Ақмола облысының әкімі, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының төрағасы Ермек Маржықпаевтың төрағалығыменонлайн форматта болып өткен филиалдың Саяси кеңесінің отырысында партияның кезектен тыс ХХІ съезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алға қойған міндеттерінің орындалу барысы қаралды және кезектен тыс өтетін ХХІІ съезге қатысатын делегаттар сайланды.
Ағымдағы жылдың 1 наурызында «Nur Otan» партиясының кезектен тыс XXII съезі өтеді. Осыған орай,кеше партияның Ақмола облыстық филиалы Саяси кеңесінің отырысын өткізді. Кеңеске ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мәди Елубаев, облыстық мәслихаттың хатшысы Мұрат Балпанқатысты.Күн тәртібіне сәйкес «Nur Otan» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов баяндама жасап, Мемлекет басшысы, партия төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Nur Otan» партиясының ХХІ съезінде берген тапсырмаларына сай партияның аймақтық және аумақтық филиалдарында атқарылған жұмыстарды баяндады.
–Партия төрағасының қоғамдық кеңестердің жеке құрамын қоса алғанда, ағымдағы жоспарларын түбегейлі жаңарту, басқа партиялармен және қоғамдық бірлестіктермен ынтымақтастықты жолға қою жөніндегі тапсырмасы орындалды. Соның нәтижесінде 168 қоғамдық кеңестің құрамы жаңартылды. Депутаттық фракциялардың жұмысын жаңғырту аясында өңірлік және аумақтық депутаттық фракциялардың жұмыс нысандары мен әдістеріне өзгерістер енгізілді. Бұл – көшпелі отырыстар, халық алдында атқарылған жұмыстар туралы мерзімді есептер, Жол карталарының іс-шараларын басым бюджеттік қаржыландыруға бастамашылық ету, –деді Ғалым Мәдешұлы.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәжілістегі партиялық фракцияны қайта жүктеуді жүзеге асыру қажеттігі туралы тапсырмасы бойынша барлық деңгейдегі фракциялардың жұмысы басталғаны белгілі. Бүгінде Қазақстан Республикасы Парламентінің бір топ Мәжіліс депутаттары онкүндік жұмыс бағдарламасымен облыс аумағындағы елдімекендерде болып, жергілікті тұрғындармен кездесулер өткізіп, олардың түрлі мәселелерін тыңдап, шешу жолдарын қарастыруда.
Ұйымның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасарының айтуынша, өңірдің 275 бастауыш партия ұйымдарының төрағаларына талдау жүргізіліпті. Ақпанның 18-24 аралығында 22 бастауыш партия ұйымының төрағаларын қайта сайлау бойынша жиналыстар өткізілген. Соның нәтижесінде партияның облыстық филиалы жанындағы Саяси Кеңестің барлық дерлік мүшесі ірі бастауыш партия ұйымдарына бекітілді. Жалпы, партия Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары мен сьезд шешімдерін орындау жұмыстары жалғасуда.
Партияның облыстық филиалы жанындағы қоғамдық кеңестердің мемлекеттік емес ұйымдармен, басқа қоғамдық бірлестіктермен тығыз байланысы жөнінде облыстық мәслихаттың депутаты, партия мүшесі Айнагүл Балташева жан-жақты айтып берді. Тағы бірқатар партияластар партия төрағасының тапсырмалары аясында атқарылған жұмыстары жайлы баяндама жасады.
Бұдан соң ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мәди Елубаев сөз сөйлеп, өңірдегі сапарлары кезінде атқарған жұмыстарын баяндап, халықтың кейбір мәселелерін шешу үшін заңда ескерілмеген жағдайларды орталық атқарушы органдармен бірлесіп, қарастыруға кірісетінін алға тартты.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша саяси кеңес отырысына қатысушылар партияның кезектен тыс ХХІІ съезіне қатысатын делегаттар сайланды. Сөйтіп, Ақмола облысынан саяси маңызы зор жиынға 28 делегат онлайн түрде қатысатын болады.
Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.