Көкшетау қаласындағы Ақан сері атындағы мәдениет колледжінде Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының тапсырысы бойынша түсірілген «Мақтанышым – Қазақстан» және «Бақытты күн» қысқаметражды фильмдерінің тұсаукесер рәсімі болып өтті. Қысқаметражды қос фильмнің идея авторы Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев. Ал, фильмдердің бас продюсері Қазақстан Республикасының «Мәдениет қайраткері», кино және театр актері Жарас Қалдаров.
Жергілікті өнерпаздарды қолдау, өскелең ұрпақты адамгершілік абзал қасиеттерге баулу мақсатында қолға алынған қанатқақты жобаның аясында жарыққа шыққан қос фильмді де көрермен ыстық ілтипатпен жақсы қабылдады. Тұсаукесер кешінде көрермен алдында қос фильмнің продюсері, кино және театр актері Жарас Қалдаров пен Ақан сері атындағы мәдениет колледжінің директоры Құралай Ыдырысова сөз сөйлеп, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевқа, тың жобаны жүзеге асыруға қолдау көрсеткен облыстық ішкі саясат басқармасына, түсірілім тобына, «Көкше-контент» ақпараттық агенттігінің ұжымына алғыс айтып, жылы лебіздерін білдірді.
Ерекше екпін түсіре атап өтетін жәйт, бұл қысқаметражды фильмдерде Дулыға Ақмолда, Сағаділдә Үсіпәлиев, Жалғас Толғанбай сияқты елімізге танымал актерлермен қатар, Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің студенттері де өз өнерлерін ортаға салған. Екі туынды да жастардың өміріндегі өзекті мәселелер көрініс тапқан. Мәселен, «Бақытты күн» деп аталатын фильмде үлкен-кішінің телефонға тәуелділігі, бүгінгі қоғамның боямасыз көріністері, студенттік өмірі бейнеленген болса, «Менің Қазақстаным» атты екінші фильмде шетелде оқу оқып жүрген жастарға ой салар, тағылымды тұстары көп. Көріністердің барлығы Көкшетау мен Бурабайда түсірілген. Шынында да, бұл күнде адамдар сымсыз телефонға көзсіз байланып, бір-бірімен тілдесуден қалған. Бір-бірімізден хал сұраспаймыз, тіпті бір-біріміздің қуанышымызға ортақтасып, ізгі тілек жазуға да жоқпыз. Бәріне уақыт тапшы деген желеумен өзімізді-өзіміз алдаусыратып, бір күнімізге бір күніміз ұқсас өтіп жатыр. Адамдар ауызекі тілдесуден қалып, адами абзал құндылықтарға селкеу түсіп жатқандығы да өтірік емес. Бірақ, оны елейтін жан баласы қайда? ІТ мамандығы бойынша білім алып жүрген, заманауи технологияларды жақсы меңгерген студент Әлиханды да осы ойлар мазалайды. Оқытушының тапсырмасымен бір тың жоба ойластыру иедясына орай, ол өзінің көптен бері жүрген аяулы арманын жүзеге
асырады. Ол «Бақыт вирусын» ойлап тауып, оны кез-келгеннің телефонына жіберу арқылы, уақытша байланысты тоқтатып тұратындай етіп жасайды. Әлеуметтік желіден қол үзіп қалған адамдар, бір-бірімен тілдесіп, шүйіркелесіп, серуендеп, сүреңсіз тірлікке жан біткендей болады. Қазақстанның түкпір-түкпірінде Көкшетаудағы осы бір ғаламат көрініске қызығып, бізде де осындай «Бақытты күн» жарияланса екен деп тілейді. Осы бақыт формуласы арқылы Әлихан өзі ұнататын курстас қыз Сабинамен де тіл табысып, екеуінің арасында сезім оянады. Фильмдегі басты рөлді Әлиханның бейнесін сомдаған Ақан сері атындағы Көкшетау мәдениет колледжінің 4 курс студенті Нұрсұлтан Қомардың айтуынша, болашақ театр актері үшін бұл үлкен өмірлік тәжірибе. – Мәселен, театрда камера болмағандықтан сахнада өзіңді еркін ұстайсың дегендей, ал кино актерлерін сол сәтте камера түсіріп алады. Камера түсіріп тұрғанын біле тұра, қобалжымай ойнау өте қиын екен. Осындай сәтте өзіміз өнерлеріне тәнті болып жүрген аға буынның, өз ісінің білікті мамандардың ақыл-кеңестеріне құлақ асып, рөлімізді барынша жақсы ойнап шығуға тырыстық. Фильмдегі өзім сомдаған кейіпкер менің жан дүниеме, болмысыма мүлдем қарама-қайшы адам. Жалпы меніңше, фильмнің негігі идеясы өте жақсы. Себебі, қазіргі қоғамдағы өзекті мәселені алға тартып отыр, – дейді Нұрсұлтан. Бұл фильмнің режиссері Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Үсібәлі Сағаділдә. Ал, «Менің Қазақстаным» деп аталатын фильм «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дейтін қазақы қағидатқа негізделген. Елден шалғай кеткен соң ауылдың қадірін, даланың иісін ұмытқан ұл-қыздардың бүгінгі кейпі бейнеленген.Америкада оқитын Темірланның қалаға келгенін естіп, ауылдағы атасы хабарласып, «Көрісу» күніне ауылға шақырады. Қалалық достарымен Бурабайдың көрікті жерінде қыдырып жүрген Темірлан қаладағы ойын–сауығын қимаса да, атасының бір ауыз сөзін жерге тастамай достарымен бірге ауылға жол тартады. Алайда, әуелден орысша тәрбиеленген достары Темірланның бұл ойын онша жақтырмайды, дегенмен де Темірланмен жүрген үш–төрт дос бірге ілесіп, ауылға қонақтап барады. Тәрбиесі орысша қыз-жігіттер ата-әженің тағылымын көріп, ауылдың тыныс-тіршілігіне бойлай түскен сайын, туған жерінің қадір қасиетін ұғына түскендей болады. Шағын ғана фильмде ұлттық тәрбиемізде ұмыт болып жатқан салт-дәстүрлер, әдет–ғұрыптар әдемі берілген. Фильмді тамашалай отырып, өз ауылың көз алдыңда көлбеңдегендей, туған ата–әжең есіңе түсіп, балалық шаққа қиял қанатында қанат қаққандай сезімге бөленесің. Осы орайда, фильмдегі көріністерді көрерменіне нанымды етіп көрсете білген актерлердің, сондай-ақ, режиссер Гауһар Мұхамеджанның еңбегін ерекше атап өтсек дейміз.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ, «Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.