Жас абайтанушылар анықталды

Жуырда «Абайтану» республикалық олимпиадасының облыстық кезеңі онлайн түрде өтіп, онда өңір мектептерінің 9-11 сынып оқушылары қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен өз білімдерін сынады.

Облыстық білім басқармасына қарасты «Ақмола дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау жөніндегі орталығы ұйымдастырған бұл олимпиаданың мақсаты – Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын толық меңгеру арқылы кемеңгер ойшылдың ақындық болмысына үңілуге, Абайдың шығармашылық өмірінен ғибрат алып, оны өмірде қолдана алуға бағыттау, зияткерлік және шығармашылық қабілеттерін дамыту.

Олимпиадаға Ақкөл, Аршалы, Атбасар, Бұланды, Бурабай, Біржан сал, Жақсы, Зеренді, Целиноград, Шортанды аудандары мен Көкшетау және Степногорск қалаларының мектептері мен дарынды балаларға арналған мектеп-интернатынан 30-дан астам оқушы қатысты.

Екі кезеңнен құралған олимпиаданың алғашқы сайысында оқушылар эссе жазса, екіншісінде Абай Құнанбаевтың шығармалары, сондай-ақ Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романының мазмұны бойынша сұрақтарға жауап берді.

Облыстық кезеңнің қорытындысы бойынша Ақкөл ауданының Новорыбин ауылы мектебінің 9-сынып оқушысы Мәдина Өмірбек, Целиноград ауданының Талапкер ауылы орта мектебінің 10-сынып оқушысы Бауыржан Ибрагимов, Көкшетау қаласының №19 орта мектебінің 11-сынып оқушысы Айнұр Кәрімжанова І-дәрежелі дипломға ие болды. Қалған жүлдегерлер ІІ және ІІІ дәрежелі дипломдармен, арнайы грамоталармен марапатталды. Жеңімпаздар енді IV «Абайтану» олимпиадасының республикалық кезеңінде Ақмола облысының намысын қорғайтын болады.

Ырысалды ШАМШИЕВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар