Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Сыздықов аймақтағы коронавирус жұқпасының таралуына байланысты жағдай өткен аптаға қарағанда азырақ бері қарағанын айта келе, қазіргі уақытта облыстың медицина саласының даму барысына тоқталды.
Облыста соңғы аптада коронавирус инфекциясы бойынша 5591 дерек тіркеліп, көрсеткіш алдыңғы аптаға қарағанда 1394 жағдайға кеміген. Пандемия белең алғалы өңірде 65500-ден астам адамнан індет зертханалық жолмен анықталса, биыл әлден осындай 16 мың оқиға тіркеліпті. Бүгінде 9384 адам амбулаторлық ем қабылдауда. Нариман Сыздықов брифингте КВИ-ге қатысты ұйымдастырылып жатқан әдеттегі іс-шараларға, вакцинация мен ревакцинация мәселелеріне кеңінен тоқталып, халықты барынша жұқпадан сақтануға шақырды.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің жоспарына сәйкес Ақмола облысында 479 160 адам вакцина алуы тиіс. Бүгінгі күні екпенің бірінші компонентімен 378 мың адам егіліпті, яғни, белгіленген жоспар бойынша 72 пайызы вакциналанған, екінші компонентімен 321 мың адам егілген немесе жоспардың 67 пайызы орындалған. Комирнати (Pfizer) вакцинасын 66 105 адам салдырған. Облыста ревакцинацияны 212 587 адам алуы тиіс. Бүгінгі күні 73 814 адам қайта вакцинациядан өтіпті. Одан әрі Нариман Ермекұлы өңірдегі денсаулық сақтау саласына қатысты басқа да келелі мәселелерді қозғады. Мәселен, өткен жылы облыста өлім-жітім саны 10 пайызға артыпты, соның ішінде ана өлімінің көрсеткіші 2020 жылмен салыстырғанда 41 пайызға өскен. Тіркелген 5 жағдайдың 4-еуінде жас аналардың коронавирусқа шалдыққаны белгілі болды.
Бүгінгі таңда, өңірде 560-ден астам медициналық нысан жұмыс істеп тұр. Алдағы бірер жылда олардың саны тағы бірнеше медициналық мекемемен толығады. Нақтырақ айтқанда, Қараөткел ауылында амбулатория, Көкшетауда көпсалалы аурухана салу жоспарланған. Барлық жұмыстар облыстық денсаулық сақтау басқармасының жіті бақылауында.
Өңірде маман тапшылығы әлі де өзекті, медицина саласына әлі де 240-тан астам маман жетіспейді. Әсіресе, жұқпалы аурулар дәрігері, анестезиолог, реаниматолог секілді жоғары білімді дәрігер мамандар жеткіліксіз. Осы ретте, кадр тапшылығы мәселесін шешу үшін жыл сайын медицина саласына бірнеше оқу гранттары бөлінуде.
–Жас мамандарға жағдай жасау облыстық денсаулық сақтау басқармасының алдында тұрған басты міндеттердің бірі. Осы уақытқа дейін өңірге жұмысқа келген 53 маманның 39-ы баспанамен қамтылды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады, –деді Нариман Сыздықов. – Медициналық нысандардың материалдық-
техникалық базасын нығайту да шешімін күттірмейтін мәселе. Ауруханалар мен емханалар неғұрлым заманауи қондырғылармен жабдықталса, денсаулық сақтау саласының сапасы да соғұрлым жақсара түсері анық. Сол себепті биыл бұл мақсатқа 1,3 миллиард теңге қаржы жұмсалмақшы.
Былтыр облыстың 170 мың тұрғыны қажетті дәрі-дәрмекпен қамтылыпты. Бұл бұрнағы жылға қарағанда 7 пайызға жоғары. Сәйкесінше дәрі-дәрмек жетіспеушілігіне қатысты тұрғындар тарапынан келіп түсетін шағымдар да біршама азайған көрінеді. Сонымен бірге, ауруханаларды дәрі-дәрмекпен қамтуға 4,6 миллиард теңге бөлу жоспарлануда.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.