«Ел үлесі – пәтерге!» жобасы одан әрі жалғасуда

«Достық» үйінде Науан Хазірет мешітінің бас имамы Қуаныш қажы Жұмабайұлының төрағалығымен жылды қорытындылаған басқосу өтті. Оған өңіріміздің бірқатар аудандарындағы мешіттердің имамдары мен қызметкерлері қатысты.

Өткен жылдың жай-жапсары жайлы есеп берген бас имам коронавирус індетіне байланысты пандемия салдарынан туындаған қиындықтарға қарамастан, мешіттер өз жұмысын ойдағыдай атқарғанын, әсіресе, қайырымдылық істерге көбірек назар аударғанын айрықша атап өтті. Өңіріміздегі барлық мешіттер ізгілікті істен сырт қалған емес.

Мешіт қызметкерлерінің бастамасымен тұрмысы төмен отбасылар мен өмірдің қиындығына тап болып отырған жанұяларға қамқорлықтар жасалып, ауқымды көмектер көрсетілуде.
Соның бірі – осы басқосу кезінде бас имамның Шортанды ауданындағы өрт оқиғасы салдарынан жапа шеккен жандарға халықтың қайырымдылық көрсетуінің арқасында бір отбасына төрт миллион теңге мен Елорданың төрінен пәтер сертификатын табыс етуі жиналған қауымды елжіретіп тастағанына «бәрекелдіден» басқа айтарымыз жоқ.

Иә, сол күні от шалған үйге қонаққа келген екі бірдей адам көз жұмып, төрт баласы жетім қалған еді-ау. «Ел үлесі – пәтерге!» жобасы аясында сол төрт бүлдіршінге қаражат жиналып, елордадан пәтер сатылып әперіледі. Бас имам осы пәтердің сертификатын тапсырып тұрып, мұндай қайғылы оқиғалар енді қайталанбаса екен деп тілек білдірді. Өз кезегінде баласы мен келінінен айырылып, қара жамылған зарлы әке көкірегі өкініш пен өксікке толып тұрса да, Қуаныш қажы Жұмабайұлының қолынан алған жаңа пәтердің сертификаты үшін зор алғысын білдіріп, ізгілігі жарасқан қайырымды жандарға ақ ниетін ақтарды. Жоғарыда айтылған төрт миллион теңгеге келсек, ол да өрт оқиғасында күйікке шалынып, ұзақ уақыт ауруханада жатып шықса да, әлі де біраз ем алуы қажет жанға жиналып беріліп отыр. Мұның бәрі иманға ұйыған, жүректері мейірімге толы ағайынның арқасы.

Сонымен қатар, өз аудандарында да қайырымдылықтың шегі жоқ екенін танытып, жылды жақсы нәтижемен аяқтаған бірқатар имамдарға Бас Мүфтидің Алғыс хаттары табыс етілді. Ал, өңіріміздің бас имамы Қуаныш қажы Жұмабайұлының өзі жуырда Қазақстан Президентінің Жарлығымен «Халық алғысы» медалімен марапатталған болатын.

Жалпы, асыл дінімізге мешіт қызметкерлері ғана үлес қоспайды, оған барша қоғам атсалысатыны даусыз. Одан әрі облысымыздың бас имамы өңіріміздегі дін істері басқармасына қарасты мүдделі мекеме басшылары мен жергілікті ақпарат құралдарының журналистеріне өз атынан Алғыс хаттар, сыйақылар, гүл шоқтарын табыс етті.
Бұл да біздің өңіріміздегі қастерлі діннің өркен жайып, елдің мұңы мен мұқтажына көмектесу ісінің жақсы жолға қойылғанының бір көрінісі іспеттес. Осының бәріне Алла разы болсын!

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар