Атбасар өңірінің Қазақстан тарихында алатын орны ерекше. Олай дейтініміз, бүгінгі таңда бұл өңірде тарихи-мәдени жәдігерлердің 150-ден аса ескерткіші белгілі. Осы өңірден 50-ден астам тарихи тұлғалар шыққанын білеміз.
Соңғы ханымыз Кенесары Қасымұлының колонизаторларға қарсы күресі осы Атбасар жерінде ерекше мәнге ие, себебі жергілікті халық Кенесарыға қолдау көрсеткені тарихтан мәлім. Кенесары сарбаздарының 1834 жылы Ақмола бекінісін қаталдықпен өртеуіне басқыншылардың осы өңірдің халқын аяусыз қырғынға ұшыратуы себеп болғаны анық. 1837 жылғы мұрағат құжаттарына сәйкес Кенесарының шақыруымен Арғынның Қозған руы көтерісшілерге қосылды. Оларды екі би – Асат би Атымбекұлы мен Қарабай Түкейұлы бастады.
Қарайбай Түкейұлы Арғынның Қозған руынан шыққан батыр әрі би, жоңғарлармен соғыста көзге түскен әйгілі қолбасшы Тоқтас батырдың ұрпағы. Тоқтас батыр туралы көптеген жылдар бойы Қазақтың Абай атындағы педагогика институтында ұстаздық еткен, бүгінде зейнеткер Алтайбаева Шолпан апамыз атақты ғалым Манаш Қозыбаевтан естіген бір деректі айтты. 1834 жылы орыстың «Конек-Горбунок» деген ертегісін жазған Петр Ершов деген жазушы патшалық шенеуніктер тарапынан қудалауға түсіп, еңбектері цензураға ұшырайды. Оған себеп, П.Ершовтың Тоқтас батырдың әскері Кереку жерінде қанішер Ермактың жендеттерін талқандап, Сібірге қашыруы туралы тарихи туындысы. Тарихи шындықты жазамын деп, жазған туындылары цензураға, өзі тәркілеуге түседі. Осы еңбекті Ресейдің мұрағаттарынан табу – келешек ұрпақтың парызы.
Қарабай Түкейұлының өмірбаянын осы Атбасар өңірін жете зерттеген өлкетанушылардың бірі Клара Әмірова. Тарих ғылымдарының докторы Х.Н.Бекхожиннің ұлт-азаттық көтерілісі туралы 1940 жылғы монографиясында Қарабай батырдың Кенесары ханның жасауылы екендігі айтылған. (Ш.Оразалы. «Простор» газеті, №41, 2018 жыл) Б.Насеновтың «Кенесары – Дала маршалы» кітабында, Қарабай батыр туралы 8 құжат көрсетілген. Мәшһүр Жүсіп Көпеевтың шығармаларында да батыр туралы мәліметтер бар.
Қаз ССР Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі, ғылым қайраткері Е.Исмаилов та бұл тақырыпты көп зерттеген. «В момент его вторжения в Киргизию под его славным стягом находились батыры Ағыбай, Шәкір, Жауке, Текебай, Бұғыбай, Көбек, Бөріш, Базар, Танаш, Жанайдар, Нұрабай, Қарабай, Қарабас и другие», деп жазады Ж.Қасымбаев «Война с киргизами» кітабында.
Осы орайда, қырғыз жерінде Кенесары ханның өлімі туралы ауыздан-ауызға жеткен бір аңыз, әлде ақиқат әңгіме еске түседі. Бір топ қырғыздар Кенесарыны найзамен түйреп, жоғары көтереді де, «ал енді өліміңді қарсы ал» дейді. Сонда Кенесары «Мен өлсем де, сендерден найза бойы биік тұрып, өлемін» деген екен. Ханның жүрегін жарған кезде, денеден бөлек біраз уақыт соғып жатқан, қап-қара қыл болған дейді. Батырлары шейіт болып, кейбіреуі тұтқынға түседі. Сол тұтқыннан мыңбасы Қозған Шабан батыр мен Қыпшақ Ермек батырдың зынданнан қалай қашып шығып, елдеріне жеткені туралы Клара Әмірованың кітабында айтылған.
1849 жылы Атбасар болысында Бәкшентай мыс жәрмеңкесі ашылғаннан бастап, ол үш жыл сайын мамыр, маусым айларында өтіп отырған. (Ш.Оразалы. «Простор» газеті, 2.11.2018) 1852 жылы орыс көпесі Ушаков Қарабайдан кен орынын 20 жылға жалға алған. Бұл мыс жәрмеңкесін қазақ жеріндегі ең алғашқы тауар биржасы деуге болар. Қарабайдың немересі Ыбырай Шоқыбайұлы Қазан университетін бітіріп келіп, 1880 жылдары Атбасарда орыс-қазақ училищесін ашқан. Осы мақсатқа Бәкшентай мыс жәрмеңкесінен түскен қаражатты пайдаланған және елден жылу да жинаған. Осы училищеде Атбасар өңірінің тарихи тұлғалары Тұрғанбек Байұлы, Жеңіл өнеркәсіп халық комиссары Хасен Қошамбаев, ҚазАССР орталық сайлау комитетінің хатшысы Оразбек Мұхамедов, ағарту саласында көп еңбек еткен Зейнолла Төреғожин, Халел Нұрмұхамедов, Қорғамбек Нұрымов, тағы басқалары оқыды. Кейінен бұл азаматтар 1938 жылдардағы репрессияның құрбаны болды, Қазір Ленин көшесіндегі ол училище үйінің орнында қалалық гастроном ғимараты орналасқан. Кенесары көтерілісінен соң Қарабай Атбасар жерінде болыс болған, ал тұқымдары Атбасар уезіндегі ауқатты, білімді, көздері ашық, беделді кісілер болған.
1877 жылы Қойсары Қарабайұлы да болыс басқарушы болған. Қойсарыдан тараған Толқынбай, Еркінбек, Мұса, Сәдуақас бұл ұрпақтары Қарсақпайда мыс зауытын салуға ат салысқан. 1877 жылдан 1930 жылға дейін Қарабай немерелері Жарқын Боқыұлы, Жақып Шоқыбайұлы, Жарқын Тектекұлы, Мұхамед Боқыұлы, Жамбай Сәркеұлы, Татығұл Нарбайұлы Атбасар жерінде болыс болып, ел басқарған.
Клара Әмірова апамыз 1990 жылы Ақмола қаласынан шыққан «Ауылым – Атамекенім» атты кітабының 42 бетінде былай деп жазады:
«Қарашекпенділердің бір тобы Есіл өзенінің ең шұрайлы деген жерін жайлап отырған Қарабай ауылдарының зираты тұрған жерін таңдайды. Ата-бабаның қасиетті орны – әруақтардың мүрдесі жерленген жерден, өздеріне үй тұрғыза бастайды. Қарабай батырдың ұрпақтарының қарсылығын елең қылмайды. Ашу-ызаға булыққан азаматтар, түнде салт атпен келіп, салынып жатқан үйлердің қабырғаларын құлатып кете беріпті. Кейін селоны салушылардың үлкендері ұрпақтарына естелік, өсиет ретінде осыны айтып отырады екен. Селоның атын «Қасиетті Сергейдің құрметіне «Сергеевка» деп атап кеткен. Бертін келе Қарабай батырдың зираты селоның ортасында қалған. Аталмыш кітаптың 49-бетінде Клара Әмірова апамыз былай деп атап өтеді: «Осылайша қоныстанушылар кейін өз ұрпақтарына өткенді еске алып, тәрбие бергенде «Қазақтар бізге қала салғызбаған, үйімізді құлата берген, естеріңде болсын» деген өсиетін бүгінгі күнге дейін ұмытпай жеткізуде. Ал, Қарабай бабаның зираты мен ұрпақтарының қабірі табандарының астында жатқанын айтатын ұрпақ кезігіп қалса, олар «Ұлтшыл көшпенділер» болып шыға келеді».
Сергеевка ауылының бұрынғы аты Қарабай ауылы болғанына, бұдан артық қандай дәлел керек?! «Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» демекші, кейбір Монғолиядан келген қандастар бұл ауылды Киікбай батыр ауылы деп атағысы келеді екен. Олардың уәжі сол ауылдың маңында Керей Киікбай батыр жерленген деген сөз. Осы уақытқа дейін бұл жердегі зиратта Бағаналы Найманның Төбет атасынан тарайтын Садырбай ұлы Киікбай жерленген деген ұғым қалыптасқан, оған негіз де жоқ емес. Барлық дерек көздерде Киікбай ауылы деген атау жоқ, Киікбай адыры, жотасы, бейіті деген атаулар бар, бірақ, олар Атбасардан бірсыпыра шақырым жерде деп көрсетілген.
Атбасар өңірін, аруағын риза болғыр, Әмірова Клара апамыздан артық ешкім зерттеген жоқ шығар. Тағы да осы кісіге жүгінуге тура келеді. Аталмыш кітаптың 9 бетінде «Есіл бойының ауылдары да үнемі өз тыныштығымен өмір кешпегенін байқататын белгілер де кездеседі. Оған дәлел, осы төңіректе Атбасар қаласының батысына қарай жиырма шақырым жерде Киікбай батыр зираты тұр, зират орналасқан адыр да «Киікбай» деп аталып кеткен. Ел аузындағы дерекке қарағанда, елі мен жерін жоңғарлардан қорғауға шыққан батыр, бір шайқаста осы жерде қаза болады. Ел ес жиғаннан кейін, арттағы ұрпақтары қабір басына осы зиратты орнатқан. Зират айналасында белгісіз бірсыпыра қабірлер де бар. Жоңғар шапқыншылығымен айқас 1740-1741 жылдарда өткендігі Қаз ССР тарихынан белгілі. (История КазССР т.3.Карта «Казахстан» в ХVIII вв). Көріп отырғанымыздай, Клара апамыз Киікбайдың қай рудан екенін көрсетпеген. Бүгінгі таңда бұл зиратты Моңғолиялық қандастар «Байқараұлы Киікбай 1693-1741жж», Керейдің Шеруші руының батыры деп көрсетіп жүр. Осы орайда, тағы да жоғарыдағы авторға жүгінеміз
«..Қазақ ауылдарының тіршілігі де үндесіп әрқайсысының өзінің көш жолы болғаны белгілі. Негізінде ру-ру болып, әулет болып топтасып өмір сүрген. Бұл Алексеев болысы – XIX ғасырда Ресей патшасы Алексейдің құрметіне аталған. Ауылдары Атбасардың батысынан бастап бірсыпыра жерге орналасқан. Бұл ауылдардың тұрғындары Қарақозған, Сарықозған, Қыпшақ, Қарауыл, Тобықты, Шубыртпалы, Жабай руларынанан құрылған…
Атбасар ауылын жайлап, үстемділік жүргізушілер тобы Жырық –Найман ішіндегі Бағаналылар болатын. Олардың бетке ұстары Ерден, Дузен, Байғұлы Сандыбаевтар еді. Бұлар көп оқымағанымен байлығы өте күшті болған…» — деп жазады өз кітабында К.Әмірова.
Иә, оған дәлел, 1862 жылы Атбасар округінің аға сұлтандығына сайлауда Ерден Сандыбайұлының Шоқан Уәлихановтан басым түсуі. 1864 жылы Атбасар аға сұлтандығына Жадай ұлы Көшек сұлтан, Алтай руынан шыққан хорунжий Аққошқар Кішкентайұлы, биі болып Байғұлы Сандыбайұлы (Ерден Сандыбайұлының інісі) сайлауға түсіпті. Кезінде аға сұлтан болған Найман Бағаналы Жырық Төбеттен тарайтын Ерден Сандыбайұлы мен оның інісі Дүзеңге Атбасарға іргелес жатқан Ұлытауда ұрпақтары үлкен кесене тұрғызып, ас берді. Жақында Атбасар ауданы Калиновка ауылының тұрғыны 1938 жылы туған Қалменбаев Хасен атамызбен сұхбаттас болдық. 17 бала, 40 немере, 13 шөбере көріп отырған, совхозда зоотехник, бөлімше басқарушысы болып істеген атамыз былай деп әңгімесін бастады.
–Қарағым, мына Қарабай ауылының жанындағы қырқада менім бабам Садырбайұлы Киікбай батыр жерленген. Осы Атбасар жерінде жаугершілікте оқ тиіп, жараланып қайтыс болған. Ұлытауға сауын айтып, кісілер келіп арулап, жерлеп, ас беріп, басына белгі қойған. Кейінгі кезде Керей Киікбай зираты деген сөздер шығып жүр. Оған менім таласым жоқ, айта берсін, қазақта би көп, бай көп, батыр көп, бірақ, менім бабам Бағаналы Найманның Төбет атасынан тарайтын Садырбайұлы Киікбайдың осы адырда жатқанына күмәнім жоқ. Оған осы Атбасар өңірінің көнекөз қариялары, Меккеге екі рет жаяу барып келген тоқсан бес жастағы Сейітқазы қажы куә. Мен ес білгелі бұл төбеде қариялар Найманның Киікбай батыры жатыр деп айтатын. Бұл деректі Клара Әмірқызы да айтып кеткен. 2021 жылы қарашада Сәтбаев қаласында Ерден Сандыбайұлы, Дүзен Сандыбайұлы, Киікбай Садырбайұлына арнап ас берілді. Бүкіл Қазақстанан мыңнан арта қонақ келді. Ағайынды Арықпан мен Киікбай, Садырбай, Қуат, Төбет, Байдаулет, Жырық (Темірші батыр), Бағаналы, Найман деп Хасен ақсақал шежірені де тарқатып берді.
«Сонда қалай болғаны, Бағаналы Киікбай қайда қалды, жоқ, «Есіктен кіріп, төр менікі деуі ме бұл?» деп бір тоқтады. Қай Киікбай болса да, қазақтың бостандық жолында шаһид болған боздағы екені даусыз. Тек әркім өз атасын дәріптеп, көрпені өзіне тартқанына қынжыласың, Клара Әмірованың мәліметіндегі Киікбай батырдың зиратының жанындағы белгісіз қабірлердің көп болуына қарағанда, мұнда үлкен шайқас болғанға ұқсайды. Жаумен шайқасып жатқанда сарбаздар арғынсың ба, наймансың ба, керейсің ба, қыпшақсың ба деп ойламаған болар. Оларда бір-ақ ой болғанына шүбә келтірмейміз. Бәрінің де жалғыз арманы-қазағымның, жерінің амандығы болды. Екінші Киікбай бабамыз да осындағы белгісіз бейіттің бірі болуы мүмкін.
Не жазсақ та, не айтсақ та тарихи фактілерге, дереккөздерге сүйену керек. Ресейдің, Қытайдың мұрағаттарының мұрты бұзылмай жатыр деп естиміз. Соларды қопарайық, соларды зерттеп, қазаққа танытайық, ортаға салайық, сонда пайдалы іс істейміз. Аруақтарды сыйлаған, құрметтеген дұрыс. «Өлі риза болмай, тірі байымайды. Бірақ, тарихқа қиянат жүрмейді».
Біз де пікірімізді жоғарыда аталған кітаптағы Клара Әмірова апамыздын сөзімен аяқтағымыз келеді. «…Мәңгүрттіке айналған ұрпақ, шалажансар тіл, апатқа ұшыраған табиғат, атамекен шежіресі, жоғалған жер атауы, тағы тағылар қалайша жанды күйзелтпейді. Әр болыс, әр ауылдың тарихы өз зерттеушісі табылса бір-бір том болары сөзсіз. Елмізде белгісіз де, келешексіз де ауылдар болмауы керек. Олар біздің сола жаздаған терең тамырларымыз…»
Бақытжан ЫСҚАҚОВ.
Алматы қаласы.