Ақмолдағы жаңа дене шынықтыру кешені

Ақмол ауылында ашылған екі қабатты жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені өзіне спортпен айналысып, салауатты өмір салтын ұстағысы келетін жандарды көптеп тартуда.

Аталмыш елді мекенде бұрын-соңды мұндай спорт кешені болмаған. Сол себепті де аймақ тұрғындарының, әсіресе, жастардың қуанышында шек жоқ. Заманауи жабдықталған жаңа ғимаратта жүзу бассейні, шағын футбол, волейбол, гандболға арналған ойын залдары, жаттықтырушылар бөлмесі, сонымен қатар, науқастар мен мүгедектерді оңалтуға лайықталған екі жаттығу залы бар. Бұдан басқа, медициналық және массаж кабинеттері, буфет және 124 жанкүйерге арналған жайлы әрі қауіпсіз трибуналар орналасқан.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсет Бүкібаевтың айтуынша, Ақмола облысында екі жарым мыңнан астам спорт нысандары жұмыс істейді. Оның ішінде елді мекендерде 1736 спорт кешені бар. Осындай нысандардың салынуының арқасында облыста спортпен тұрақты айналысатын адамдар саны артып келеді. 2020 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 5 пайызға артып, бұқаралық спортпен айналысатын адамдар саны 35,7 пайызды құрап отыр. Бұл шамамен 263 мың адам.

Жаңа кешеннің ашылуы аудан тұрғындарын шын қуантып тастады. Ендігі арада бұл орталықта бүлдіршіндер кішкентайларынан спорт секцияларына барып, үлкендер бос уақыттарын өздері сүйген спорт түрлеріне арнап, тұтастай аудан бойынша жақсы бір салауатты өмір салты қалыптасары анық. Қазірдің өзінде осыған жақсы негіз қаланғанын мына мазмұны сан алуан фотосуреттерден де аңғаруға болады. Ендеше, ақмолдық тұрғындарға есігін айқара ашқан спорт кешені үлкен-кішіге тек шаттық сыйласын дейміз!

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар