Егістік алқапқа ұқыппен қар тоқтатылса, оның егін шығымы мен өніміне игі әсер етері сөзсіз. Әйтпесе, тіпті, қар қалың жауған күннің өзінде қатты соққан желдің оны жоққа тән етері бар.
Сол себепті де диқандар бұл жұмысқа баса назар аударады. Тынымсыз, ауа-райы мен жер бедерін, жел бағытын бақылай отырып, ретімен атқарылған іс нәтиже бермей қоймайды. Ақпан, наурыз айларындағы қарлы боранның қарын ұстап қалу үшін ақпанның басына дейін қар тоқтату жұмыстарын аяқтау керек. Міне, осыны түсінген диқандар қауырт та сапалы жұмыстарын жалғастыруда.
Аудан бойынша қар тоқтату жоспары 10 мың гектар болса, осы күндері 8 мың гектар жер игерілді. Бұл жұмысқа 5500 гектар жері бар «Кеңбидай Астық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, 500 гектар жері бар «Құралай МК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2000 гектар жері бар «Ақжол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сияқты ауыл шаруашылығы компаниялары жұмылған. Олар өз техникаларымен қысқы жұмысты қарқынды жүргізуде.
Айта кетер болсақ, Қорғалжын ауданында ауыл шаруашылығымен айналысатын 42 жауапкершілігі шектеулі серіктестік және 101 шаруа қожалығы бар. Биыл жоспар бойынша 146 585 гектар жерге егін егіледі деп жоспарланып отыр. Оның ішінде 140 499 гектар дәнді дақылдар алқабы.
Құсайын Жұмашев.
Қорғалжын ауданы.