Сенаторлар ауыл шаруашылығына цифрлық технологияларды енгізу мәселелерін зерделеді

Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің депутаттары Ақмола облысының Целиноград ауданында көшпелі отырыс өткізді.

Сенаторлар Ауыл шаруашылығы министрлігінің, жоғары оқу орындарының өкілдерімен және фермерлермен бірлесе отырып цифрландыруды, ғарыш мониторингі технологиясын енгізу және ауыл шаруашылығы жерлерін қашықтан зондтауға қатысты мәселелерді талқылады.

Сенат комитетінің хатшысы Ақылбек Күрішбаев аграрлық саланы дамытуда ауыл шаруашылығы процестерін цифрландырудың маңызы зор екенін, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында АӨК-ке жоғары технологияларды енгізу міндеттерін сол үшін де қойғанын атап өтті. «Ауыл шаруашылығын цифрландырудың басты міндеті – осы өнімді өндіруге жұмсалатын шығындарды азайту, оның сапасын арттыру және сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу болып отыр.

Бұл тұрғыда цифрлық технологияларды енгізудің әлемдік тәжірибесін қолдану – айтарлықтай экономикалық тиімділікке қол жеткізеді», – деп атап өтті сенатор Ақылбек Күрішбаев өз сөзінде. Еліміздің ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері кездесу барысында осы бағытта жүргізіліп жатқан бүгінгі таңдағы жұмыстар туралы айтып берді. АӨК мемлекеттік қызметтерін дамыту және цифрландыру департаментінің директоры Бернат Алпысбековтың айтуынша, еліміздің мал шаруашылығындағы селекциялық жұмыстар мен асыл тұқымды есепке алу процесін цифрландыру Plem.kz сайтында жүзеге асуда.

«Бұдан басқа, автоматтандырылған «E-Agriculture« бірыңғай жүйесі қызметінің арқасында бизнес-процестерді цифрландыру арқылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің рәсімдері айтарлықтай жеңілдеді. Ауыл шаруашылығындағы отандық өндірушілер мен ішкі және сыртқы саудаға басқа да қатысушылар мемлекеттік мекемелерге бармай-ақ электрондық ілеспе құжаттарды алуға мүмкіндігі бар», – деп атап өтті ол. Кездесуге қатысқан ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер өздерінің өндірістік процестерін цифрландыруға әлдеқашан кіріскендерін атап өтті. Мысалы, «Атамекен-Агро» компаниясында цифрландыру процесі 2014 жылы іске қосылды. Қазір олар кәсіпорында жерді қашықтықтан зондтаудың және егістіктерге спутниктік мониторинг жүргізудің заманауи жүйесін пайдаланады.

Парламентшілер Ақмола облысын аралау барысында цифрлық технологияларды күнделікті өмірде қолданатын жергілікті құс фабрикасының жұмысымен танысты. Кәсіпорын алаңында жұмыс істейтін орталық диспетчерлік қызмет депутаттарға автопаркті басқаруды оңтайландыру мен бейнебақылау жүйесі және көлікті GPS-қадағалау құрылғысы арқылы шығындарды қысқарту мүмкіндігін пайдаланатынын айтып берді. «Ауыл шаруашылығы өндірісінің өкілдері егіс алқаптарын ұлғайту, суару, мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығын дамыту тұрғысында процестерді цифрландырудың көптеген оң мысалдарын алға тартты.

Шынында да бұл тақырып аса маңызды. Сенаторлар АӨК-ті жақсарту жөніндегі заңнамалық базаны одан әрі дамыту үшін осы ұсыныстарды пайдаланатын болады», – деді сенатор Ольга Булавкина. «Шаңырақ» басқарушы компаниясы« ЖШС Байқаушылар кеңесінің төрағасы, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетіндегі Агроинновация және экология ғылыми-зерттеу институтының директоры, «С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті« КЕАҚ Басқарма төрағасы-ректоры және басқалар баяндама жасап, ұсыныстарын айтты.

Сенаторлар көшпелі кездесуді қорытындылай келіп, осы шара барысында айтылған ұсыныстар мен мәселелер дөңгелек үстел барысында талқыланып, ұсыным түрінде Үкіметке жіберілетінін атап өтті.

Дереккөз: www.inform.kz

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар