Көз қуантарлық іс, бой көтерген құрылыс көп

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Көкшетау қаласындағы №4 орта мектепте салынып жатқан  қосымша ғимаратты, «Тойота Сервис Көкшетау» орталығы мен «Қазақ батыры» жекпе-жек орталығын және Көкшетау жоғарғы техникалық колледжін аралап көріп,  оқу-тәрбие жұмыстарымен танысты.

Облыс бойынша үш ауысымда оқып жатқан мектептер мәселесі дежетеқолға алынып, біраз шаруаның бітіп қалғаны рас. Көкшетау қаласында да жылма-жыл мектептерге қосымша ғимараттар салынып, балалардың қолайлы уақытта оқып, білім алуына кең жол ашылған. Бұл тығырықтан шықпаған екі  мектеп қана қалған-ды. Міне, солардың бірі №4 орта  мектепке жапсарлас сәнді ғимарат бой көтерген. Әкім құрылысы, ішкі өңдеу жұмыстары, тіпті, жабдықтауына дейін жасақталған оқу кабинеттерін аралап көріп, құрылыс учаскесінің бастығы Бейсенбай Абдрахмановқа кейбір кемшіліктерді ретке келтіруді тапсырды. Жалпы, құрылысты қолға алған «АсарСтройСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бөлінген бір миллиард 299 миллион теңге қаражатты игерген. Салтанат және спорт залдарының ішкі әрлеуін жақын күндері аяқтап, келісім-шартта көрсетілген мерзімде жұмыстарын бітірмек. Қазір 50 адам еңбек етуде. Сөйтіп, 1060 оқушысы, 102 мұғалімі бар үш ауысымда бала оқытып жатқан мектептің екі ауысымға көшер күні жақын.

Ал, №17 мектептің бұл қиындығы іргесіндегі «Сары арқа» шағын ауданынан қатарынан 2 мектептің салынуымен шешілмек. Облыс басшысы жұмысты сапалы және уақытылы аяқтауды, қазір де, алда да құрылысқа жергілікті тұрғындарды көбірек тартуды тапсырды.

Көкшетау жоғары техникалық колледжінде өңір басшысына оқу орнының жетекшісі Ақнұр Есләмова заманауи білім беру үрдісіне қол жеткізген, IT технология, ғылым мен техниканың қазіргі жетістіктеріне сүйеніп, компьютерлік оқыту процесін тәжірибемен ұштастырып отырған ұжымның жұмысымен, оқу-тәрбие жүйесімен таныстырды. Расында да, колледж шәкірттері озық үлгідегі алған білімдерін сол бойы жүзеге асырып, тәжірибеде қолданып, өз қолдарымен өнім өндіруде. Компьютер бағдарламасына жүктелген тапсырмаларының орындалғанын көрген оқушылардың сенімдері нығайып, ғылым тұңғиығына қызығушылықтары арта түскен. Олар сәнді жиһаз да, ұшқышсыз ұшу аппараттарын да, ұсақ-түйек шарауалар атқара алатын роботтарды да құрастырып, небір сәндік бұйымдар, ою-өрнекті де өндіріп, шведтіктердің тәсілімен автокөліктердің ақауларын компьютер арқылы көріп, жөндеуді де игерген. Жасап, үйреніп жатқан жұмыстарын айтып жеткізу мүмкін еместей. Оқушылардың арасында халықаралық, республикалық байқауларда жүлде алушылар көп.

– Президентіміздің алға қойған міндеттерінің бірі де осы. Балалар жеңілдік іздеп, тек қана гуманитарлық мамандықтарға ұмтылмауы керек. Осындай техникалық мамандықтарды игеруге де ұмтылғандары жөн. Қазір сіздер дайындап жатқан, жаңа технологиямен темір пісірушілер, компьютермен техника ақауларын жөндеушілер, ғылыми жетістіктермен қаруланған жас мамандар әсіресе, ауыл шаруашылығын дамытуға аса қажет. Сондықтан, шәкірттеріңіздің оқу орнын бітіргеннен кейін жұмысқа орналасуын қадағалаңыздар, – деп тапсырды  Ермек Маржықпаев, колледж басшыларына.

«ТойотаСервисКокшетау» орталығы қалаға Бурабай жақтан кіреберістен орын алған. Екі қатарлы ғимарат құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Кәсіпкерлердің өз идеяларын жүзеге асыруларына ешқандай кедергі жоқ. Орталық шілде айында пайдалануға берілмек. Өңір басшысы мұндай орталықтың тұрғындар үшін қажет екендігін, әкімшілік тарапынан қолдау болатынын айтып, істеріне сәттілік тіледі.

Одан кейін Е.Маржықпаев Т.Сүлейменов көшесі бойындағы «Қазақ батыры» жекпе-жек орталығына барды. ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, балалар мен жасөспірімдер мамандандырылған спорт мектебінің директоры Әлімжан Молдағалиев мұнда  балалардың спорттың тэквон-до, каратэ-до, кекушинкай-кан, самбо, бокс сияқты 7 түрімен тегін айналысуларына жағдай жасалғанын, спортшылардың әлемдік, республикалық жарыстардан жүлделі орындар алып, өңір абыройын асқақтатуға үлес қосып жүргенін жеткізді.

– Ең бастысы, спорт арқылы балалар салауатты өмір салтын ұстануға, тәртіп пен еңбексүйгіштікке баулынады. Біз спортқа үнемі көңіл бөліп, қамқорлық жасай беретін боламыз, – деген Е.Маржықпаев орталықтың барлық залдарын аралап көріп, балғын спортшылармен пікірлесті.

Облыс басшысының қала нысандарын аралаған кезінде онымен Көкшетау қаласының әкімі Байыржан Ғайса бірге болды.

Серік САПАРҰЛЫ,

 «Арқа ажары» газетінің өз тілшісі.

Суретті түсірген Берік Ескенов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар