Өңірлік коммуникациялар орталығының алаңында өткен брифингте Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы, полковник Н.Атығаев көктемгі су тасқынының алдын алуға байланысты қалыптасқан жағдай туралы айтып, баспасөз құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.
Бұл департамент өкілдері бұған дейін де өз дайындықтары, биылғы қыстың ерекшеліктері, қар суының алдын алу үшін бөлінген қаражат, осы орайда, атқарылған істер туралы бірнеше мәрте брифинг өткізген еді. Өйткені, барлық ақпарат, жүргізілген жұмыстар бір күнде сынға түседі. Күн күрт жылып, қызыл су ағындай ақса, қорғаныстың қай тұсынан кемшіліктің көрініп қалары белгісіз. Сондықтан да, төтенше жағдайлар қызметінің мамандары салынған дамбалар тығыздығын, ұзындығы мен енін, суағар тұрбалар тамағында қар кептеліп, мұз қатып тұрмауын қайта-қайта қадағалайды. Осыған байланысты журналистерде де сұрақ көп болады.
Бүгін де Нұрлан Бауыржанұлы өткен жаздан бері жүргізілген жоспарлы жұмыстарды, қар түсімін, оны шығару жайын, бұл істе жергілікті әкімшіліктер, басқа ұйымдардың белсенділігін тағы бір атап өтті. Расында да, осал тұстың бәрі бекітілген, басқасын айтпағанда, департаменттің өзінен 445 адам іс үстінде, 84 дана техника, 12 дана су үстінде жүзу қондырғылары, 94 су сорып-айдағыштар дайын тұр. 3-4 наурыз аралағында өткен республикалық «Көктем-2022» командалық-штабтық сынақ жаттығуы барысында өңірдің тасқын суға дайындығы тағы бір тексерілген.Қазір барлық қауіпті жерлерде бақылау бекеттері жағдайды жіті қадағалауда.
–Көкшетау қаласының вокзал төңірегіндегі Қылшақты өзені үстіндегі, тағы басқа жерлердегі қамыс шабылып, шығарылды, – деп жауап берді Нұрлан Бауыржанұлы өзіне қойылған алғашқы сұраққа. – Ол маңайдағы тұрғын үйлер мен мектептерге биыл қауіп болмауға тиіс.
– Н.Назарбаев даңғылы бойындағы, Қопа көлінің жағасындағы жаңадан салынған құрылысқа, жағажайға су шығып, ол жердегі демалыс және ойын алаңдарына зиян келмеуі қарастырылды. Ондай жағдай, Қылшақты өзенімен мөлшерден көп артық су келгенде, көл мұзы бұзылмаған күнде орын алуы мүмкін. Сондықтан, егер ондай жағдай туындаса, біз көл мұзын жарып, оның артық суының одан арғы өзендерге ағып кетуі үшін тосқауылсыз жол ашамыз, – деді келесі сұрақ бойынша.
Ауа райын қадағалаушылар наурыз айының соңғы он күндігінде қар мен қар аралас жаңбыр мөлшерден көп түсуі мүмкін деген болжам айтуда. Бұл күннің жылынуымен тұспа-тұс келуі де ықтимал. Сөз соңында департамент басшысы табиғаттың ол сынағына мекеменің дайын екендігін айтты. Ал, жалпы қар суының қарқынына облыс тынымсыз дайындалған. Ол дайындықтың деңгейін алдағы уақыт көрсетеді.
Серік Сапарұлы,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.