Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Азия чемпионатынан олжалы оралды - АРҚА АЖАРЫ

Азия чемпионатынан олжалы оралды

Пауэрлифтингтен болып өткен Азия чемпионатында Ақмола облысы құрама командасының мүшелері 9 алтын, 2 күміс және 3 қола медальды қанжығаларына байлады.

Чемпионат Түркия елінің Стамбұл қаласында өтті. Жерлес спортшыларымыз Үндістан, Иран, Ирак сынды 20-дан астам елден келген ең мықты спортшылармен бақ сынасты.
–Азия чемпионаты классикалық және экипировалық пауэрлифтинг түрі бойынша ұйымдастырылды. Спортшымыз Эльза Голь Азия чемпионатында батылдық танытып, төрт салмақта өз өнерін паш етті. Нәтижесінде осы спорттың екі түрінен 4 алтын медальдан алып, бірінші орынға ие болды, – деді Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген бапкер Андрей Шаляпин. – Осылайша 57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынасқан Эльза Голь өңірге әкелінген 9 алтын медальдің 8-іне ие болып, чемпион атанды.

–Барлық спортшылар өз өнерлерін жақсы көрсете алды деп ойлаймын. Менің спортқа деген әуестігімді әкем оятты. Пауэрлифтингпен бала кезімнен айналысып келемін. Бүгін, міне, сол еңбегімнің нәтижесін көріп жатырмын. Барлық бапкерлерге, соның ішінде әкеме деген алғысым шексіз, – дейді қуанышқа толы сезіммен бұрымды спортшы қыз Эльза.
Жалпы, Азия чемпионатына жасөспірімдер арасында ақмолалық 4 спортшы бас сынасқан. Эльза Гольмен бірге 74 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Артем Тарада да жүлделі бірінші орынға ие болса, 83 келіге дейінгі категорияда Нұрсұлтан Қайыржанов 3 орынды қанжығасына байлады. Ерлер арасында өткен сайыста Сергей Вайгант 317,5 келі салмақты жатып көтеріп, бірінші орын алды. Ол Азия рекордын жаңартып, құрылық чемпионы атанды.

–Біздің спортшыларымыз өте еңбекқор. Жаттықтырулардан қалған емес. Тапсырмаларды тыңғылықты орындайды. Бүгінгі нәтижеміз сол ынта-жігерлерінің жемісі деп ойлаймын. Келесі сайыстарда да осы чемпиондарымыздан күтер үмітіміз зор, – дейді Ақмола облысының пауэрлифтинг бойынша аға бапкері Евгений Евдокимов.

Аға бапкердің келесі сайыстар деп меңзегені, осы жылы Үндістан елінде ұйымдастырылатын чемпионат. Келешегінен үлкен үміт күттіретін жерлес спортшыларымыз сол байрақты бәсекеден де жүлделі орындардан көрінетініне сенім мол.

Түркия елінде өткен Азия чемпионатында жас спортшылармен бірге ардагерлер де қатысқан. Олар да жиналған спорт сүйер қауымды өз өнерлерімен тамсандырып, әлі де өз баптарында екенін көрсетіп бақты. Осылайша тартысты өткен сайыстың нәтижесінде 83 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Шәріп Сәдуақасов, 93 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Қайрат Нұрмұқанов, 105 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Ерлан Сәрсенов жүлделі екінші орынға ие болған.

Міне, осы жемісті жеңістеріміз соңғы жылдары паралимпиядалық спорт түрлерінде алға қадам басып келе жатқанымыздың көрінісі. Азулылар сынға түсетін алдағы додаларда ел намысын жоғары қоятын спортшылармызға тек сәттілік тілейміз!

Айгүл Бекетқызы,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік Ескенов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар