Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Егіс алқаптарында қысқы қар тоқтату: тәжірибе мен нәтиже - АРҚА АЖАРЫ

Егіс алқаптарында қысқы қар тоқтату: тәжірибе мен нәтиже

Диқандар үшін топырақ ылғалдылығын толықтыру мақсатында қысқы атмосфералық жауын-шашынды тиімді пайдалану өте өзекті болып табылады. Топырақ ылғалы барлық агротехникалық әдістердің тимділігін анықтайды, бұл себу мерзіміне, тыңайтқыштардың тиімділігіне, арамшөптермен күресуге және нитрификациялық процестердің өтуіне қатысты.

Солтүстік Қазақстанда соңғы жылдары аномалды температура мен атмосфералық жауын-шашынның біркелкі түспеуі жиі байқалуда. 2020-21 жылдар да бұдан қағыс қалмады. 2020 және 2021 жылдардағы вегетациялық кезеңдер ыстық температура мен құрғақшылық құбылыстардың көрінісімен сипатталды, әсіресе, ауыл шаруашылығы дақылдарының бірінші өсу кезеңінде осылай болды. Күзгі топырақ ылғалының қоры және 2021-2022 жылдардағы қараша-қаңтар айларында қысқы атмосфералық жауын-шашынның түсу сипаты белгілі бір алаңдаушылық пен сұрақтар туғызады. Бір жағынан, Шортанды ауданы жағдайында топырақтағы күзгі ылғал қорының аз болуы, екінші жағынан, қар тоқтату жұмыстарын жүргізудің қаншалықты қажет екендігі ойлантуда. Көктемгі топырақ ылғалының қоры негізінен, еріген қар суының есебінен толықтырылатыны белгілі. Топырақты өсімдік тамыры жайылатын қабатқа дейін ылғалдандыру керек, ол әсіресе, дәнді дақылдар үшін бір метр топырақ қабатынан кем болмауы қажет. Ақмола облысы жағдайында топырақ ылғалының күзгі қорына жазғы кезеңнің қуаңшылығы мен қыркүйек-қазан айларындағы жауын-шашынның аз мөлшері әсер етті.

Қара топырақты аймақтың басым бөлігінде күз мезгіліндегі топырақтың бір метр қабатындағы ылғал қоры төмендегідей: Сүрі танапта (жақсы дайындалған) – 110,0-124.0 мм, аңыз сабақты алғы дақылдарда 32.3-43,3 мм. және көп жылдық шөптерде 31,0-40,0 мм айналасында. Бұл аз ба немесе көп пе? Бұл – көпжылдық мәліметтерге жақын орташа көрсеткіштер. Қара-қоңыр топырақ аймағында орналасқан Шортанды ауданының «Новоселовское» ЖШС шаруашылығында топырақ ылғалының қоры 15-20 пайызға аз. «Жәкен 1» ЖШС шаруашылығының 70 пайызға жуық танаптарында қар жамылғысының биіктігі 18-23 сантиметрді құрайды. Ал «Раевское» ЖШС-інде беткейлердің экспозициясына байланысты қар жамылғысының биіктігі 14-25 сантиметр деңгейінде. Аудара өңделген егістіктерде іс жүзінде қар жамылғысы жоқ. Бұл жағдайға байланысты келесідей сұрақтар туындайды. Қар тоқтату жұмыстарын жүргізу қажет пе жоқ па, екінші жағынан, топырақтағы күзгі ылғалдың қоры үлкен оңтайлылық тудырмайды. Қаңтар айында айтарлықтай жауын-шашын болған жоқ және ақпан айының бірінші жартысында айтарлықтай жауын-шашын бола қоймады. Сондықтан, танаптық жағдайдағы қар массасының тасымалданып жатуына байланысты, қазірден бастап қарды тиімді «ұстау» үшін қар тоқтату жұмыстарын жүргізу керек. Жауын-шашынның түсу ықтималдығы қыстың екінші жартысының соңында өте жоғары және бұны соңғы жылдардағы болып жатқан үрдістер растайды. Тек 2 өңдеу жүргізілген сүрі танаптардың бір метр топырақ қабатындағы ылғалдың мөлшері 70-80 миллиметрді құрайды. 2021-22 жылдардың қараша-қаңтар айларындағы қысқы атмосфералық жауын-шашынның түсуі сипаты белгілі бір сұрақтарды туындатады. Жауын-шашын мөлшері әдеттегі көрсеткіштен төмен. А.И.Бараев атындағы АШҒӨО метеостанция деректері бойынша, 2021-2022 жылдардың қараша-қаңтар айларының суық кезеңінде жауын-шашын мөлшері 30,0 милиметрді құрады. Бұл орташа көпжылдық көрсеткіштерден төмен, ал орташа көп жылдық 55,9 миллиметрді құрайды. Деректер көрсеткеніндей, құрғақшылық 12 жылдың ішінде тек 3 рет қайталанады, 2010, 2012 және 2021 жылдар өте құрғақ болған кезде, қыстың бірінші жартысындағы жауын-шашын мөлшері нормадан 25-65 пайызға төмен болды. Қысқы кезеңдегі (қараша-наурыз) жауын-шашынның жетіспеушілігі мен құрғақшылықтың көрінісі арасындағы байланыс 2010 және 2012 жылдары расталды. 2020-2021 жылдары қысқы жауын-шашын мөлшері көпжылдық көрсеткіштерден асып, қолайлы жылдар деңгейінде болғанда бұл қатынас расталмады. Ағымдағы 2021-2022 жылдары қыстың бірінші жартысындағы жауын-шашын мөлшері жоғарыда аталған жылдармен сәйкес және жауын-шашын тапшылығы көпжылдық деректердің шамамен 50 пайызын және жауын-шашынның шамамен 50-60 пайызын құрайды, мысалы, 2018-2019 жылдары 1991, 2010 және 2012 жылдардағы құрғақ жылдардан кейін, тек 1992 және 2011 жылдары, яғни, олардың 2/3 жағдайында, қолайлы вегетациялық кезеңмен сипатталды. 1992 және 2011 жылдардағы вегетациялық кезең уақтылы және жеткілікті жауын-шашынмен сипатталғаны есімізде. Бірақ, бұл тек қысқы кезеңнің бірінші жартысын салыстыру.

Қазіргі уақытта топырақтағы ылғал мөлшерінің аз екені анық, сондықтан, оны қысқы жауын-шашынмен толықтыру қажет. Аңыз сабақты алғы дақылдар бойынша топырақ ылғалының қорын толықтыру негізінен, қысқы жауын-шашынға байланысты. Аңыз сабақты алғы дақылдар ауыспалы егіс алаңының 80-90 пайызын құрайды. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы жинағының 85 пайызы аңыз сабақты алғы дақылдарға тиесілі.

Кейбір өткен аяздардан кейін қар тоқтату жұмыстарын жүргізу үшін қар жамылғысының жеткілікті деңгейде жоғары тығыздылығы байқалады, бірақ бұл барлық алғы дақылдарда емес. Қар жамылғысының жеткілікті мөлшерде болмауы және қаңтардың салыстырмалы төмен температурасы топырақтың күзгі ылғалдану тереңдігіне дейін тоңдануына ықпал етті.

Талдаулар нәтижесі көрсеткеніндей, соңғы жылдары ауа райы жағдайларының бірдей жылдарын табу өте қиын, мысалы жауын-шашын мөлшерінің түсуі сәйкес болса, температура режимі сәйкес келмейді немесе керісінше. Қазіргі кезде пайда болған жағдайларды ескеруге болады, бірақ, ұқсас шешімдерді іздеп, ұқсас көрінетін жылдарға назар аударуға болмайды. Көп жылдық бақылаулар көрсеткеніндей, аңыз сабағының биіктігі 18-22 сантиметр және қар тоқтатпаған танаптарда топырақтың ылғалдануы небәрі 60 сантиметр болды. Сүрі танаптар бойынша екінші қыстағы сүрі жер қардағы су қорының тек 17-22 пайызын ғана сіңірсе, аңыз сабақты алғы дақылдарда бұл көрсеткіш 60 пайызға дейін жетті. Ал, қалған су буланып немесе танаптан ағып кетіп отырады.

Көктемде түсетін жауын-шашын негізінен, булануға бейім болатындықтан, ылғалдың топырақтың генетикалық қабаттарында таралуы өте маңызды болып табылады. Ал біздің жағдайымызда 70 пайызға дейінгі ылғал топырақтың жоғарғы 0-30 сантиметр қабатында жинақталып, төменгі генетикалық қабаттар дерліктей құрғақ екені анықталды. Бұл барлық топырақ аймақтарына ұқсас жағдай. Сондықтан, қазіргі жағдайда қысқы ылғал жинау шараларын жүргізудің маңызы өте зор, әсіресе, күзгі терең өңделген танаптарда. Ал, аңыз сабағы биік қалдырылған танаптарда бұл жұмысты жүргізбеуге болады. Сонымен бірге, ландшафттың жекелеген элементтерінде табиғи қар жамылғысы жақсы болуы мүмкін. Топырақтың ылғалдануы қардағы су қорына және топырақтың тоң қабатының жібу қарқындылығына байланысты.

Күзгі топырақ өңдеу жұмыстары жүргізілген танаптарда қар тоқтату міндетті және атжалдардың биіктігі 35-40 сантиметрден кем болмауы керек, бұл мөлшермен 70-110 миллиметр суды құрайды. Қарды дұрыс тоқтату арқылы құрғақшылық пен ыстықтың әсерін азайтып қана қоймай, сонымен қатар, 1 гектардан қосымша 2-3 центнер астық алуға мүмкіндік туындайды.

2020 және 2021 жылдардағы тәжірибелер атмосфераның құрғақшылық жағдайында өсімдіктердің маусым және шілде айларындағы құрғақшылыққа төтеп беруі топырақтың жақсы ылғалдануының арқасында ғана іске асатындығын көрсетті. Тегіс танаптарда топырақтың ылғал қоры жеткіліксіз болған жағдайда, өңдеуге қарамастан, қар тоқтату жұмыстарын жүргізу қажет. Біздің зерттеулеріміз топырақта ылғал қоры айтарлықтай жеткілікті болған кезде өсімдіктер маусым айындағы қуаңшылыққа шыдайтынын және шілде-тамыз айларында жауын-шашын түскенде ауыл шаруашылығы дақылдарының мол өнімі қалыптасатынын нақты дәлелдеді. Әрине бұл, өсіру технологиясының барлық талаптары орындалған кезде ғана іске асатынын ұмытпаған абзал. Біз нақты дәлелдер мен факторларды, сондай-ақ, жылу мен құрғақшылықтың әсерін жұмсартуға және азайтуға мүмкіндік беретін жағдайларды ұсынамыз. Оң тәжірибелер де бар. Мысалы, өте ыстық ауа райына қарамастан, ғылымның ұсыныстарын ұстанған ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері сапалы және жоғыры өнім алды. 2020-2021 жылдардағы қуаңшылықта Шортанды ауданының «НұрАстық», «Жәкен-1» шаруашылықтары 7,0 және 8,0 мың гектар алқапта тиісінше орташа есеппен гектарынан 17-20 центнерден жаздық бидайдың жоғары сапалы өнімін алды. Астрахан ауданына қарасты «Фермер 2002» ЖШС соңғы жылдары жаздық бидайдың бір гектарынан 2,0 тоннаға дейін тұрақты түрде өнім алуда. Бұл өте жақсы мысалдар. Сонымен қатар, ғалымдардың ұсыныстарын елемеген ауылшаруашылығы тауар өндірушілері 6-8 центнер ғана өнім алды.

Біздің 2020-2021 жылдары егін өсіру технологиясының барлық элементтерін пайдалана отырып жүргізген ғылыми зерттеулерімізде аңыз сабақты алғы дақылдар бойынша жаздық бидайдың өнімділігі жоғары сапалы көрсеткіштерімен бір гектардан 26-30 центнерге дейін жетті. Өсіру технологиясының элементтері сақталмаған (қарапайым технология) жағдайда жаздық бидайдың өнімділігі тек 8-10 центнерді құрады.

Топырақты су эрозиясынан қорғауға ерекше назар аудару керек. Қысқы қар тоқтату жұмыстарын жүргізгенде танаптардың жер бедерін ескеру маңызды, мысалы, беткей бойымен қар тоқтатуға болмайды, әсіресе, танапта күзгі терең қопсыту жұмыстары жүргізілмеген болса. Сонымен бірге, сүрі танаптарда қар тоқтату жұмыстарын мұқият жүргізу талап етілетіндіктен, мыналарды ескерген жөн: біріншіден егер күзгі топырақ ылғалының қоры жеткілікті деңгейде болса, қар тоқтатудан бас тартуға болады. Екіншіден беткей бойымен қар тоқтатуға мүлде болмайды. Еріген судың топырақ бетімен ағуы, топырақтың шайылуы, жыралардың пайда болуы негізінен, сүрі танаптарда жүреді. Ең алдымен, өсімдік қалдықтары мен аңыз сабақтары аз және қар қалыңдығы шамалы, әлсіз проекциялық жамылғысы бар топырақтарға назар аудару керек. Көктемгі мезгілде мұндай танаптардың бетінен топырақ ылғалдылығының қарқынды булануы жүреді.

Күзгі топырақ өңдеу жұмыстары жүргізілген беткейлі танаптарда қарқынды түрде қар тоқтату жұмыстарын жүргізу ұсынылмайды.

Олеся Баймұқанова,

Жұмабек Бақытбек,

А.И.Бараев атындағы Шортанды астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының ғылыми қызметкерлері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар