшетау қаласы еліміздің 2021 жылғы мәдени астанасы болып жарияланды.

Өткен жылы мәдениет мекемелері ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған 500-ден астам түрлі іс-шаралар өткізді, оған 225 мың адам қатысты. «Рухани қазына» республикалық фестивалінің қорытындысы бойынша Ақмола облысының өнерпаздары мен өнер ұжымдары 7 жүлделі орынмен марапатталды. Атап айтсақ, М.Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы «Кітапханалардың үздік инклюзивті онлайн жобасы – 2021» аталымында, ал, облыстық тарихи-өлкетану мұражайы және ашық аспан астындағы «Ботай-Бурабай» мұражайы «Ауылдық маңызы бар үздік мемлекеттік музей аталымында үздік деп танылды.

Кенжебек Күмісбеков атындағы Қорғалжын аудандық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Ерзат Смағұлов «Мәдениет жанашыры» аталымында, «Мәдениет сарайлары мен үйлерінің, сондай-ақ, клубтардың үздік онлайн жобасы» аталымында Зеренді аудандық мәдениет үйі жеңімпаз атанды. «Мемлекеттік музейлердің үздік сайты» және «Үздік онлайн жоба» аталымдарында Мәлік Ғабдуллин музейінің мерейі үстем болды.

Былтыр облыстың көркемөнерпаздар шығармашылық ұжымдары халықаралық, республикалық байқауларда 54 Гран-при жеңіп алды. Облыста 73 модельдік кітапхана жұмыс істейді, оның 50-і ауылдық жерлерде. Өңірімізде 26 коворкинг-орталығы бар. Мәдениет саласында «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру үшін облыстық және жергілікті бюджет қаражаты есебінен төрт зал және сегіз «Рухани жаңғыру» офисі құрылды. Жалпы, Ақмола облысында 645 мәдениет және архивтер нысаны жұмыс істейді. Тек соңғы үш жылдың ішінде 85 мәдениет нысанына 3 миллиард теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Сонымен қатар, Көкшетау қаласының 2021 жылы «Қазақстанның мәдени астанасы» деп жариялануына байланысты Қазақстан Рес-публикасы Мәдениет және спорт министрлігі Ақмола облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасымен бірлесіп, вице-министр Н.Дәуешов бекіткен және Ақмола облысы әкімінің орынбасары А.Мысырәлімованың келісімімен «Рухани қазына – 2021» республикалық фестивалі шеңберінде «Қазақстанның мәдени астанасы» іс-шаралар жоспарын іске асыру жөніндегі Жол картасы әзірленді.

Осы Жол картасы аясында өңірімізде көптеген мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды. Бұл іс-шаралардың барлығы ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылып өткізілді. Мәселен, Степногорск қаласында халық әндерін орындаушылар арасында «Арқаның ән дәриясы» атты аймақтық байқау болып өтті. Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының 74-ші концерттік маусымының жабылуы аясында Италия, Швейцария, Жапония және Чехиядан келген шетелдік әртістердің қатысуымен «Әлемдік классика жауһарлары» деген тақырыпта концерт ұйымдастырылды.

Елорда күнін мерекелеу қарсаңында музей қызметкерлері мен ғалым-тарихшылардың қатысуымен «Ботай – мыңжылдық жол» атты далалық семинар-тимбилдинг өткізілді. «Көкшетау» мәдениет сарайында «Ұлттық хореографияның үздік үлгілері және неоклассикалық бір актілі балет» бағдарламасымен «Астана-Балет» театрының гастрольдері өтті. Сонымен қатар, Мәлік Ғабдуллин музейінде Алматы облысының Ж.Жабаев атындағы музейінің «Алты алаштың Жамбылы» атты көрмесі ұйымдастырылды.

Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық- драма театрының 25 жылдығын мерекелеу аясында Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай және Қарағанды облыстары театрларының қатысуымен ІІІ-ші өңірлік театрлар фестивалі болып өтті.

«Көкшетау» мәдениет сарайында Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының труппасы өнер көрсетті. КСРО Халық әртісі, театрдың көркемдік жетекшісі Асанәлі Әшімов бастаған Қазақстанның жетекші театры ақмолалықтарға өздерінің үздік қойылымдарын әкеліп, өнерсүйер қауымды тәнті етті. Д.Исабековтың «Жаужүрек» драмасы, Т.Нұрмағанбетовтың «Бес бойдаққа бір той» комедиясы, А.Володиннің «Қоштасқым келмейді», Д.Исабековтың «Жүз жылдық махаббат» және И.Сапарбайдың «Сыған серенадасы» мюзиклі, әсерлі қойылымдар талғампаз көрерменнің көңілінен шықты.

Ақмола облыстық орыс драма театрында Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен III-ші халықаралық «ТеART-Көкше» фестивалі ұйымдастырылды. Биылғы фестивальде Маңғыстау, Шымкент, Алматы, Ақтөбе, Семей, Теміртау, Нұр-Сұлтан және Екатеринбург (РФ), Бішкек (Қырғызстан) қалаларының театрлары өз өнерлерін ортаға салды. Фестиваль театр ұжымдарын біріктіріп, одан әрі шығармашылық өсуге және жаңа формалар мен идеяларды іздестіруге серпін берді.

Өткен жылы өңірімізде өткен айтулы мәдени шаралардың бірі – «Сәлем, Елорда!» ІІ-ші республикалық фестивалі. Үш күн бойы Көкшетау аспанында аққу ән қалықтап, мәні мен мағынасы, танымы мен тағылымы бөлек кештер өткізіліп, өнер сүйер қауымды бір серпілтіп тастады. Осы ауқымды шара аясында М.Жұмабаев атындағы облыстық кітапханада, «Көкшетау» және «Достар» мәдениет сарайында мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды.

Тағы бір атап өтерлігі, Қазақстан Жазушылар одағы өкілдерінің қатысуымен өңірімізде «Тәуелсіздік әдебиеті» атты әдеби форумы болып өтті. Форумға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Жазушылар одағының басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының Нұр-Сұлтан қалалық филиалының төрағасы Дәулеткерей Кәпұлы, ақын, филология ғылымдарының докторы, академик, профессор Бауыржан Жақып қатысты. Салтанатты жиында Қуаныш Оспан, Мерген Тоқсанбай, Серікбай Әбілмәжін, Жайнарбек Зандыбай, Қайрат Сейітқазин, Серғазы Қайырболды, Абылайхан Әшімхан Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданды.

Осы ақындардың ішінен Мерген Тоқсанбай Жазушылар одағы Ақмола облыстық филиалының төрағасы болып тағайындалды. Дәстүрге айналған «Ақмола жұлдыздары» облыстық халық шығармашылығы байқауына облысымыздың барлық аудандары мен Көкшетау, Степногорск қалалары және өткен жылы қала мәртебесін алған Қосшы қаласы, 215 ауылдық округтің өнерпаздары қатысты. «Ел іші өнер кеніші» демекші, аталмыш байқау барысында бұған дейін танылмай жүрген 178 көркемөнерпаздар ұжымының, 83 өнерпаздың есімі белгілі болды. Қазылар алқасының шешімімен 335 үздік ұжым мен қатысушылар, сондай-ақ, 163 халықтық және сәндік-қолданбалы өнер шеберлері лауреат атанды.

Облыста тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай, «30 жұлдызды күн» жоспары аясында бірқатар халықаралық, республикалық, аймақаралық және облыстық іс-шаралар өткізілді. Мәселен, облыс орталығында Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолиядан келген ақындардың қатысуымен «Тәуелсіздік – тұғырым» атты халықаралық айтыс, тәуелсіздік құрдастары болып табылатын ақындар арасында «Тәуелсіз елімді жырлаймын» халықаралық мүшәйрасы (Түркия, Ресей, Германия, Франция), «Тәуелсіздік – бабам берген аманат» атты авторлық әндердің облыстық байқауы, «Үздік экскурсовод – 2021» республикалық конкурсы, Көкшетау-Талдықорған қалалары арасында «Біржан-Сара» айтысының 150 жылдығына арналған онлайн айтыс, Степногорск қаласында «Үкілі домбыра» атты домбырашылар конкурсы өтіп, Біржан сал ауданында «Сал серілер» музейі ашылды.

Сондай-ақ, облыстық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығы жанынан «Бурабай» күй мектебі ашылды. Міне, ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы тойланған мерейлі жылы Ақмола, Көкше өңірлерінде өнер туы одан сайын асқақтап, рухани құндылықтарымыз жаңа сапалы деңгейге көтеріле түсті.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар