Көкшетау қаласындағы Краснояр үлгілі кітапханасындақазақ әдебиетінің классигі, қоғам қайраткері, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, Қазақ КСР-3нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері Мұхтар Әуезовтың туғанына 125 жыл толуына орай, заңғар жазушының сүбелі туындысы, әйгілі «Абай жолы» роман- эпопеясының жарыққа шыққанына 80 жыл толуына арналып, «Абайды әлемге танытқан ғасыр перзенті» атты оқырмандар конференциясы ұйымдастырылды.
Шараның мақсаты Өзінің ғажайып таланты, асқан еңбекқорлығы арқасында халқына қалтқысыз қызмет еткен, көркем сөздің шыңына шығып, соңына мәңгі өлмес мұра қалдырған әйгілі жазушының өмірі мен шығармашылығы жайлы мағлұмат беру, оқырман жүрегінен орын алған шығармаларын дәріптеу болып табылады.
Ұлы суреткер Мұхтар Омарханұлы Әуезов – кемел ойдың кеніші, кенен сөздің өрісі. Қазақ әдебиетінің барлық жанрына қалам тартып, бәрін игеріп, сол арқылы тіліміздің шұрайын, еліміздің шырайын танытқан қарымды қаламгер, дарынды ғалым. Ұлы жазушының туғанына биыл 125 жыл толып отыр. Дүниеге қазақ перзенті болып келіп, адамзат перзенті болып аттанған Мұхтар Әуезов тағдыры талай ақиқатқа қапысыз көз жеткізетін тағылым мектебі.
Жазушының қаламынан туған «Абай жолы» роман-эпопеясы қазақ халқын, оның ұлттық дәстүрін барлық қырынан энциклопедиялық деңгейде жан-жақты ашып көрсеткен, әлемнің ХХ ғасырдағы ең үздік шығармаларының бірі әрі әрбір оқырманның жүрегінің төрінен орын алып келе жатқан туынды. «Абай жолы» – қазақтың көркем прозасын классикалық деңгейіне көтеріп, дүниежүзі әдебиетіне көркемдік қуат әкелген үздік туынды. Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясы «ХХ ғасырдағы ең үздік шығармалардың бірі» француз жазушысы әрі ақыны Луи Арагоннан жоғары баға алды. Сондай-ақ бұл роман-эпопея қазақ халқын, қала берді, бүкіл түркі әлемін дүние жүзіне танытқан ұлы шығарма ретінде де танылды.
Жазушының осындай теңіздей терең, тағылымы мол шығармалары тағы бір көпшілік игілігіне айналған бойлаған шараға Краснояр ауылының №1, №2 орта мектептерінің, №3 көпсалалы мектеп-гимназиясының мұғалімдері, шәкірттері, кітапхана оқырмандары қатысты.
Конференциясы барысында «Абай жолын оқығанда»,«Абайдың рухани ізгіліктері», «Маған ұнаған кейіпкер»,«Тұлға жайлы естеліктер» тақырыптарында баяндамалар жасалып, өзара пікір алмасылды, ой бөлісілді. №3 көпсалалы мектеп-гимназиясының директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары СандуғашСамұратова, №2 орта мектептің ұстазы СәулеЕскендірова Мұхтар Әуезовтің өмірі мен шығармашылығы жайлы кеңінен мағлұмат берді. Кітапхананың тұрақты оқырмандары өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, романды оқығандағы әсерлерімен бөлісті.
«Біз үшін Абай қандай болса, Мұхаң да сондай даналық мектебі. Ол мектептен дәріс алу – әр қазақтың абыройлы борышы» деген екенДінмұхамед Қонаев атамыз кезінде. Ендеше, Абай мен Мұхтар мұрасы дарияның қос ағысындай, заманмен бірге тебіреніп, мәңгілікпен үндесе білудің айқын өнегесі.
Келер ғасырда да кемелдене беретiн кемеңгер Мұхтар Әуезовтың шығармалары тек сiз бен бiздiң ғана емес, әлi дүниеге келмеген жаңа ұрпақтардың да сарқылмас игiлiгi, өлшеусiз рухани байлығы болып қала бермекші.
Гүлжанар Бодаубай,
Көкшетау қаласындағы
Краснояр үлгілі
кітапханасының меңгерушісі.