Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына биыл 33 толды. Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу мақсатында осы датаға орайластырып, «Ерлік мектебі» орталығын ашты.
Ауғанстан жерінде болған соғыс – Кеңес Одағы тұсындағы тарихтың ең қайғылы беттерінің бірі. Он жыл бойы кеңестік сарбаздар Ауған жерінде жауынгерлік міндеттерін атқарып, соғыс даласында от кешті. Қазақ жерінен Ауғанстанға аттанғандардың 924-і шайқаста ерлікпен қаза тапса, 21-і хабар-ошарсыз кетіпті.
–Бүгін біз үшін өте маңызды күн. Ауған жерінде болған сұрапыл бізге ауыр тиді. Көптеген жас жауынгерлер қаза тапты. Біздің ендігі міндетіміз – сол жауынгерлердің ерлігін бүгінгі ұрпаққа жеткізу. Ежелден ауыз әдебиетінің батырларының ерлігі мен күш-қайратын оқып өскен біздер рухты, туған жерге жанашыр болып қалыптастық емес пе?! Сол сияқты біздің жастарымыз да осындай ерлердің батырлығы мен Отан алдындағы парыздарына адалдығын біліп, қалыптасуы керек. Осы бағытта университет ұжымы көптеген жұмыс атқарып, ерен ерлікті насихаттау бойынша түрлі іс-шаралар ұйымдастыруда, – деді әңгіме барысында университет ректоры Сағынтай Елубаев.
Қанша жыл өтсе де, тарихқа «мақсатсыз майдан» деген атпен енген ауған соғысы адамзат санасында бүгінгі күндей сақталған. Ауғанның отты жылдары талай жігіттерді шынықтырды. Сол аға буынның ендігі көздегені – өскелең ұрпақтың ержүрек, батыл азамат болып өсуіне үлес қосу.
–Ауған жеріне Ақмола облысынан 1113 адам аттанды. Оның 61-і соғыс даласында ерлікпен қаза тапты. 3 адам із-түзсіз жоғалып кетті. Қазіргі уақытта облыста Ауған соғысының 768 ардагері бар, – дей келе, Ауған соғысы ардагерлері қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дуанбай Ыбырай сол бір сұрапыл жылдардағы отты кезеңдерді еске алып, опат болған серіктерінің ерлігі туралы айтып берді.
Ардагерлерге деген ілтипат әр кез назардан тыс қалмайды. Бейбіт дәуір құру жолында тер төккен майдангерлердің ерлігі, қашанда ел есінде.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.