Ақмола өңірінде пластик бөтелкелерді қабылдайтын тұңғыш автоматты терминал жұмыс істей бастады. Бұл тың қондырғы Аршалы ауданының Жібек жолы ауылындағы сауда үйлерінің біріне қойылған.
– «Фандомат» деп аталатын қондырғыға 2 жарым литрден аспайтын пластик құтылар мен шөлмектерді тапсыруға болады екен. Олар кейін қайта өңдеуге жіберіледі, – дейді жобаны қолға алғандар. Ал, өткізген адамға ақша бонус ретінде ұялы телефондарындағы арнайы қосымшаға аударылып отырады.
Бұған дейін Нұр-Сұлтан қалаларында осындай қондырғылар орнатылған болатын. Мәселен, алғашқы фандомат астаналық «Артем» сауда үйіне қойылған. Елордалықтар пластикалық бос бөтелкені өткізіп, қоғамдық көлік картасын толтыра алады. Елорда да «Zhasyl Qalqan» компаниясы қайта өңдеуге жіберілетін пластикалық бөтелкелерді қабылдайтын арнайы фандоматтарды орнату бойынша әлеуметтік экологиялық жобаны іске асыруда. Олар негізінен көлік карталарын пайдаланушыларға ыдысты тапсырғаны үшін сыйақы ретінде қарастырылған. Ал, төлем бір пластикалық бөтелке 3 теңгені құрайды екен.
Сонымен, әрқайсымыз тапсырған ыдыс екінші рет қайта өңдеуге келіп түсетініне және пластикке екінші рет өмір беретініне сенімді бола аламыз. Осылайша біз еліміздің экологиясын жақсартуға және көміртегі ізін азайтуға өз үлесімізді қосатын боламыз. Бұл жобаға қатысушылар болашақта осындай мотивация жүйесін кеңейтуді жоспарлап отырғанын да айта кету керек.
«Zhasyl Qalqan» компаниясы еліміздің экологиялық болашағына бейжай қарамайтын барлық мүдделі тұлғаларды жобаға қосылуға және фандоматтар желісін кеңейтуге өз үлесін қосуға шақырады.
Иә, экологтардың айтуынша, табиғатты қорғауға бағытталған кәсіптің қаншалықты қажетті болары халықтың мәдениетіне байланысты. Қалай десек те, қалдықтарды қайта өңдеу ісі әлеуметтік тұрғыда тиімді болары сөзсіз. Демек, бизнес өкілдерінің осы бастамасын халық болып қолдасақ, оның өміршеңдігіне жол ашылып, табиғатымызға да тиімді болар еді. Сондықтан, Жібек жолы ауылындағы сауда үйлерінің біріне қойылған фандомат аппараты басқа аудандардың басшылары мен іскерлеріне, экологтарына да ой салып, игі бір іске айналады деген ниеттеміз.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Аршалы ауданы.