Алдымызда жұмыла кірісетін міндеттер тұр

Мен ауыл шаруашылығы саласында ұзақ жыл қызмет етіп, еңбек демалысына шыққан адаммын. Ұлттық спортты дамыту саласына да өз үлесімді қостым. Сондықтан, осы екі салада болып жатқан өзгерістерге, әрине, жалпы елімнің амандығы, жұртымның тыныштығы үшін алаңдаймын.

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев 11 қаңтар күнгі Парламент Мәжілісінде сөйлеген сөзінде елді жаңаша даму жолына түсіру үшін атқарылар істерді баяндады, бірқатар тапсырмалар берді. Енді, менің тілегім – осы тапсырмалардың бәрінің орындалуы. Сол себепті, бүгін іс басында, ат үстінде жүрген азаматтардың осы тапсырмаларды орындауға кіріскен істеріне сәттілік тілеймін. Бұл тапсырмалар тиянақты орындалса, тұрғындарға көп көмек болып, тұрмыстарының жеңілдері кәміл.

Мәселен, Президент халыққа субсидия алудың жолдарын жеңілдетуді тапсырды. Өте керек мәселе! Халық керегіне, нақты шаруасына арнап субсидия алып, жоспарлы жұмысын жүргізсе, көп жеңілдік емес пе? Әйтпесе, ауылға бөлінген қаражатты ала алмай, қиналып жүргендер көп. Жасыратыны жоқ, ауыл адамдарының, әсіресе, егде адамдардың көпшілігі компьютерді, интернет жүйесін әлі игермеген. Оған үлкен адамдар көбіне икемсіз.

Соның салдарынан құжаттар толтыруды қиын көреді. Сондай жерлерге білмегендерге көмектесетін, құжаттарын сауатты толтырып беретін мамандар қойылса деймін. Президенттің «Ауыл шаруашылығына ерекше назар аудару керек» деген кесімді сөзіне көп үміт артамыз. Тұқым, жемшөп, тыңайтқышпен қамтамасыз ету жағы да назардан тыс қалған жоқ. Үкіметке нақты тапсырмалар берілді ғой, енді, ауыл-өлкеміз дамыр, жетілер.

«Мұғалімдер тапшылығы бар өңірлерге үздік педагогтерді тартудың арнайы қолдау пакеттері бар арнайы бағдарламасын әзірлеуді тапсырамын» деген сөзі де көңілден шықты.

«Ауылдар, кенттер, аудан, қалаларда спорт нысандарын саламыз», «мәдениетті қамқорлыққа аламыз» дегендері, бәрі де қажет мәселелер. Жақсы, қолайлы спорт кешендері салынса, ол жерлерде балалар тек қана спортпен шұғылданып қана қоймайды, сондай-ақ, тәртіпке үйренеді, партриот болып өседі. Алматыдағы бұзақылар ісіне кейбір жастар еріп кетіп, дүкен мүліктерін ұрлау, тонауға қатынасқан шығар деген ой іш күйдіреді.

Тәртіпті, тәрбиелі, патриоттық рухта өскен жастар ондайларға ермей, қайта тосқауыл болуы керек еді ғой. Кітап оқымай, ұялы телефондарымен алысып кеткен жастарға ақыл сөзді, ұлттық дәстүр, сана-сезімді жеткізудің жолдарын табу керек.
Президенттің сөйлеген сөзінде көтерілген мәселелердің шешілуіне бір кісідей жұмылуымыз қажет.

Құмарғали Досов,
ауыл шаруашылығы және спорт салаларының ардагері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар