М.Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының бөлім меңгерушісі Назира Ташкенованың негізгі мамандығы тарих пәнінің мұғалімі. Сол себепті де ол бала тәрбиесіне, оның тағдырына, қоғамдағы рөліне ерекше мән береді. Әсіресе, оны мүмкіндігі шектеулі балалардың тағдыры алаңдатады.
Кітапханада еңбек еткен жылдары алдымен балалар секторында жұмыс істесе керек. Өзі де табиғатынан балажан, жүрегі мейірімге толы абзал жанның осы бөлімде жұмыс істеуі балалар өміріне, олардың рухани дамуына көп көңіл бөліп, етене араласуына зор септігін тигізіпті. Қазіргі таңда Назира «Шипалы кітап: балаларға арналған мобильді кітапхана» атты тың жобаны қолға алып, жүзеге асыруда. Өткен жылы республикалық «Рухани қазына – 2021» фестивалінде Назираның мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жобасы «Ең үздік инклюзивті жоба» номинациясына ие болды.
Біз таяуда Назирамен жолығып, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған ертегі кітаптарды жарыққа шығару идеясы неден туындады, жалпы жобаның негізгі мақсаты қандай, әңгімемізді осы тақырыпта өрбіттік. – «Шипалы кітап: балаларға арналған мобильді кітапхана» жобасының басты мақсаты мүмкіндігі шектеулі балаларды алғашқы кезеңнен-ақ, ортаға бейімдеуге үйретеді. Олардың қоғамда өзіндік орнын қалыптастыруға мүмкіндік жасайды, – деп бастады әңгімесін Назира. – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім Кеңесінің төртінші отырысында «Отандық кітапханалар өздерінің ағартушылық рөлін жоғалтпай, заманауи талаптарға сай болуы тиіс» деді. Сондай-ақ, Президент 2022 жылдан бастап ұлттық мониторинг жүргізу механизмін – балалардың амандығы индексін әзірлеп, енгізу қажеттігін айтты. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы сол жиында әсіресе, ерекше мұқтаж жандарды қолдау мәселесіне тоқталды. Мемлекет тарапынан мүкіндігі шектеулі жандарға инклюзивті білім беру, кедергісіз орта қалыптастыру, сондай-ақ, қолжетімді инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және жұмыспен қамту мүмкіндігін кеңейтуге баса мән беріп отыр. Бұл өте дұрыс бастама. Шынында да, мұндай жандар мемлекет қолдауына қатты зәру. Меніңше әрбір адамды «Мен осы қоғамға, мемлекетімнің дамуына, айналамдағы жандарға қандай көмек көрсеттім» деген сұрақтар мазалауы керек. Иә, рас қазіргі таңда оқу оқимын, білімімді жетілдіремін деген жас ұрпаққа мүмкіндік көп. Ал, денсаулығында кінәрат бар жандардың өзін-өзі жетілдіруі, қоғамға тез бейімделуі үшін барлық жағдай жасалып жатыр деп айта алмаймыз ғой. Бір ғана мысал, кітапханашы болып жұмыс істей жүріп түйгенім, құлағында кемістігі бар балаларға арналған әдебиеттер жоқтың қасы. Иә, рас еліміздің түкпір-түкпірінде осындай бағыттағы, яғни, құлағында кемістігі бар жандарға арналған арнайы кітапханалар бар. Ондағы әріптестеріммен сөйлесіп, пікір алмасқанда сол кітапханалардағы әдебиеттердің өзі 18 жастан асқан ересек жандарға арналған. Ал, балдырғандарға арналған кітаптар мүлдем жоқ десе де болады. Осы ой мені қатты толғандырды. Содан, балалар ертегілерін сурдоаудармашылардың көмегімен көрнекі етіп, бейнелеп, астына мәтінін теріп, оны сурдоаудармашы түсіндіріп, ыммен айтып отыратындай етіп, жасап шығардым. Алғашқы дискіні өз қаражатыма шығардым. Ондағы ойым, құрғақ сөзден гөрі, негізгі мақсатымды іс жүзінде дәлелдеп бергім келді – дейді Назира.
Кітапханашы қыздың айтуынша, ол осы жобаны қолға алған сәтте психолог мамандармен, дәрігерлермен де сұхбаттасып, пікірлескен. Олар да бұл бастаманы құптаса керек. Себебі, кітап оқу терапиясы адамның жанын сауықтырады, ой өрісін дамытады, қоршаған орта туралы түсінік қалыптастырады, әсіресе балдырған баланың дамуына зор септігін тигізеді. Назира жыл аяғына дейін осындай он кітап шығаруды жоспарлаған. Әзірше алғашқысы ғана жарыққа шыққан. Ол орыстың «Бауырсақ» деп аталатын ертегісін сурдоаудармашылардың көмегімен көрнекі етіп, бейне кітап жасап шығарыпты. Тағы да екі бейне кітап баспаханада.
М.Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы директорының орынбасары Галина Савенкованың айтуынша ағымдағы жылы кітапхана ұжымының ұйымдастыруымен 10 үлкен жоба жүзеге асырылмақшы.
– Биылғы жылы ЮНЕСКО-ның 41-ші Бас конференциясының арнайы қарарымен 2022–2023 жылдарға арналған халықаралық мерейтойлар тізімі қабылданып, оған Қазақстанның ұсынысымен тілтанушы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы мен әнші Роза Бағланованың 100 жылдығы енді. Сонымен қатар, даңқты жерлесіміз, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, авиация генерал-майоры, ұлт мақтанышы Талғат Бегильдиновтың 100 жылдығы, жерлес ақын-жазушылардың да мерейтойлары атап өтіледі. Осы даталарға орайластырылып кітапхана қабырғасында көптеген мәдени іс-шаралар ұйымдастырылатын болады. Жасырары жоқ, соңғы жылдары короновирустық пандемияға орай, кітапханаға келетін оқушылар саны азайған. Себебі, кітапханаға «Ашық» қосымшасы арқылы ғана кіруге рұқсат етілген. Ал, балалар тек қана ата-аналарымен ғана кіре алады. Бұл да болса, жас оқырмандардың кітапханаға келуіне барынша кедергі. Өйткені, ата-аналардың көбі жұмысбасты. Бірақ, кітапхана ұжымы балаларға ыңғайлы болсын деп біршама іс-шараларды онлайн өткізіп жүр. Инстаргамм, Фейсбук әлеуметтік желілерінде 10-15 минуттық арнайы роликтер, челлендждер, танымдық кездесулер ұйымдастырылып отырылады. Ал, «Шипалы кітап» жобасы туралы айтар болсақ, бұл тағылымы мол танымдық жоба. Әрине, мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесі кім-кімді болмасын толғандыратыны анық. Алайда, оларға көмектесу, дертіне шипа табу, біздің қолымыздан келетін дүние емес. Бірақ, қолымнан келмейді деп қол қусырып отыруға болмайды. Біз де қарап жатпай, сол балаларды кітап оқуға баулу үшін қолымыздан келген барлық жағдайды жасап бағудамыз. Назира осы жобаны қолға алған сәттен ұжым болып қолдауға тырыстық. Егерде мүмкіндігі шектеулі баланың оқуға ынтасы ашылатын болса, онда оның өмірге деген көзқарасы өзгеріп, құлшынысы арта түсетіні анық. Алғашқы бейне кітап есту қабілеті нашар балаларға арналған, алдағы уақытта зағип балаларға арналған аудио кітаптар шығару жоспарда бар. Сонымен қатар, облыстық орыс драма театрымен де шығармашылық бірлестікте жұмыс істеуге кірісіп кеттік,– дейді Галина Савенкова.
Атап өтуіміз керек «Шипалы кітап» – ұзақ уақыт емделетін, күрделі диагнозы бар балаларға өте қажет жоба. Әсіресе, Клиникалық балалар ауруханасының гематология, онкогематология, трансплантация және тағы басқа да бөлімшелерінде ем қабылдайтын, орнынан өз еркімен тұрып, қозғала алмайтын балалар үшін пайдалы болар еді. Жалпы, дәрігер мамандардың айтуынша, «кітап терапиясы» ем қабылдап жүрген балалардың өмірге деген құштарлықтарын оятады, сол арқылы емдеу процесі жақсара түседі екен. «Шипалы кітап» жобасын ойлап шығарған кітапханашы Назираның өзімен сөйлесе қалсаңыз, оның әр сөзінен мүмкіндігі шектеулі балалардың өміріне алаң көңілмен қарайтындығын бірден аңғарасыз. «Өмірде кез келген баланың мүмкіндігі шектеулі болмаса екен. Олар да өзін бақытты сезінуге лайықты» дейді ол шынайы қамқорлықпен. Адам абзалы – адамгершілігінде. Осы орайда, тың жобаны қолға алып, жан-жағындағыларға мейірім шуағын төгіп жүрген Назирадай өз ісіне адалдықпен қарайтын жас мамандар қатары көп болса екен дейсің!
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.