Қимастық

Солтүстік өңірдегі Сарытомар ауылы, Сасықкөл жағалауы, Мағжан туған ауыл маңы. (Ол көлдің орны ғана қалған деуге келеді). Мағжан аралаған, арман қуған ақ қайыңды орман. Оңаша, оқшау, тұмса табиғаты тамсандырған өңір. Аққу-қазы қаңқылдаған көлдер… Апыр-ай, мына тыныштық, мүлгіген мына мекен ақын ұлды тек қана тазалыққа, тек қана сұлулыққа тәрбиелеген-ау!

Туған жері – тал бесігі не деген көркем еді!.. Сол, Мағжан көрген қалпы тұрып қалғандай. «Туған жерім – Сасықкөл» атты өлеңі еске оралмай қайтсін?.. «Сасық деп еркелетіп, ат қойған көл» демеуші ме еді?

Сыртыңда ақбоз үйлер жарасқан көл,
Байларың кедейлерге қарасқан көл.
Ағайын тату-тәтті қоныс бірге,
Саулықты сағат сайын сұрасқан көл!

Осындай ғаламат сұлу жерде туып, ағайын жұрт сыйласып, мамыражай жарасымдылықта күн кешкен берекелі ортада өскен еді-ау, қайран ақын. Қылдай қиянат, қараулыққа көне алмай, жаңа үкіметке жалпаңдап жағына кете алмай, жамандықтың жолын кесуге, кесепаттан ұлтын қорғауға жалындай ұмтылған екен-ау! Аспан айналып жерге түсіп, дүние тіксініп, қоғам қырық құбылып, қарапайым қазақ түсініп болмас төңкерістер өмірді астан-кестен қылып жатса да, жақсылықтың, әділдік пен адалдықтың мерейі үстем боларына сенді-ау, ақын көңілі!.. Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты Мағжанның өзі емес пе?! Не көрмеді, неге төзбеді?! Жақсылыққа, сұлулыққа жаны суарылмаған, өмір соққысына төтеп бере алмас жасық жаннан тұтас ұлттың намысы тұтанар ұлы жырлар туар ма еді, деп тулайды, баста бір ой!

Аяулы ата-анасы, ел жұрты өз алдына, мынау туған жері – алтын бесігі оның жүрегіне ізгілік дәнін ерте еккен ғой! Қызыл үкімет әр аттаған қадамын аңдып, аяғынан шалып, ниетінен қайтарып, сағын сындырғысы келсе де айтарын айтып өтті ғой, найзағай мінезді қайран ұл! Тек қазақтың емес, бүкіл түркі дүниесінің біртуар ақыны! …Осындай ойлар оқтын-оқтын оралып, сананы ақынға деген сағыныш дендейді. Мағжан тойына жиналған әркім оның жұмақтай әсем туған жерін көргенде әрқилы көркем қиял жетегінде болғаны кәміл.

Мәселен, мына бір жігітті айтамын-ау… Шара аяқталған шақ. Аруақты ақын тыныстаған ауа тыныштығын бұзғысы келмегендей адам тұрмақ көліктер де қаздай тізіліп үнсіз жылжып барады. Біз де темір тұлпарымызға аяқ арттық.

Қалың ағаш ішіндегі алаңқайға сахна құрылып, домбырасын ұстап, ұлттық киім киген әншілер бірінен соң бірі қазақтың небір ғажайып әндерін орындап жатқан. Жұрт тарап кетті. Сахнаға кезегі енді жеткен ұзын бойлы, шапанын желбегей жамылған, сән-салтанаты келіскен жігіт еш алаңсыз, ой үстінде, бәлкім үлкен тебіреніс үстінде көтерілді. Паңдана, асықпай-саспай отырып, домбырасын күмбірлетіп-күмбірлетіп алып, әнге басты.

Дыбыс ұлғайтқыш қосулы. Беу, шіркін! Мақпал қоңыр дауысы орман-тоғай, көл-тоғанды аралап шымырлатып шырқады-ау, бір! Көрерменнің бар-жоғы оны мазалаған жоқ. Өйткені, ол Мағжан ақын рухына арнап ән салуға келген еді! Ұшталған, шыңдалған озық өнері ұлы ақынға тағзымы еді, оның! Көліктер көк майсаны бауырымен сызып сырғып барады. Батып бара жатқан алқызыл күн шапағына шомылған, ақ қайың көмкерген Мағжан ауылының маңайын жүректен шыққан сұлу ән нұрландырып тұрды. Бұл – ұлы ақынға деген бүгінгі ұрпақтың алғаусыз құрметі, тағзымы еді. Жігіт ақын сенген жастар атынан, бүгінгі азат ұрпақ атынан оның ерлігі мен жырына алғысын жаудырып, ерте қиылған өміріне өкінгендей.

Мағжан тойына келген көпшілік әнге ұйып, ұлтын жанындай сүйген қайран ақынның қым-қиғаш тағдыры көз алдарынан тағы бір тізбектеліп өтіп, сағыныш пен өкініш жүректерін сыздатып кетіп бара жатты. Бұл 2008 жылдың Мағжан шыр етіп дүниеге келген шіліңгір шілде айы болатын. Арада біраз жыл да өтті. Алайда, сол жігіт, сол ән… сол сурет, сол әсер әлі есімнен кетпейді. Бұлай толғанған тек мен емес қой. Мағжанға деген халықтың сағынышы сарқылар ма? Есімі халқының жүрегінде мәңгі жатталған қайран Мағжан!..

Серік ЖЕТПІСҚАЛИЕВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар