Аман бол, ару Алматы!

Алматы!.. Қайран, Алматы!.. Миллиондаған ұл-қызға бір көру арман болған Алматы едің-ау! Алатаудың алақанында жайғасқандай, таудың төл табиғатымен бірге жаратылғандай көрінетінсің. Кең көсілген дархан Қазақстанның түкпір-түкпірінен кеудесіне өнер ұялаған талай жас өркен саған жетуге асығатын, сенде оқып, жастық дәуренін сенде өткізуге ұмтылатын.

Өйткені, өнер де, білім де, мәдениет те, сұлулық пен жылылық та бір өзіңде еді ғой, Алматы!..
Кеше ғана кең көшелеріңде алшаң басып Сәкен, Ілияс, Мұхтар мен Сәбит, Ғабит пен Қаныш сияқты қазақтың небір кереметтері жүрген аңыз қала емес пе ең?! Өр қырандай Олжас, сандуғаштай сайрап, бұлбұлға теңелген Бибігүл сол саңлақтардың биіктігін, асқақтығын еске салып әлі де Алматыда тұрып жатыр.

Алматы азды-кем талабы мен талантын ұштамаққа алабұртып барған әр жүректе түюлі жүрген тұмардай ғой. Саған деген ерекше ілтипат, жүрек сыздатқан сағыныш оты ешқашан өшпес те.

Мен болсам, биіктеу дөң, төбесі болмаса, керіліп жатқан боз жусанды жазық даладан басқа биіктік көрмеген он алты жасар бала едім ғой. Самғаған самолет таң сыз бере Алатаудан аса берген. Ғажап-ай! Тамыздың тамылжыған күнінде тау шыңында арайлап атып келе жатқан таң шұғыласына жалт-жұлт шағылысып, аппақ қар жатыр! Жаздың күні!.. Мұндай да болады екен!.. Енді таудан аса бере жерге жұлдыз шашқандай көрініске тап болдық. Төменде сан мыңдаған шамдары мың құбылып, кербез созылып, Алматы жатты!.. Самолет екпінін басып, жерге аяғым тигенде ұп-ұсақ ақ жаңбыр себелеп тұр екен. Жаз ыстығын жасқағандай болар-болмас жеңіл тамшылар баяу, бірақ, жиі қонады бетке. Оны таудан соққан әсем самал жібек пердедей желпитіндей. Жұмақ дерсің!..

Сол Алматыда бес жыл оқыдық. Апырай, аппақ болып гүлдеген алма, өрік ағаштары, сирендері есті алған бақтарын араладық. Сол жерде өмірлік жарымызды жолықтырып, бала сүйдік. Қаншама дос таптық. Әлкей, Бауыржан, Рақымжан, Нұрғиса сияқты қазақтың небір даңқты батырлары, ақын-жазушылары, ғұламалары, өнерпаздарымен өткен кездесулерге қатыстық. Дипломымызды алып, қоштасар кез келіп, ауылымызға аттандық. Сөйткен, көңіліміздің төрінен мәңгі орын алған Алматы еді…

Кешегі, каңтар айының басындағы сойқан, Алматыға содырлар сілтеген сойылдардың алыста жатсақ та етімізден өтіп, жүрегімізге тигені айқын. Халқына ізгілік пен мәдениет, білім мен білік қана ұсынған ізетті қала емес пе еді?! Талай қазақ баласының асыл арманын жүзеге асырған бейбіт мекен емес пе еді?! Сұлу көркімен-ақ көрген жанның талғамын өсірген бейкүнә шаһар емес пе еді?! Қалай ғана көздері қиып, қолдары барып әсем ғимараттарын отқа орады? Қалай ғана шамшырақтарын шағып, тұрғынын тәлкек етіп, үлкенін соққыға жығып, сәбиін оққа ұшырды?!

Қайран, Алматы! Кешір, жұртыңды! Аңқау, сенгіш, ақкөңіл жұртың жаудың жар астында екенін білмепті. Қапы қалып, сені қорғап қала алмапты. Әттең!
Бірақ, өзіңді сүйген халқың сені тез арада қалпыңа келтіріп алар. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та саған барған сапарында сенде туып, сенде өскенін айта келіп, бәрімізбен бірге қинала қайғырып, сені шұғыл түрде қалпына келтіруді тапсырды ғой. Тіпті, «Алматыны бұрынғысынан да көркем етуіміз керек!» деді!

Осы сөзіне, осы пиғылына рахмет! Енді, жұртың жұмылар, халқың қол созар, Үкімет мықтап кірісер. Көз жасың тиылып, жараң жазылып, қайта гүлдерсің, Алматы!..Мойыма, жасыма, жасыл бақты, алау гүлді ару Алматы! Алдыңнан ақ күн тусын, жасыл да жайсаң қалам!

Серік Жетпісқалиев,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар