Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ендігі мәселе – сөз бен істің үйлесімділігінде - АРҚА АЖАРЫ

Ендігі мәселе – сөз бен істің үйлесімділігінде

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзі жұртшылықтың ерекше назарын аударды.

Бірақ, алдымен біз «не және қалай?» болғанын, неден сабақ алуымызды ойластырудан бастауымыз керек. Кез-келген бағыт-бағдарда «соңғы аялдама» болады. Ел басынан өткен жағдайдағы соңғы нүкте – бейбіт митингінің қарақшылар мен қарулы террористердің қатысуымен қақтығыстарға ұласуы. Мұның бәрі әлеуметтік дүмпуге әкеліп соқты.

Әлеуметтік дүмпу дегеніміз не? Жалпы алғанда, бұл зорлық-зомбылықтың, билікті қабылдамаудың, қарсылықтың күшеюі. Әдетте, әлеуметтік дүмпу қарапайым халық арасындағы тұрмыс-тіршіліктің күрт нашарлауынан туындайды. Әлеуметтік дүмпулер көбінесе ел арасында толқу тудыруға немесе одан да бетер революцияға итермелеуі мүмкін. Кез-келген революция қашанда тұрақсыздық пен шиеленіске әкеледі.

Сұйытылған газ нарығын ырықтандыру бойынша жауапты органдар батыс өңірлерде автогаз бағасын көтеруді мақұлдауы салдарынан елде әлеуметтік дүмпу орын алды. Қарапайым азаматтар әділеттілікті талап етті. Көпшіліктің наразылығына іліккен мәселелер әр азаматқа қатысты болды.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сай, Президент өз сөзінде азаматтардың сұраныстарына жедел жауап берді. Атап айтқанда, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің бүкіл жүйесі түбегейлі қайта құрылады. Байлар мен кедейлер арасындағы теңсіздікті жоюға бағытталған негізгі бағдарлар қолға алынбақшы. Олигополияға апаратын жол қысқартылады. Ауқатты азаматтарға үлкен әлеуметтік жауапкершілік жүктелмек. Билік өкілдеріне шабуыл жасау, заң талаптарына бағынбау салдарынан жауапкершілік күшейтіледі.

Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы Қазақстаннан кезең-кезеңімен шығару басталды. Контингентті шығару үрдісі 10 күннен аспайды. «Атамекен» кәсіпкерлерді қолдау палатасы шағын және орта бизнес өкілдеріне арналған гранттарды 400 айлық есептік көрсеткішке дейін, яғни, 1 166 800 теңгеге дейін өсірмек. Жастар үшін жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде. Үкімет мүшелерінің, аймақтық әкімдердің, депутаттардың жалақысын көтеруге бесжылдық мораторий жарияланады. Ал, мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы керісінше өсіріледі.

LRT жобасы қате деп танылып, сыбайлас жемқорлықтың салдарынан сәтсіздікке ұшырады. Қытаймен шекарадағы Хоргос кедендік бекеті бақылауға алынады. Себебі, Қытай еліндегі кедендік органдармен салыстырғанда статистика бойынша миллиардтаған долларға жететін айырмашылықтар байқалған. Бұл миллиардтар бюджетке емес, біреудің қалтасына түсіп жатыр деген сөз.

2025 жылға дейін инфляцияның нысаналы дәлізін 3-4 пайызға дейін төмендету жоспарлануда. Барлық транзакцияларды және елден қаражатты негізсіз шығаратын тұлғаларды нақты қадағалау, тексеру және бақылау тапсырылды. Квазимемлекеттік сектордың бірқатар субъектілерін қайта ұйымдастыру немесе мүлдем тарату жоспарлануда.
Техникалық мамандықтарға басымдық берілмек. Шетелдік жоғары оқу орындарының жаңадан 5 филиалы ашылады. Олардың екеуі батыс аймақтарда орналасуы керек. Аймақтық саясат пен бюджетаралық қатынастарды қайта қарастыру көзделеді. Үкімет мүшелері өңірлерді ұдайы аралауы тиіс. Ал, облыс әкімдері әрбір елді мекеннің тұрғындарымен тұрақты кездесулер ұйымдастыруға міндеттеледі. Жұмыссыз жүрген азаматтардың нақты санын анықтау тапсырылды. Мемлекеттік құрылымдар мен азаматтардың арасындағы өзара іс-қимыл бюрократиясыз жүзеге асырылуы керек.

Міне, болашақта емес, жақын арада қолға алынуы тиіс экономикалық шаралардың үлкен жоспары осындай. Ел Президенті қыркүйек айындағы Жолдауында жүйелі өзгерістердің саяси блогын жариялауы тиіс. Себебі, бұл мәселелерді пысықтау белгілі бір уақытты қажет етеді. Келесі кезең қалың бұқара үшін алдағы өзгерістер туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуден басталмақ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінен кейін ішкі басқару жүйесіндегі саясатты теңдестіру мен теңгермелеудің маңызды уақыты келгендігіне шын жүректен сенемін. Бұл бізге өз тәуелсіздігіміздің төртінші онжылдығында жаңа ұлттық сана-сезімді қалыптастыру үшін жақсы мүмкіндіктер ашпақшы.

Отандастарымызды егеменді елдің даму идеясы төңірегінде бірігуге және Президенттің жүйелі реформаларын қолдауға шақырамын. Себебі, әрқайсымыз жаңа Қазақстанға – елдің жалпыға ортақ мақсатына қарай қадам басуымыз керек.

Риззат ЕЛУБАЕВ,
Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің
халықаралық қатынастар және
тарих кафедрасының меңгерушісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар