Андрей – болашақ инженер

Облыс орталығындағы №2 мектеп-лицейінің 10 сынып оқушысы Андрей Буторин «Болашақ» сарайындағы бірнеше үйірмеге барады. Себебі, ол оқушылар сарайындағы ғылыми-техникалық бағыттағы осы үйірмелерге қызығушылықпен қарайды.  

Андрей «Болашақ» сарайындағы инновациялық-техникалық паркі – «Креатив» үйірмесіне де қатысады. Мұнда ол металл өңдеу станоктарында және сандық бағдарламалық басқарылатын станоктарда жұмыс істеу әдістерін үйренеді. Қазіргі уақытта ол бұрау, бұрғылау, қайрау және маятникті аралау жұмыстарын сәтті игеруде.  Сандық басқарудағы фрезерлік машинамен де жұмыс істеуде.

STEAM зертханасындағы үйірмеде Андрей радиомонтаждау дағдыларын жетілдіруде, ардуино желісінің микроконтроллерлерін бағдарламалауды және 3Д модельдеу мен басып шығаруды меңгеріп жүр. Қазіргі уақытта ол сандық бағдарламаны басқару модульдік машина жобасымен айналысуда. Андрей осы аталған білім мен дағдылардың оған мехатроника инженері мамандығын игеруге көмектеседі деп санайды. Бұл үйірмеде Андрей тәрізді STEAM бағытын таңдаған 13 оқушы бар.

Сонымен бірге, «Болашақ» сарайының қызықты үйірмелерінің бірі – «Recycling club» – эко-жобалар шеберханасында біздің болашақ инженер қайталама шикізатты өңдеу, оны сұрыптау әдістерімен және оның қоршаған ортаға қандай теріс әсер етуі жайында, планетаны қалай өзгерте алатынымыз жөнінде танып білуде. Бұл шеберханаға 17 оқушы келіп, экологиялық бағытта өз білімдерін жетілдіруде. Қазіргі таңда біздің кейіпкеріміз пластиктен жіп жасау орайындағы техникалық процесті әзірлеумен айналысуда, кейін оны жұмыс қолғаптары мен киімдеріне арналған мата өндірісінде пайдаланбақшы, яғни, жас зерттеуші заттарды қайта өңдеуге де аса қызығушылық танытып отыр. Осылайша, ол табиғатқа, әсіресе, экологияға кері әсер ететін қоқыс мөлшерін азайтуға болады дейді.

Андрейді қазіргі талабына қарап, болашақ инженер десек те болады. Осы уақытқа дейін бірқатар қалалық, облыстық, республикалық форумдар мен байқауларға, ғылыми-жобаларға да қатысып, өзінің ізденістерінің арқасында бірталай жетістіктерге жетіп үлгерген. Мәселен, ол «Мамандықтар әлемін ашамыз» атты республикалық форумның «Осындай да мамандық бар» тұсаукесер аталымында жеңімпаз атанды. Андрей «Ұлы өнертабысқа алғашқы қадам» республикалық инновациялық идеялар байқауында ерекше көзге түсті. Республикалық ғылыми-жобалар байқауында бірінші дәрежелі дипломға ие болса, әл-Фараби атындағы ІТ-лицейінің робототехника бойынша дәстүрлі «IT Championship-2021» қалалық олимпиадасында да жеңімпаз атанды. 2021 жылдың соңында «Болашақ» сарайында қосымша білім үйірмелерінің қатысушылары арасында өткен «Болашақ сыйлығы» байқауында да Андрей өзінің ізденгіштігімен көзге түсіп, бас жүлдені алмаса да, үздік бестіктің қатарынан көрініп, 100 мың теңгелік сертификат пен ұйымдастыру алқасының арнайы дипломына ие болды.

Ы.ШАМШИЕВА.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар