Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте Ақмола облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Ербол Оспанов журналистерге өңір кәсіпкерлерін қолдау Картасы жобаларының жүзеге асырылуы жөнінде айтып берді.
Индустриалдық-инновациялық мемлекеттік бағдарламаға сәйкес кәсіпкерлікті қолдау Картасы кәсіпорындардың өңдеу өнеркәсібінде жүзеге асырып жатқан индустриалдық-инновациялық жобаларын жүйелеу мен сараптаудың кілті болып табылады.
Ақмола облысындағы кәсіпкерлікті қолдау картасы инвестиция ауқымы 790,1 миллиард теңгені құрайтын, 15,6 мың жаңа, тұрақты жұмыс орындарын ашатын 149 жобадан тұрады. Оның ішінде республикалық Индустриаландыру картасына енген 118,1 миллиард теңгелік 2 жоба бар. Олар «СП «СКЗ Казатомпром» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен «RG Processing» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің еншісінде. Ал, кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі өңірлік картаға 672 миллиард теңгелік 147 жоба енген. Бұл ретте, жобалар санының көптігі жөнінен Көкшетау, Степногорск қалалары және Целиноград ауданы алда. Керісінше, Бурабай, Ерейментау, Жақсы, Жарқайың, Қорғалжын, Сандықтау, Егіндікөл, Есіл аудандарында бұл бағдарламаға қатысу қарқыны төмен.
2021 жылы картаның 88,6 миллиард теңгелік 9 жобасы пайдалануға беріліп, 564 жаңа жұмыс орны ашылды. Ол Степногорск қаласындағы «Ақсу Технолоджи» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, Аршалы ауданындағы «Ақ-Дала Агро», Көкшетау қаласындағы «ENKI», Ерейментаудағы «Golden Energy», Көкшетау қаласындағы «Вичи» және «Gorp Kazrost Engineering», Зеренді ауданындағы «Зеренді Сақтау Өнімдері», Целиноград ауданындағы «Асыл тағамдар» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, Қосшы қаласындағы «Сивка-Бурка» коммуналдық шаруашылығында ашылып отыр.
2022 жылы кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында 1,9 мың жұмыс орны ашылатын, 144,8 миллиард теңгелік 10 жобаны іске қосу жоспарланған. Оның ішінде ірілері Бурабай ауданындағы жылына 5 миллион тонна руда өңделетін алтын өндіру фабрикасы, Макинскідегі жылына 25 мың тонна өнім беретін құс фабрикасы, жылына 120 миллион дана кірпіш шығара алатын Аршалы кірпіш заводы.
Одан әрі Ербол Оспанов журналистерге индустриалдық-инновациялық картаға енгізуге ұсынылған жобалар мен олардың жұмыс бағыттарын таныстырды. Қай серіктестіктің өнім өндіруіне не бөгет болып тұрғанын атап айтты. Жалпы, осы жоба енгізілген 2010 жылдан бері Ақмола облысында бұрын өндірілмеген темірбетон тұрбалар, подшипниктер, кешенді биотыңайтқыштар, алкогольсіз сусындар, биг-бэг түріндегі қаптар, цемент, ауыл шаруашылығы және коммуналдық техникалардың түрлері, пластмассадан жасалған тұрбалар, тез дайындалатын жармалар, малға арналған вакциналар, тағы басқа жаңа дүниелер өндіру жолға қойылған.
Сөзінің соңында басқарма басшысы «Өнеркәсіп саясаты туралы» заңның күшіне енгендігіне тоқталды. Осы заң талабына сәйкес 2022 жылдан Индустриаландыру картасы бір орталықтандырылмақ, Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жаңа ереже дайындау үстінде екенін айтты. Ол талаптар мемлекеттік индустриалдық-инновациялық картаның тиімділігін арттыра түспекші.
Серік Сапарұлы,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.