Ауылымызға көптен күткен ауыз су келді

Бүгін біздің Бейісхазірет ауылының тұрғындары үшін үлкен қуаныш, атам қазақ айтқандай, ақ түйенің қарны жарылған күн. Сол қуанышымызды сіздермен бөлісуді жөн көрдім. Өзім Қостанай облысының тумасы болсам да, мен үшін Атбасар өңірі бір бөлек. Өйткені, осы киелі жерде отбасын құрып, 4 баланың анасы атандым. Алдымен, «судың да сұрауы бар» демекші, осы судың ауылға келуіне себепші болған, еңбектері сіңген жақсы адамдар туралы айтқым келіп отыр.

Саналы азаматқа туған ауылдың ұлтарақтай жері, шипалы суы, жайнаған гүлі өшпес қымбат қазына екені белгілі ғой.
«Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады» деген ұлы Абайдың қара сөзі есіме түскенде, ойыма бірден Бейісхазірет ауылының құрметті азаматтары келеді. Атап айтсам, осы ауылдың тумалары, Борашев Серік қажы және көп жылдар бойы ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін атқарған Кадриден Кәкеновтің, осы ауыз су деп бармаған жерлері, баспаған таулары жоқ. Сол кісілердің қажырлылығы, ауылға деген жанашырлығы арқасында, Аллаға шүкір, бүгінгі қуанышты күнге де жетіп отырмыз.

Осы қуанышқа кенелуімізге тағы бір кісінің еңбегі зор. Оны да айтпасқа болмас. 2011-2017 жылдар аралығында Ақмола облысынан Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты болған жазушы, қоғам қайраткері, «Ақмола-«Тіршілік» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Жабал Ерғалиев ағамыз Бейісхазірет ауылына су жіберу жобасының қолға алынуына бірден-бір себепші болған ардақты жан. Жобаның әрі қарай іске асуына қаржылай көмек берген ауыл жанашыры, қарапайым мүмкіндіктерді көп игілігіне айналдыра алған Темірхан Мұқышев.

Осы ауылдың іргесі қаланғаннан бері ауыз судың тауқыметін тартып келе жатқан ауыз су көрші Мариновка ауылынан тасымалдап ішетінбіз. Қысты күндері айтпаса да түсінікті, сусыз отыратын кездер де болды.
2021 жылы сәуір айында ауыл тұрғындарының көкейіне бір үміт ұялады, иә, бұл шынымен де бос сөз болмады. Ауылымызға әр түрлі техникаларымен «Байсын-А» ЖШС-ы, оның директоры А.Қалмағанбетова, Бүркітбай Бекбенбетов, прораб Жәнібек Маджитов сияқты азаматтар ат басын бұрды. Қазақтың қонақжайлылығы қашанда басты орында ғой.

Мектеп директоры С.Нұрпейісов қонақтарды жылы шыраймен қарсы алып, тұратын жерлерімен таныстырып, ауылдың орталық көшесіндегі бос тұрған үйлерге орналастырды. Сөйтіп, су құбырларын тарту жұмыстары қызу басталып кетті. Сол көктемнен басталған қызу жұмыс осы бертінге дейін жалғасып, 9 ай бойғы еңбектері зая кетпей, жемісін көргелі жатырмыз. Қуанышымызда шек жоқ.

Ауылымызға көптен зарыға күткен ауыз су құбырын тартып, бізді тіршілік нәріне кенелткен Жанболат Мұқанов, Алмұрат Сәлімов, Сәулет Құлмағанбетов, Василий Челеняк, Ақназар Қожамұратов, Олег Таранеко, Олег Сахнов, Александр Тиссен, Евгений Тиссен, Николай Рыбалкин, Захар Лебедев, Александр Остер, Алексей Траченко және аспаз Айгүл Бұрашева. Жоғарыда есімдері аталған абзал ағаларымыз бен осы еңбеккерлерге, абзал жандарға алғысымыз шексіз.

Мейрамгүл Хұсайынова,
Бейісхазірет негізгі мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.
Атбасар ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар