Тамила – «Bolashaq – 2021» сыйлығының иегері

Көкшетау қаласындағы дарынды оқушылар мен шығармашыл жастардың орталығына айналған «Bolashaq» сарайында «Bolashaq – 2021» сыйлығын тапсыру салтанаты өтіп, онда облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова сөз сөйлеп, ел ертеңі – жастардың ғылыми- шығармашылық бағытта дамуына зор табыстар тіледі және байқау жеңімпазы мен жүлдегерлерін марапаттады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел халқына жолдаған Жолдауында айтылғанындай, оқушылар мен жасөспірімдердің қосымша білім алуына жағдай жасау мәселесі алдыңғы жылы Ақмола облысының орталығы – Көкшетау қаласында оң шешімін тауып, «Bolashaq» сарайы ел үміті – дарынды жастарға есігін айқара ашқан болатын.

Оқушылар сарайының жұмысындағы басты мақсат балалардың, жастардың салауатты өмір салтын қалыптастыру, шығармашыл дарынды балаларды іздеп, тауып, оларға қолдау көрсету, өскелең ұрпақ тәрбиесіне және олардың өнерін өздігінен дамытуға, құқықтарын қорғауға назар аударуды күшейту болып табылады. Бүгінде ондағы 111 үйірмеде 3 мыңнан астам оқушы қосымша білім алып, бойындағы таланты мен талабын ұштауда. Өткен 2021 жылы «болашақтың» тәрбиеленушілері түрлі байқауларға қатысып, жүлдегерлер атанды, спорттық жарыстарда бақ сынап, ғылыми-зерттеу жобаларын қорғады және жақсы нәтижелерге қол жеткізе алды.

2021 жылдың соңында бір ай бойы сарайдың білім алушылары арасында ұйымдастырылған байқауға 30 шақты оқушы 5 бағыт бойынша қатысып, солардың ішінен суырылып шыққан бесеуі сахнаға көтеріліп, олардың презентациялық жұмыстары үлкен экраннан жиналған қауымға ұсынылды. Олар – экология және химия саласын зерттеп жүрген жас зерттеуші, ТМД-нің үздік жас ғалымы Тамила Жабасова, Беларусь Республикасында еркін күрестен өткен Халықаралық ашық кубогының, Қазақстан Республикасы грек-рим күресі чемпионатының жеңімпазы, еркін күрестен спорт шебері Алдияр Бекжанұлы, «Гүлдер» халықтық би ансамблі атынан шыққан Дильназ Темірғалиева, жас өнертапқыш, болашақ инженер Андрей Буторин, шешендік өнер мен креативтік ойлаудың шеберіне айналуды көздеп жүрген ділмар Гауһар Жакимовадай жауқазын дарындар.

Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ботагөз Дүйсенова төрағалық еткен қазылар алқасының шешімімен жас эколог ғалым Тамила Жабасова «Bolashaq – 2021» сыйлығының иегері атанып, оған 300 мың теңгенің ақшалай сертификаты және «Bolashaq» сарайының статуэткасы тапсырылды. Қалған қатысушыларға 100 мың теңгелік сертификаттар тарту етілді.

Осындай іс-шаралар білім алушыларды одан да үлкен биіктерге жетуге ынталандырып, олардың көшбасшылық қасиеттерін қалыптастыруға, өзін-өзі дамытуға деген ұмтылысын арттырады деген ойдамыз. Кеш соңында «Bolashaq» сарайының әнұраны шырқалып, сахна түрлі-түсті реңге боялып, жиналған қауымға ерекше әсер сыйлады.

Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар