Сапалы білім сенімді болашаққа бастайды

XXI ғасырдың басында қазақ елінің одан әрі қарыштап дамуы үшін жаңа серпілістер қажет болды. Қай салада болмасын өзгеше бағыт, тың бастама жаңаміндеттерді жүктеді.

Қарқынды әлеуметтік-экономикалық даму үрдісі техникалық, басқарушылық және көшбасшылық құзыреті жоғары деңгейдегі мамандарға деген сұранысты арттырды. Бұл жағдайды ескерген Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2008 жылы Зияткерлік мектебін құру жөніндегі бастаманы қолға алды.

Талантты оқушыларды бір арнаға тоғыстырып, халықаралық талаптарға сай білім беру мақсатында Назарбаев зияткерлік мектептері еліміздің әр аймағында 2009 жылдан бастап ашылды. Бүгінде олар «Тұңғыш Президенттің 20 зияткерлік мектебі» жобасы аясында физика-математика бағытында терең білім беруде.

Еске салып өтсек, 2011 жылдың 19 қаңтарында инновациялық білім беру бағдарламалары мен ғылыми жобаларды іске асыру үшін «Назарбаев Университеті», «Назарбаев Зияткерлік мектептері» және «Назарбаев қоры» мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Бұл мәртебе ордалы мектепке білім беретін оқу бағдарламаларын дербес бекітуге, қабылдау емтихандарына қойылатын талаптарды белгілеуге, үлгерімділікті бақылауға, аралық және қорытынды аттестациялауға құқық берді. Сонымен қатар, мұндай академиялық еркіндік жаңа бағдарламаларды әзірлеу мен байқаудан өткізуді жеделдетуге, орта білім беру жүйесін жаңғыртуға да мүмкіндік берді.

Физика-математика бағытын тереңдетіп оқытатын зияткерлік мектеп бүгінде инфоматика менгуманитарлы бағыттағы пәндерге де ден қойған. Дарынды оқушыларға жан-жақты білім беру үшін Назарбаев Зияткерлік мектептері озық технологиясымен қатар, білікті білім деңгейімен ерекшеленеді.

2012 жылдың 10 тамызында елдің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақмола облысына жасаған жұмыс сапары барысында Көкшетау қаласында орналасқан зияткерлік мектепке келді. Педагогикалық ұжыммен бірге оқушылардың ата-аналарымен де кездесті. Дарынды оқушылардың зияткерлік әлеуетін, шығармашылық қабілетін ашуда мектептің қосқан сүбелі үлесі зор екендігінің куәсі атанды.

Облыс орталығында орналасқан Назарбаев зияткерлік мектебінің ұстаздары2013 жылдан бері NIS-бағдарламасы аясында тілдерді оқыту әдістемесін қолданып келеді. Олар сабақты жүргізу барасында оқушылардың тілді үйренуге деген құмарлығы оянғанын, өзге мәдениетті сыйлау қасиетінің қалыптасқанын байқаған.

Зияткерлік мектебінің тағы бір ерекше тұсы – оқушылардың бойында тұлғалық әрі шығармашылық қабілеттерді шыңдай түсу үшін қосымша семинарлар мен конференциялар ұйымдастырылып, аптаның әр бейсенбісінде ғылыми жұмыстары жарияланады.

2017 жылдың маусым айынан бастап зияткерлік білім ордалары халықаралық мектептердің кеңесі арқылы аккредитациядан өтіп келеді. Бұлотандық оқушылардың басқа да халықаралық мектептерде білім алып жатқан балалармен ынтымақтастық орнатуға, онлайн форматта конференциялар мен пікір-таластар ұйымдастыруға мүмкіндік берді.

Көкшетау қаласында орналасқан Назарбаев зияткерлік мектебінен күні бүгінге дейін  799 түлек түлеп ұшқан. Солардың арасында  жоғары оқу орындарына түспей қалған ешкім жоқ. Көбі үкіметтік және жоғары оқу ордаларының гранттарына, сондай-ақ, шетелдегі қоғамдық қорлар мен Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінен бөлінген бюджеттік орындарға ие болды.  Бүгінде бұл талантты жастар Назарбаев университетінде, Қазақстан-Британ техникалық университетінде, Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтында, Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде, Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті мен басқа да отандық жоғары оқу орындарында өз біліктіліктерін арттыруда. Шетелде білім алып жатқан түлектер де жоқ емес. Мәселен, бір қатар студенттер Ұлыбритания, Канада, Гонконг, Қытай, Оңтүстік Корея, Сингапур, Кипр, Испания, Италия, Швейцария, Венгрия, Польша, Болгария, Эстония, Литва, Ресей, Беларусия сынды елдерде оқып, білім алуда.

Енді, осындай елдердің бетке ұстар жоғары оқу орындарында білім алып, бүгінде елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестерін қосып жатқан Назарбаев зияткерлік мектебінің түлектері жайында да аз кем сөз етсек.

Көкшетау қаласындағы зияткерлік мектептің 2012 жылғы түлегі Сұлтан Шашкеновтің бүгінгі жетістігі шаш-етектен.  Сұлтан4 тілді жетік меңгерген білікті маман иесі. Оның қатарластарынан қалмай, белсенді, жан-жақты болып өсуіне ата-анасының қосқан үлесі зор. Қарапайым қызметте болған әке-шешесіСұлтанның тәрбиесіне де, оқуына да көп көңіл бөлген екен. Бұл ретте, ол ата-анасының да, Назарбаев Зияткерлік мектебі ұстаздарының да үмітін ақтағанына сенімді екенін жеткізді.

–Мен оқушы кезімнен-ақ өте белсенді болатынмын. Сабақтан тыс уақытта пәндік олимпиадаларға қатысып, ғылыми жобалар жазумен айналыстым. Математика, физика пәндерін тереңдетіп оқыдым және ағылшын тілін жетік меңгеруге көп көңіл бөлдім. Назарбаев Зияткерлік мектебінде оқу маған жаңа мүмкіндіктер берді. Мәселен, 9-сыныпты аяқтаған кезде мектеп атынан Сингапурға барып, білім беру жүйесінде заманауи технологияларды қолдану бойынша курстарға қатыстым. Аталмыш курс менің өзіме деген сенімімді арттырып, алға ұмтылуыма септігін тигізді. Нәтижесінде ғылыми жобалар бойынша Республикалық олимпиаданың жеңімпазы атандым,–деп зияткерлік мектептің түлегі өз ризашылығын білдірді.

Сұлтан Қытай еліндегі білім грантына ие болып, «Халықаралық экономика және сауда» мамандығы бойынша біліктілігін арттыра бастаған. Кейін қытай тілін үздік меңгергені үшін Ланчьжоу университетіне ауыстырылып, осы бір ең үздік жоғары оқу орындарының бірін үздік тәмамдапты.Қазіргі таңда, Сұлтан «Казцинк» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жұмыс істеп, Қарағанды облысындағы Жайрем тау-кен және өңдеу комбинатының құрылысының жұмысында белсенділік көрсетіп келеді.

Облыс орталығындағы Назарбаев зияткерлік мектебін 2015 жылы бітірген Мәдина Қалиева Гонконк еліндегі ең үздік университеттердің бірінде өз білімінтереңдеткен. Зияткерлік мектебінен алған білімінің арқасында ол шетелдік жоғары оқу орнын үздік тәмамдапты.  Оның үстіне Гонконг елінде оқып жүріп, ең үздік студент те атанған. Ол жайында Гонконг еліндегі бұқаралық ақпарат құралдарыхабарлаған екен. Осындай жетістіктерінің арқасында Мәдинаға Англиядағы Кембридж университетінде, сонымен қатар, Канададағы Альберт университетінде білімін жалғастыруға мүмкіндік берілген.

–Осылайша Назарбаев зияткерлік мектебінен алған білімімнің арқасында мен әлемді шарлап, біліктілігімді тереңдете түстім. Достарым да көбейді. Қазіргі таңда Гонконг елінде көшбастап келе жатқан ең ірі компаниялардың бірінде қаржы саласы бойынша жұмыс істеп жатырмын. Өз тәжірибемді жинақтау үшін барлық беріліп жатқан мүмкіндіктерді пайдаланудамын. Олардың тәжірибелерін игерудемін. Мен өз Отанымды сүйемін. Оның бүгінгі жетістіктерін көріп мақтан тұтып жүрмін. Елімнің халықаралық беделін нығайту, экономикалық қабілетін күшейту, адамдарының өмір сүру сапасын арттыру үшін өз күшімді, білімімді сарп етуге дайынмын,–деп Мәдина өз сөзін аяқтады.

2015 жылы Көкшетаудағы зияткерлік мектебін тәмамдаған тағы бір түлекАқсұңқар Қажмұрат. Моңғолия елінде, көпбалалы отбасында туып-өскен оған Қазақстанға көшіп келу несібесі бұйырған.  Назарбаев зияткерлік мектебін «Алтын белгіге» бітірген Ақсұңқар Оңтүстік Кореядағы Пусан мемлекеттік университетіне жолдама алып, «Механикалық инженерия. Ғаламдық зерттеулер» мамандағын меңгерген екен.

–Әлемдегі ең үздік жоғары оқу орынына түсу мен үшін ғанибет. Себебі, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өз сөздерінде елімізге  инженерлер керек деп айтқан болатын. Осыны ұғынып, механикалық инженерия саласын игеруді көздедім. Бұдан басқа, мені Корея елінің тілі мен мәдениеті қызықтырды. Сәті түсіп, мүмкіндіктерді жүзеге асыруға жағдай жасаған Назарбаев зияткерлік мектебіне, оның ұстаздарына алғыс айтқым келеді, – деді өзегі ризашылыққа толы Ақсұңқар Қажмұрат.

«Ұстазы жақсының, ұстамы жақсы» демекші, Назарбаев зияткерлік мектебі түлектерінің тілектері де бір екен. Сонымен қатар, жастарға сапалы білім беретін республикамыздағы 20 зияткерлік мектебі– Елбасының көрегендігінің нәтижесідеп біледі олар.

Міне, кешегі дарынды түлектер, бүгінгі білікті мамандар өскелең ұрпаққа сапалы білім мен өнегелі тәрбие аса қажет екенін айтып, тілге тиек етті. Осы қасиеттерді әр оқушының бойына сіңіру үшін  Назарбаев зияткерлік мектебініңбүгінгі жетістіктері осымен тоқтап қалмасына сенімді. Ал, біз зияткерлік мектебінің халықаралық дәрежедегі беделін бұдан әрі де көтермелей беретін, елдің дамуына сүбелі үлесін қоса білетін  осындай түлектеріміз жайындатағы да естіріміз сөзсіз.

Айгүл БЕКЕТҚЫЗЫ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар