Облыс әкімі Ермек Маржықпаев азаматтарды қабылдап, әрбір тұрғынның жеке мәселесі бақылауға алынатынын және тиісті шешімдер шығарылатынын жеткізді, сондай ақ, тексеруді қажет ететін кейбір жағдайларды жергілікті басшылар мен салалық басқармалардың мұқият қарастыруын тапсырды.
Облыс әкімінің қабылдауына алғашқылардың бірі болып Көкшетау қаласының тұрғыны Анжелика Васильева кірді. Осыдан бірер жыл бұрын болған қатты дауылда ол тұратын тұрғын үйдің (Бұлқышев көшесіндегі №5 а) шатырына залал келіпті. Арызданушы сол «Дауылдан кейін» бағдарламасы бойынша жүргізілген жөндеу жұмыстарының сапасыздығына шағымданды.
Бұл тұрғын үйдің шатырын жөндеуге бюджеттен 5 миллион теңгедей қаржы бөлініп, апаттан кейін қалыпқа келтіру жұмыстарын «Nurzhan» жеке кәсіпкерлігі іске асырыпты. Қала әкімінің айтуынша, арызданушының өтінішінен кейін олар комиссия құрып тексеріс жүргізген, атқарылған жұмыстар жобалық-сметалық құжатқа сәйкес келеді деп шешілген әрі жұмысты осыған жауапты техникалық бақылау қызметкерлері қабылдап алыпты. Алайда, жөндеу жұмыстары жүргізілсе де, пәтерлердің ішін сыз басып, суланады екен. Сондықтан, көктем кезінде шатырды қайта ашып, ретке келтіретіндіктерін баяндаған Бауыржан Ғайсаға облыс әкімі істі кейінге қалдырмай қыста, яғни, жауын-шашын жоқ кезде, келесі аптадан бастап қолға алуды тапсырды.
«Желтоқсан 1986 – Ақмола» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ибрагим Балтабаев пен бірлестік мүшесі Дәуренбек Жарылғасов облыс әкімі алдында Көкшетау қаласында Желтоқсан оқиғасына арналған ескерткіш орнату мәселесін көтерді және облыстық тарихи-өлкетану музейінде осы тарихтың ақтаңдақ бетіне айналған көтеріліске Ақмола өңірінен қатысушыларды насихаттайтын бұрыш ашуды сұрады. Былтыр Желтоқсан оқиғасына 35 жыл толған болатын. Өткен жылы осы тарихи оқиғаға қатысып, қуғынға ұшырап, сотталған 6 көкшетаулық азамат ақталғаны да белгілі.
Бұл дегеніміз тарих өз әділдігін орнатуда. Аймақ басшысы бірлестік мүшелерінің ұсыныстарына қолдау көрсететіндігін айтып, алғашқы мәселе бойынша Көкшетау қаласының әкімі Бауыржан Ғайса мен облыстық ішкі саясат басқармасына жуық арада қоғамдық тыңдау ұйымдастырып, Желтоқсан оқиғасына арналған ескерткішті қай жерде орнатуға болатынын талқылауды және облыстық мәдениет басқармасына ағымдағы жылғы 1 сәуірге дейін Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінде аталған тарихи оқиғаға қатысты бұрыш ашуды тапсырды. Бұған қоса, биылдан қалдырмай облыс орталығында Желтоқсан көтерілісінің тарихына арналған конференция ұйымдастыру қажеттігін айтты.
–Желтоқсан оқиғасының тарихын жас ұрпақ білуі тиіс. Қаншама жастарымыз ел тәуелсіздігі үшін опат болды, қаншамасының тағдыры тәлкекке ұшырады. Өскелең ұрпақтың бойында рухани күш-жігер мен патриоттық сезім осындай оқиғаларға қатысқан жерлестері мен аға буынның ерлігі насихатталғанда ғана қалыптасады. Сондықтан, биылдан қалдырмай, осы оқиғаға байланысты ауқымды конференция ұйымдастыру бойынша іс-шараны қолға алып, жер-жерден ғалымдарымызды шақыру керек. Әрі бұл еліміздегі аталған тақырыптағы ең алғашқы конференция болады, – деді Ермек Боранбайұлы.
Азаматтарды қабылдауға онлайн байланысқан ерейментаулық ақын Әскербек Байділдин Ерейменнің тарихы туралы шығарғалы жүрген кітабын қаржыландыруға көмек сұрап, өңір басшысы оған аудандық әкімдікпен бірлесіп, 1 миллион теңге көлемінде қаржы берілетіндігін жеткізді. Ал, «Астана Сервис Плюс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Жандос Бахтыбаев қабылдауда денсаулық сақтау саласы бойынша аймақтық колл-орталықты іске қосуды ұсынды.
Еліміздің 15 облысында іске қосылған орталық 12 миллионнан астам тұрғынға қызмет көрсетуде. Бұл «Бірыңғай медициналық контакт-орталық» 2019 жылы біздің өңірде жұмыс істеген екен, алайда белгілі бір себептермен қызметін тоқтатыпты. Аймақ басшысы: «егер қызметтің медициналық жағынан тұрғындарға пайдасы болса, әрі оған жұмсалатын қаржы ақталса, қайта іске қосу жағын қарастырыңыздар», –деп облыстық денсаулық сақтау басқармасына мәселені егжей-тегжейлі зерттеп қана, қаржы салуды тапсырды. Бұл жобаны іске қосуға 30 миллион теңге қаржы қажет екен.
Қабылдауға келген Зеренді ауданының тұрғыны Үмітжан Қожахметова мен онлайн байланысқан атбасарлық Фанузи Беркімбаеваның көтерген мәселелері – баспана жайы. Бірі үнемі ағын сулардан жапа шегіп, қиындыққа ұшырап жүргеніне шағымданып, әкімдіктен үйін сырып тастап, орнына ақша беруді сұраса, екіншісі аудан әкімдігі тарапынан уақытша берілген пәтерін қалдыруды немесе басқа тұратын мекен беруді өтінді. Бұл екі мәселе де заң бойынша реттелуі тиіс. Бірінің үйін сырып тастап, орнына әлеуметтік нысан салуға жер аумағы жетпесе, екіншісі 2009-2010 жылдары үйін қызыл су басқаннан кейін өзінің 3 бөлмелі үйінен бас тартып, аудан басшыларынан уақытша жатақхана алыпты. Екеуінің мәселесі аудан басшыларына тапсырылып, 1-1,5 ай ішінде нақты жауаптар берілуі ескертілді.
Астрахандық ақсақал Қайдар Жанабеков аудан орталығындағы бірқатар инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдық нысандарды салу барысында жіберілген олқылықтар мен Астрахан селосын көркейту жұмыстарындағы кемшіліктерге тоқталып, қалыпқа келтіру мәселелерін қарастыруға қол ұшын беруді сұрады.
Облыс әкімі ағымдағы жылғы ақпан айында арнайы комиссия жіберетіндігін айтып, барлық кемшіліктер тексеріліп, жобалық-сметалық құжаттар бойынша әрі заң шеберінде қарастырылатындығын жеткізді.
Қабылдау барысында аймақ басшысы Ермек Маржықпаев аудан әкімдері мен басқарма басшыларына тұрғындардың мәселелеріне бейжай қарамай, бақылауда ұстап, шешіп беру жолдарын қарастыруды тапсырды.
Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.