Ақкөл қаласының солтүстік батысына қарай отыз шақырымдай жерде елорда әкімдігінің психоневрологиялық мекемесі орналасқан. Қалың қарағайдың бауырында, алдынан алты жүз метрдей жерде Талқара өзені ағып жатыр. Табиғаты өте тамаша. Өзеннің арғы бетінде Амангелді ауылы орналасқан. Сөздің реті келгенде айта кетейін бұл ауыл жазушы-шежіреші Жайық Бектұровтың елі.
Мен де осы елде туып өстім. Осы мекеменің ғимаратының кішкене ғана тарихына үңілетін болсақ мұны Кеңес дәуірінде Ақмоланың ірі зауыттарының бірі өздерінің еңбеккерлеріне профилакторий ретінде салған ғой.
Содан ол дәуір келмеске кеткеннен кейін жекеменшікке сатып жіберген. Ақкөл қаласының тұрғыны дәрігер И.В.Кашперский сатып алып, аудан халқына профилакторий ретінде пайдалануға кірісті. Бірақ, ол кісінің ғұмыры ұзақ болмады. Иесі о дүниелік болғаннан кейін отбасы мүшелері тағы да сатылымға қойды.
Осы кезде бас қаланың әкімдігі психоневрологиялық ауруға шалдыққандарды емдеп, қызмет жасау үшін «Қамқор» орталығын ашты. Содан бес жыл өткенде жаңа басшы Нұрбол Зұлқарнаевтың тұсында елге бара жатып, мекемеге соғып, ішкі жағдайларымен таныстым. Осы уақыт ішінде біраз жақсы өзгерістер болыпты. Қосымша жаңа ғимарат салыныпты. Қазір 370 мүмкіндігі шектеулі жандар тұратын көрінеді. Ғимарат жылы, бөлмелерде керек дүниенің бәрі бар. Сол мекеменің тұрғыны Қуат деген азаматпен сөйлескенімде, жақсы жағдайда тұрып жатқандығына толық көзім жетті. Олар 6 рет тамақтанады, адам ағзасына керек азық-түліктің бәрі бар көрінеді. Мекемеде тұрғындардың қызығушылығын ескере отырып, түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады.
2019 жылы осы мекеменің ұйғарымымен алғаш рет ментальді денсаулығы бұзылған адамдарға арналған «Асыл жүрек» бірінші республикалық шығармашылық фестивалі өтіпті. Ауру адамдар жақсы жабдықталған кітапханада отырып, әртүрлі шығармалармен таныса алады. Спортқа икемі барлар параолимпиадалық ойындарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүрген көрінеді. Ресейдің Санкт-Петербург қаласында пауэрлифтинг спорт түрінен өткен жарысқа 4 күміс, 8 қола медальға қол жеткізілсе, Австрияда өткен тау шаңғысы жарысында 3 алтын, 3 күміс медальды иеленіпті. Люксембургте бочче бойынша тағы 1 күміс және 2 қола медальды місе тұтқан.
Ал, Абу Дабиде өткен дүниежүзілік сайыста үздік бестікке кіріпті. Осылай мекеменің спорттағы жетістіктерін тізбектей беруге болады. Бұл тұрғындардың мүгедек болса да, дене шынықтыру мәселесімен белсенді айналысуына мекеме әкімдігі барлық жағдайды жасап отырандығын көрсетеді. Орталықта әртүрлі шеберханалар мен еңбек кабинеттері де жұмыс істеп жатқандығын байқадым. Емдеу мекемесінің аймағында тас жолдар салынғандығын, веложолдардың бар екендігін көрдім. Жазда ғимараттардың іші-сыртында жасыл желектер жайқалып тұратындығы айқын көрініп тұр.
Мекемеде 200-ден астам адам еңбек ететін көрінеді. Олар сол өңірдегі елді мекендерден келіп істейді екен. Мені қатты қуантқаны, туған ауылым Амангелдіден 30-40 жерлесімнің еңбек етіп жүргені. Ауылымда ешқандай жеке шаруашылық жоқ, бұл өте жаман. Келешекте ауыл жастары шетте жүрген бауырларының қолдауымен жеке кәсіптер ашар деп үміттенемін. Мекеме еңбеккерлері біздің ауылдан басқа Ақкөл, Ерназар, Талқара, Урюпинка, тағы басқа ауылдардан қатынап еңбек ететін көрінеді. Басшының айтуы бойынша осы қызметшілерді, ауруларды ауруханаларға уақытында жеткізіп тұру үшін сенімді көліктер қажет көрінеді.
Әрине, жоғарыда айтылған істерді мекеме қызметкерлері атқарып жатыр. Бәріміздің білуімізше, егер көпшілігінде бірінші басшы жаңашыл, сол саланың маманы болса, онымен қоса, әріптестерінің жақсы ұсыныстарын қолдап отырса, ондай мекеменің еңбегі табысты болады әрі өзі әр уақытта өрге өрлеп отырады. Атқарылған істерді көргеннен кейін «Қамқор» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Нұрбол Нұрбайұлы Зұлқарнаев (суретте) сондай басшы екендігіне көзім жетті. Осы жылдың қазан айының басында қырық жасқа толған Нұрбол Нұрбайұлы осы мекемеге басшы болып келгенге дейін де біраз абыройлы қызметтер атқарыпты. Алматы қаласында дүние есігін ашқаннан бері білімді де, еңбек жолын да туған қаласында бастап, біраз тәжірибе жинақтаған. Отыз бес жасында осы айтылған мекемені басқару сеніп тапсырылған. Сол сенімді зор абыроймен ақтап келе жатқан көрінеді.
Мекеме Ақкөл ауданының аумағында орналасқандықтан, Нұрбол Зұлқарнаев ауданның қоғамдық жұмыстарына белсене араласуда. Соңғы сайлауда Урюпин ауылдық округінен аудандық мәслихатқа депутат болып сайланды. Мен ес білгеннен бері Амангелді ауылында өзенде олпы-солпы көпірлер тұратын. Жазғытұрым өзен тасығанда ол көпірлерді су жуып-шайып кететін. Ауыл тұрғындары көктемде бір-екі ай айналма жолмен негізгі жолға шығуға мәжбүр болатын. Осы мәселені бірнеше жыл бойы әрбір жаңа келген әкімнің алдына қойып жүрдім, тіпті газеттердің бетінде де бірнеше рет көтердім.
Қазіргі облыс әкімінің қолдауымен соңғы аудан әкімі Алпысбай Қайыржанов мәселені шешуге бел шешіп кірісті. Онымен қоса, депутат Нұрбол Нұрбайұлы халықпен кездесуінде көпір мәселесін шешуге ат салысатындығын білдіріпті. Елордада қозғаушы күш мен болып, жергілікті жерде Нұрбол Зұлқарнаев бақылауға алып, биыл күзде ауданымыздың сыйлы азаматтарының бірі Мүбәрәк Сейітовтың құрылыс мекемесі жұмысты қолға алып, көпірді іске қосты. Амангелділіктердің атынан осы көпірді салысуға үлес қосқан азаматтарға ақсақалдық зор алғысымды білдіргім келеді.
Осы мақаланың негізгі кейіпкері Нұрбол Нұрбайұлына қырқыңда қамал бұзатын осы жасыңда халқыңа адал қызмет атқарып, зор табыстарға жетіп, келініміз Әйгерім екеуің ұлдарың Саин-Мұхамед пен Омарды жақсы азаматтар етіп өсіріп, ақсақалды ата, ақ жаулықты әже болыңдар демекпін.
Еркін Дәуешұлы,
Ақкөл ауданының құрметті азаматы.