«Наурыз шапағаты» 

Осындай тақырыппен Ақмола облыстық тарихи өлкетану музейінде Наурыз мерекесіне орай, «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесінің ұйымдастыруымен облыстық дәстүрлі әншілер байқауы өтті.

Байқауға 15-20 жас аралығындағы оннан астам өнерпаз қатысып, бақ сынасты. Республикалық ән байқауларының жеңімпаздары Төлеген Аманов пен Шыңғыс Сәрсенбай, Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының өкілі Дамир Ергибаев байқауға төрелік етті.

Байқау шартына сәйкес әр қатысушы бір халық әнін және халық композиторларының бір әнін нақышына келтіріп орындауы тиіс болды. Қуаныштысы сол, өз өнерін ортаға салған өнерпаздардың барлығы бабында екен. Бірінен бірі асады. Қазылар алқасы сол себепті бұл байқауда бағы мен бабы келіскен шын жүйрікті анықтау оңайға соқпағанын айтып, таңданысын жасырмады.

Қазылар алқасының шешімімен Біржан сал атындағы Көкшетау музыкалық колледждің студенттері Ақниет Серғазина бірінші орынды, Айғаным Оразбай жүлделі екінші орынды иеленді, ал, Степногорск қаласынан келген Дидар Қабиденов есімді 15 жасар өнерпаз біраз үміткерден басым түсіп, үшінші орынды қанжығаға байлады. Ақмола облыстық «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесінің басшысы Ерлан Мұхамедияров байқау жеңімпазына 90 мың, екінші орын иеленген өнерпазға 70 мың, үшінші орын алған жас әншіге 50 мың теңгелік тауарлық сертификат табыс етті.

Іс-шара соңында қатысушылар Ақмола облыстық тарихи өлкетану музейін аралап, сан ғасырдан сыр шертетін жәдігерлермен танысты.

       «Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар