«Көмектеріне тәнті болдым»

Жуырда аты-жөнін өзінің қызмет бабына байланысты көрсетпеуді өтінген А. есімді бойжеткен редакциямызға хабарласып, төмендегі мына бір оқиғаны баяндады. Біз болсақ, сол сәтте күтпеген жерден басына іс түскен азаматқа көмекке келген қайырымды жандарға риза болдық. Екіншіден, осы оқиғаға жайбарақат қарамай, ол жөнінде бізге хабарлауға асыққан жас қыздың да өмірлік ұстанымы тәнті етті.

Сонымен, оқиғаға оралсақ, қаңтардың 6-ы күні А. сағат таңертеңгі 10 шамасында аялдамаға келеді. Сол мезет абыр-сабырдың үстінен түседі. Біздің жақта тыныш болса да, еліміздің батысы мен оңтүстігінде ереуіл болып, суық хабар да тарай бастаған кез. Қыз бала «Не болды екен?» деп, бой тартып, сескеніп те қалады.

Сөйтсе, аялдамада тұрған 40-тар шамасындағы жігіт есінен айрылып, құлапты. Ішімдік ішкеннен, тағы басқа жамандықтан аулақ, тек денсаулығында кінәрат болса керек. Бейтаныс жігіт құлаған бойда әскери киімді әлдебір күзет қызметкері көмекке ұмтылады. Сол арада патрульдік полиция көлігі тоқтай қалып, шұғыл «жедел жәрдем» көлігін шақыртып, ол келгенше, өздері әлгі жігітке алғашқы көмек көрсетіпті.

Көп уақыт өтпей шұғыл жеткен «жедел жәрдем» машинасына полиция қызметкері жүгіріп шығып жол ашып, оның тез жақындауына мүмкіндік жасапты. Әуелі қорқып, сосын әскерилер, полиция қызметкерлерінің бейтаныс адамға жанұшыра көмектескені қатты әсер еткен А. енді оларды қол телефонымен фотоға түсіре бастапты.

Редакцияның сол фотоларды жариялауын, қарбалас үстінде жүрсе де әскерилердің ізгі ісіне алғысын жеткізгенін қалайды.
Қарындасымыздың бұл қылығын біз, әрине, қолдаймыз. Кім болсаң да, қандай жағдайда жүрсең де қысылғанға қол ұшын бергенге не жетсін?! Ендеше, сіздерге рахмет, азаматтар! Әрқашан жолдарыңыз болып, қызметтеріңізді адал атқарып, аман жүргейсіздер!

Серік Сапарұлы,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар