Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жұмысшы мамандығы! Оның қайтадан қадірін арттырып, беделін көтеру – уақыт талабы - АРҚА АЖАРЫ

Жұмысшы мамандығы! Оның қайтадан қадірін арттырып, беделін көтеру – уақыт талабы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 11 қаңтарда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде біздің елде бәрімізге білім туралы көзқарасымызды өзгерту қажеттігін атап көрсетті. «Гуманитарлық мамандықтармен әуестену кезеңі келмеске кетті. Басымдықты техникалық мамандықтарға беру керек. Инженерлер мен өнеркәсіпшілердің жаңа буынын өсіріп шығару қажет» деді бұл орайда Президентіміз. Осыған байланысты жақын арада елімізде Ресейдің үздік техникалық жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу жоспарланып отырғаны да тегіннен-тегін болмаса керек. Ал, 2025 жылға қарай Қазақстанда беделді шетелдік жоғары оқу орындарының кем дегенде бес филиалын ашу көзделген.

Біздің Ақмола облысында орта буын жұмысшы мамандарын Көкшетау жоғары техникалық колледжі даярлап келеді. Бұл колледж сапалы жұмысшы кадрларын оқытып шығару жөнінде қойылып отырған талаптарға жауап бере алатын, осы заманғы өндірістік шеберханалары бар, жоғары білікті оқытушылармен қамтылған оқу орны. Сондықтан да, аталған колледж туралы арнайы сөз қозғап, оның жастарды жұмысшы мамандықтарына баулу тәжірибесіне үңілу артықтық етпейтін сияқты.

Расында, еліміздің әлеуметтік-экономикалық салаларында орын алып жатқан өзгерістер мен өнеркәсіптік өндірістегі жаңғырту жұмыстары еңбек нарығындағы әртүрлі жаңашылдықтарға бейімделе алатын білікті жұмысшылар мен мамандардың болуын талап етуде. Бүгінде өндіріс орындары мамандардың біліктілік деңгейіне ғана емес, кәсіби өрісінің кеңдігіне де жоғары талап қоюда. Сондықтан, жыл өткен сайын білікті жұмысшы кадрларын даярлауда мемлекеттік тапсырыстардың көлемі артып келеді. Осы орайда, жастар әбден сыннан өткен сенімді, оқытуға барлық қажетті жағдайлар қарастырылған оқу орындарын таңдауда. Ал, біз айтып отырған Көкшетау жоғары техникалық колледжі Көкшетау қаласы мен Ақмола облысының техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі ең ірі білім беру орталығы болып табылады. Бұл оқу орны Қазақстан Республикасының үздік 10 колледжінің қатарына кіреді. Қазіргі таңда мұнда 2300 студент білім алып, өндірістік тәжірибеге қатыстырылуда. Ал, оларға 200-ден астам оқытушы-шебер сабақ береді. Соңғы 10 жыл ішінде білім ордасының материалдық-техникалық базасын нығайту бағытында қомақты жұмыстар атқарылды, жыл сайын оқу корпустары жөндеуден өтіп, кабинеттер мен оқу-өндірістік шеберханалары заманауи мамандандырылған интерактивті құрал-жабдықтармен жарақталуда. Мұның барлығы жұмысшы мамандардың кәсіби дағдылары мен іскерліктерін қалыптастырып, білім беру бағдарламаларын іске асыруға мүмкіндік беруде.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Жас маман» жобасының мақсаты – сұранысқа ие 100 мамандық бойынша 180 колледж мен 20 университетті жаңғырту және әлемдік еңбек нарығының барлық сын-қатерлері мен қажеттіліктеріне жауап беретін жаңа білім беру бағдарламалары негізінде білікті мамандарды даярлаудың халықаралық тәжірибесін енгізу. Оқу орны былтыр осы колледждердің тізіміне еніп, тиісті бағдарламаның арқасында колледжде халықаралық стандарттарға сәйкес келетін 9 жоғары технологиялық орталық ашылып, жабдықталды. Бұл орталықтар дайындық деңгейі бойынша заманауи әлемдік өнеркәсіптік өндіріс талаптарының барлық критерийлеріне жауап беретін жаңа буын мамандарын даярлауға жағдай туғызуда. Сонымен қатар, орталықтар WorldSkills ұлттық және халықаралық чемпионаттарына қатысушыларды даярлайтын лагерьлер болып табылады.

WorldSkills стандарттарын ескере отырып, салалық қауымдастықтардың, «Атамекен» кәсіпкерлер ұлттық палатасы мен жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстары негізінде мамандықтар бойынша құрал-жабдықтардың тізімі жасалды. Жабдықтардың тізімі оқу орнының «Тыныс», «КамАЗ Инжиниринг» акционерлік қоғамдары, «Қазақстан агро инновациялық корпорациясы», «Регион Строй», «Степногорск подшипник зауыты», «Комфорт», «KHS Company Group» ЖШС-лары сияқты әлеуметтік серіктестерімен және жұмыс берушілермен әрі қарай мамандар даярлау және бірлесіп жоғары сапалы өнім өндіру бойынша одан әрі ынтымақтастық үшін келісіліп жасалған.

Жалпы, жоғары техникалық колледждің бір ерекшелігі дайын өнім өндіру тәжірибесін бірге қолдана отырып оқытады. Аталмыш бағытта колледж өңірдің 45 ірі кәсіпорнымен бірлесіп, олардың тапсырысы бойынша ауыл шаруашылығы, машина жасау және құрылыс өнеркәсібі үшін 56 түрлі құрамдас бөлшектер өндіреді. Оқу орнының облыс орталығындағы өндіріс орындарымен тығыз қарым-қатынас орнатқанының айқын дәлелі, пандемия кезінде колледждің тігін цехы «Көкшетау жолдары» серіктестігі мен темір жол вокзалының тапсырысы бойынша 2 мың дана маска тігіп берді. «Тыныс» зауытының тапсырысымен колледждің білім алушылары коллектор корпусының 50 данасын, яғни, «Көкшетау 4 П» өкпені жасанды желдету аппаратының негізгі бөлшегін, мүгедектер арбасына қажетті бөлшектерді жасады.

Жас мамандарды қазіргі заманғы нарық жағдайына бейімдеп даярлау, олардың заманауи ІТ-шешімдерді жылдам игеріп, пайдалануы, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту үшін цифрлық өнімдерді әзірлеу және кәсіпкерлік қызметті оқыту мақсатында колледж базасында «Цифрлық Қазақстан үшін жас бағдарламашылар», «Бизнес-инкубатор», «Сертификатталған оқыту орталығы — 1С» IT орталығы жұмыс істейді. Инженерлік-өндірістік жұмыстар ұжымы мен студенттердің көптеген жетістіктерінің ішінде Worldskills кәсіби шеберлік чемпионаттарындағы нәтижелер ең маңызды жетістіктер болып табылады. Ұлттық чемпионат басталған 2015 жылдан бері оқу орнының қоржынына 14 алтын, 7 күміс, 4 қола медаль түсті. Биыл алтыншы мәрте өткізілген осы чемпионаттың нәтижесінде колледж 4 алтын, 2 күміс, 3 қола және 9 қосымша медальдарға қол жеткізді. Алтын медальдар фрезерлік жұмыстар, электроника, шанақ жөндеу, жиһаз жасау құзыреттіліктері бойынша жеңіп алынды. Сонымен бірге, колледж еншісінде дәнекерлеу технологиясы, жүк көліктеріне қызмет көрсету, ақпараттық кабельді желілер, инженерлік графика секілді құзыреттіліктер бойынша күміс және қола медальдар бар. Осы ретте, оқу орнының шебер студенттері Вячеслав Кононов, Николай Шипилев, Рауль Дәуренбеков, Владислав Прилежаев, Максим Катин Владислав Данильченко секілді балалардың еңбегін атап өткен жөн. Бұл жастар – ертеңгі білікті мамандар. Сол сияқты, 2021 жылдың көктемінде студентіміз Лариса Гелд EurasiaSkills-2021 чемпионатында сән технологиясы бойынша 3-орынды жеңіп алды.

Колледждің білім берудегі басым бағыттарының бірі – ғылыми-зерттеу қызметі. Біздің студенттер оқытушыларының жетекшілігімен бірнеше рет түрлі ғылыми жобалар байқауларында жүлделі орындарға ие болды. Олардың ішінде елеулі жеңістердің бірі – «Aqmola Power» байқауында 2019, 2020 жылдары қол жеткізген бірінші орындар. Биыл студенттер осы байқауға 3 негізгі бағыт – энергетика, IT-технологиялар және экология бойынша қатысып, О.Хамзин есімді студентіміз 1 орынды «ұшқышсыз» басқарылатын тепловизорлық түсіру аппаратының» жобасы бойынша иеленді. «Қоқыс комбайны» жобасын қорғаған К.Кравец 3 орын алды. Бұл байқауда «Амбу қапшығы негізіндегі жылжымалы желдеткіштің прототипін» қорғаған А.Козлов 4 орынға лайықты деп танылды. Сонымен бірге, биыл біздің студенттеріміз республиканың 100 үздік студентінің қатарына да енді. Олар – Ербол Амантаев, Әлихан Қайыр, Руслан Жайлауов. Олардың бұл жеңістері барша колледж студенттеріне үлгі-өнеге.
ТМД-ның құрамына кіретін мемлекеттердің жастар ісі жөніндегі кеңесі аясында Арменияда «ТМД үшін 100 идея» байқауының қорытынды кезеңі өтті. Онда қазылар алқасының шешімімен әртүрлі бағыттар мен аталымдар бойынша 12 жоба жеңімпаз деп танылды. Соның ішінде Көкшетау жоғары техникалық колледжінің 4 курс студенті Әлихан Қайырдың «Таза сутегімен жұмыс істейтін қозғалтқыш» жобасы «Авиация, ғарыш және көлік жүйелері» аталымы бойынша ең үздік жұмыс деп танылды.

Оқытушыларымыз студенттеріне өздері жол көрсетіп, түрлі байқаулар мен жобаларға белсене қатысып келеді. Биыл қарашада Семей қаласында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтары арасында инженерлік саладағы кәсіби шеберліктер бойынша республикалық байқау өтіп, онда колледжіміздің өндірістік оқыту шебері Александр Савосин «Графикалық дизайндағы ең үздік сызба» аталымы бойынша жеңімпаз атанды. Өндірістік оқыту шебері Арман Біләлов техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары педагогтары арасында машина жасау саласындағы республикалық кәсіби шеберлік байқауында «Автомобильдерге техникалық қызмет көрсету» құзыреті бойынша 1 орынды иеленді.

Көкшетау жоғары техникалық колледжінде студенттерге терең кәсіби білім мен дағдыларды меңгертуден бөлек, олардың тұлғалық қырларын дамыту, мәдени, әлеуметтік белсенділіктерін арттыру бағытында да жан-жақты жұмыстар жүргізіліп келеді. Оларға қоғамның рухани құндылықтары мен дәстүрлері, адамгершілік негіздері мен мораль тұрғысында іс-шаралар ұйымдастырылады. Мәселен, республикалық және облыстық деңгейдегі жетістіктерге тоқталсақ, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «KDM – LIFE» онлайн-байқауында колледждің Адиль Загайдулин басқаратын жастар ісі жөніндегі комитеті бірінші орынды иеленді. Колледждер арасында өткен облыстық зияткерлік сайыста біздің студенттер тағы да 1 орынды иеленді. Колледжде волонтерлер қозғалысы да дамып отыр. Бұл ретте, студент-волонтерлеріміз колледждің педагогикалық еңбек ардагерлеріне және мұқтаж жандарға көмек көрсетеді. Айта берсе, басқа да тәрбиелік бағыттағы жетістіктеріміз жетерлік.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған іс-шаралар аясында 2021 жылдың қаңтар айынан бастап колледжде «Игі істер автобусы» акциясы іске қосылды, оның барысында халықтың әлеуметтік осал топтарына, жалғызбасты және қамқорлыққа алынған адамдарға ақысыз көмек көрсетілді, медициналық-әлеуметтік мекемелерде, бейімдеу орталықтарында қарттарға, балалар мен ересектерге студенттеріміз қайырымдылық қол ұшын созды. Бұл игі іс әлі де осылай тұрақты жалғасын таба береді.
Болашағы зор оқу орнымыз жұмысшы кадрларын даярлауда заманның жаңа талаптарына тез бейімделіп, еліміз бойынша техникалық кәсіптік білім беру жүйесінде көптеген биік белестерді бағындырды. Ұстаздың еңбегінің жанғаны оқушыларының жеткен жетістіктері мен нәтижелерінен байқалады. Сондықтан, оқу орнының инженер-педагог кадрларына тың ізденістері мен жобаларын одан әрі жалғастырып, оқу ордасының беделі үшін әлі де жаңаша еңбек ете түсу қажет. Жастарға мамандық таңдарда «алуан алуан кәсіп бар, таңдай біл де талап қыл» дегім келеді. Біздің оқу орнын жыл сайын бітіріп жатқан түлектердің 90 пайызы жұмысқа орналасып, өздеріне тиісті жағдайларын жасауда.
Сөз соңында айтарым, жұмысшы мамандығының қайтадан қадірін арттырып, беделін көтеру – уақыт талабы деп білеміз. Мемлекет басшысының Парламент Мәжілісінің отырысында білдірген пікірі осыған дәлел.

Ақнұр ЕСЛӘМОВА,
Көкшетау жоғары техникалық колледжінің директоры,
«Құрмет» орденінің иегері.

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар