Мемлекеттік қызмет халықтың мүддесіне сай болуы керек

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің отырысында мемлекеттік аппараттың рөліне берген бағасында: «Мемлекеттік аппарат реформалардың қозғаушы күші және орындаушысы, азаматтарға маңызды мемлекеттік қызметтерді көрсетеді, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруды қамтамасыз етеді.

Мемлекет мемлекеттік аппаратсыз өмір сүре алмайды» деп атап көрсеткені белгілі.
Оған қоса, Мемлекет басшысы мемлекеттік қызметке кадрларды іріктеу жүйесін одан әрі дамытып, артық бөгеттерді жоюға және қызмет бойынша көтерілуге зор назар аударылу керектігін ескертті. Жалпы, мемлекеттік қызмет әрбір қазақстандық үшін ашық болу керектігін баса айтты.

Қазіргі заман талабына сай елімізде мемлекеттік аппараттың әлдеқайда бейімделгіш, ұтқырлы және бәсекеге қабілетті моделін құруға бағытталған ауқымды шаралар тұрақты негізде қабылдануда.

Бүгінгі таңда мемлекеттік қызмет, нақтырақ айтқанда ондағы іске асырылып жатқан кадр саясаты біршама жоғары деңгейге көтеріліп, жаңартылды. Мемлекеттік қызметтің меритократия қағидатына негізделген мансаптық моделі сәтті іске асырылып келеді. Әрбір мемлекеттік қызметші өзінің біліктілігі, құзыреті, қабілеті, жетістіктері және өз лауазымдық міндеттерін адал орындауы есебінен мансаптық ілгерілеу мүмкіндігіне ие. Атап айтқанда, 2021 жылы жергілікті атқарушы органдарда өткізілген ішкі конкурстардың қорытындылары бойынша 116 мемлекеттік қызметші қызметке тағайындалса, олардың 67,2 пайызы жоғары тұрған лауазымдарға тағайындалды. Бұл адал еңбекті әділ бағалау жұмысының дұрыс арнаға бағытталғанын көрсетеді.

Тәлімгерлік пен тағылымдама сияқты институттар өздерінің нәтижелілігін көрсетуде. 112 мемлекеттік қызметшіге сынақ мерзімі тағайындалып, 107 мемлекеттік қызметші тәлімгерлікпен қамтылды. 81 мемлекеттік қызметші тағылымдамадан өтті.

Облысымыздың мемлекеттік органдарында үш мыңнан астам мемлекеттік қызметші еңбек етуде. Олардың сапалық құрамы жылдан жылға артып келеді, жергілікті атқарушы органдарда мемлекеттік қызметшілердің 88,8 пайызы жоғары кәсіби білімге, соның ішінде 15,1 пайызы екі немесе одан артық жоғары білімге ие. Олардың қатарында ғылым кандидаттары, «Болашақ» бағдарламасының, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының түлектері, жоғары білімнен кейін тағы оқыған және шетелдік білімге ие тұлғалар бар. Сондай-ақ, кадрлардың ауыспалылығын төмендету бойынша оң үрдіс жалғасуда. Қазіргі уақытта мемлекеттік қызмет жүйесінен кеткендердің саны 4,1 пайызды құрайды. Лауазымы бойынша жұмыс істеудің орташа өтілі 4,7 жылды құрайды, бұл мемлекеттік аппараттың тұрақтылығының көрсеткіші болып табылады.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ілгерілету шеңберінде мемлекеттік қызметке келу және оны өткеру, мемлекеттік қызметтерді көрсету мәселелері бойынша азаматтардың өтініштерін жедел әрі сапалы қарауға ерекше назар аударылады.

Облыстың мемлекеттік органдарының мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасы бойынша жұмысы өткен жылдың қорытындысы бойынша жоғары бағаға ие. Қоғамдық мониторинг көрсетілетін қызметтерге тұтынушылардың жоғары қанағаттану деңгейін көрсетті. Департамент халықпен өзара тығыз байланыста жұмыс істейді. Тұрақты негізде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Осы бағытта өткен жылы 11,5 мыңнан астам адамды қамтыған 212 іс-шара ұйымдастырылды.

Онлайн форматта азаматтарды қабылдау жүргізіліп, көтерілген мәселелер шұғыл қаралады. Ақпараттық-түсіндіру жұмысына бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер және интернет-ресурстардағы ресми парақшалар тартылады. Жергілікті Kokshe TV телеарнасында телевизиялық бағдарламалар, сюжеттер, тікелей эфирлер көрініс тауып отырады. Білікті кадрларды даярлау мемлекеттік басқару саласы үшін әрдайым өзекті міндет болып қала береді. Заңнамаға сәйкес мемлекеттік қызметшілер үнемі қайта даярлаудан, біліктілікті арттыру курстарынан өтеді.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен екінші рет Президенттік жастар кадр резерві жасақталды. Бұл жоба жас мамандарды дамыту, олардың әлеуетін іске асыру мақсатын көздейді. Департамент аталған жобаны іске асыру бойынша кең ауқымды ақпараттық-түсіндірмелік жұмыстар жүргізіп, нәтижесінде 407 ақмолалық азамат іріктеуге қатысты.

Жастарға бағдарланған жобалардың тағы бірі – жас мемлекеттік қызметшілер мектебі. Бұл мектеп дарынды жастарды мемлекеттік қызметке тартуға, сондай-ақ, олардың мемлекеттік органдарда жұмыс істеу дағдыларына ие болу мүмкіндігін арттыруға бағытталған. Айта кету керек, 2018 жылдан бері жалғасып келе жатқан бұл мектепті бүгінгі күнге дейін 299 студент сәтті аяқтады.

Олардың арасында Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің, гуманитарлық-техникалық академияның студенттері бар. Жалпы, бізде осы бағытта аталған жоғары оқу орындарымен тығыз ынтымақтастық орнатылған. Атап айтқанда, департаменттің, жоғары оқу орындарының және мемлекеттік органдардың арасында үшжақты меморандумға қол қойылып, соның аясында соңғы курс студенттерінің мемлекеттік органдарда кәсіптік тәжірибеден өтуі ұйымдастырылуда. Осы үйлесімді жұмыстың арқасында студенттер мемлекеттік қызметтің құндылықтары мен қағидаттарын түсініп, кәсіби құзыреттерді қалыптастырады және біліктіліктерін арттырады.

Заманауи Қазақстанның мемлекеттік аппараты қоғамның сұраныстарын тиімді қанағаттандырып, әрбір азаматтың өмірін жақсартуға ықпал етуге талпынады. Бұл үшін мемлекеттік қызметшілер жоғары моральдық қасиеттерге, басқарушылық талантқа ие болуы, ыждаһатты және сындарлы болуы, халыққа адал қызмет етуге, өздеріне міндеттемелер мен жауапкершіліктерді алуға дайын болуы тиіс. Мемлекет басшысының бұл ретте, мемлекеттің басқару саласына әлі де болса, кешенді реформа қажет дегенін біз жақсы түсінеміз. Кадрлық әлеуетті көтеру, формализмді, жемқорлықты ауыздықтау керек. Президентіміз алға қойған бұл міндеттерді шешу – бәріміздің ортақ парызымыз.

Берген БЕСПАЛИНОВ,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің
басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар